Евразия24ЖаңалықтарМәжіліс бірінші оқылымда банктер туралы заң жобасын мақұлдады: цифрлық активтер айналымын реттеу...

Мәжіліс бірінші оқылымда банктер туралы заң жобасын мақұлдады: цифрлық активтер айналымын реттеу енгізіледі

|

|

Астана. 5 қараша. – Қазақстан парламентінің Мәжілісі сәрсенбі күні өткен пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова атап өткендей, заң жобасының негізгі мақсаты – республиканың банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Заңда банк жүйесінің қызмет етуінің құқықтық негіздерін айқындау, банк қызметіне реттеу, бақылау және қадағалау жүргізу, салымшылардың, өзге кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ банк қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және халықтың қаржылық сауаттылығы мен банк қызметтеріне қолжетімділігін арттыру міндеттері көзделген.

Бәсекелестікті дамыту және нарықтағы шоғырлануды төмендету мақсатында банк лицензияларын екі түрге бөлу ұсынылады: базалық және әмбебап. Базалық лицензиясы бар банктер үшін рұқсат етілетін операциялар көлемі шектеледі және активтердің ең жоғарғы мөлшері мен ең төменгі капиталға қойылатын талаптар төмен болады. Бұл ретте активтер көлемі 500 млрд теңгеден аспауға тиіс, ал ең төменгі меншікті капитал 10 млрд теңгеден кем болмауы керек.

Заң жобасының маңызды жаңалықтарының бірі – Қазақстан аумағында цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат беру және оларды реттеу тетіктерін енгізу. Үш түрлі цифрлық қаржы активі айқындалды: базалық активі ақша болып табылатын стейблкоиндер, базалық активі қаржы құралдары, тауар, мүлік немесе мүліктік құқықтар болып табылатын цифрлық активтер, сондай-ақ цифрлық платформаларда электрондық түрде шығарылатын қаржы құралдары. Стейблкоиндерге қатысты талаптар мен айналым шарттарын Ұлттық банк айқындайды, ал басқа цифрлық активтерді реттеу Агенттік құзыретіне беріледі. Цифрлық активтерді шығару цифрлық платформалар операторлары арқылы жүзеге асырылады, олардың қызметін де Ұлттық банк лицензиялайды. Сонымен қатар, криптовалюталарды айырбастау ұйымдарын құру және олардың қызметін лицензиялау қарастырылған.

Заң жобасында банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компаниялар құруға рұқсат беру ұсынылған. Әмбебап банктерге жеке ислам банкін құрмай-ақ, исламдық банктік өнімдерді ұсынуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ банк, сақтандыру және микрокаржы қызметтері бойынша бірыңғай қаржы омбудсмені институтын құру көзделеді.

Банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау мақсатында банк пен реттеуші тарапынан дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын дайындау міндеттеледі. Банк төлем қабілетсіздігіне ұшыраған жағдайда оның өміршеңдігін бағалау және реттеу тәртібі белгіленеді. Жүйелік маңызы жоқ банктер үшін инвесторға сату, активтер мен міндеттемелерді тұрақтандыру банкіне беру немесе міндеттемелерді капиталға конвертациялау сияқты құралдар қарастырылған.

Сонымен қатар, Мәжіліс осы мәселелерді іске асыруға байланысты «Қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары Сенаттың қарауына жіберілді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

АҚШ пен Еуропа Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстан кейінгі кезеңге арналған жоспарларды талқылап жатыр

The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлағандай, соңғы уақытта АҚШ әкімшілігі бейбіт бастамалармен қатар еуропалық әріптестеріне Украинада соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары мен Ресейдің жаһандық экономикаға қайта қосылу мүмкіндіктері жөнінде бірнеше ұсыныс жасаған.

Мұнай бағасы тұрақталды: Brent барреліне $62,15 деңгейінде саудалануда

Бейсенбі күнгі сауда барысында мұнай бағасы тұрақты күйінде қалды. Нарық қатысушылары Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу жөніндегі жаңалықтарды, сондай-ақ Венесуэла төңірегіндегі жағдайды бағалап отыр.

NASA Марс орбитасындағы Maven аппаратымен байланысын жоғалтты

NASA агенттігі Марс орбитасында он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған Maven ғарыш аппаратымен байланыс үзілгенін хабарлады.

Литваның премьер-министрі Беларусь аумағында қалған жүк көліктеріне байланысты тасымалдаушыларға өтемақы төлеу мүмкіндігін жоққа шығарды

Литва премьер-министрі Инга Ругинене тасымалдаушылар тарапынан жасалып жатқан наразылықтар аясында Беларусь аумағында арнайы тұрақтарда ұсталып тұрған жүк көліктеріне байланысты компанияларға өтемақы беру мәселесі қаралмайтынын мәлімдеді.