Евразия24Басты бетҚымбатшылықтың көрінбейтін салмағы

Қымбатшылықтың көрінбейтін салмағы

|

|

Дүкенге кіргенде бұрын 10 мың теңгеге толтырып шығатын сөмкеңіз қазір неге жартылай ғана толады? Бұрын ұсақ көрінген бірнеше жүз теңгелік айырмашылық бүгін отбасы бюджетінің ең үлкен мәселесіне айналып барады. Нан қымбаттайды, еттің бағасы өседі, киім алу қиындайды. Ал ай соңында жалақы түскен күні қуаныштан бұрын есеп басталады: азық-түлікке қанша, жолға қанша, балаға қанша, несиеге қанша, коммуналдық төлемге қанша қалады?Қымбатшылықтың ең ауыр салмағы да — осында.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы тамызда жылдық инфляция 9,8 пайыз болды. Азық-түлік бағасы бір жылда 9,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,4 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға өскен.

Ең алдымен бұл асүйдегі дастарқаннан көрінеді. Тамызда ет пен құс бағасы бір жылда 12,9 пайызға, шұжық және ет өнімдері 14,3 пайызға, нан және нан өнімдері 9,5 пайызға қымбаттаған. Киім 10,2 пайызға, аяқ киім 10,8 пайызға өскен. Бензин бағасының жылдық өсімі 12,8 пайыз болды. Бұл сандардың әрқайсысының артында қарапайым адамның таңдауы тұр: етті аз алу, сапалы киімді кейінге қалдыру, баланың аяқ киімін жөндеп кигізу, жол шығынын қайта есептеу. Бағаның өскенін коммуналдық түбіртектен де байқауға болады.

Жарық, су, жылу, газ, қоқыс шығару, лифт, үйді күтіп ұстау сияқты төлемдердің әрқайсысы жеке қарағанда аса үлкен сома болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ бәрін қосқанда отбасы бюджетінің елеулі бөлігін алады. Ұлттық статистика бюросының тамыздағы дерегінде тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа түрлері бір жылда 6,3 пайызға өскені көрсетілген. Газды тарату желілері арқылы жеткізу бағасы 20 пайызға артқан, электр энергиясы 4 пайызға қымбаттаған. Ал тұрғын үйді жалға алу бағасының жылдық өсімі 17,1 пайызға жеткен. Коммуналдық қызметтердің қымбаттауы басқа бағаларға да жанама әсер етуі мүмкін. Кәсіпкер үшін электр, жылу, су, жалдау ақысы және логистика шығыны артса, өнімнің өзіндік құны көтеріледі. Оның бір бөлігі ақырында тұтынушы төлейтін бағаға қосылуы ықтимал. Яғни бір түбіртектегі тарифтің өсуі басқа тауарлар мен қызметтердің бағасына да әсер ететін тізбектің бір бөлігіне айналады.

Алдағы уақытта азық-түлік, коммуналдық қызметтер және бірінші кезектегі тауарлар бағасына қатысты қазақстандықтарды не күтіп тұр? – деген сұраққа  экономист Бауыржан Шурманов былай деп жауап берді:

«Қазақстандықтар алдағы уақытта отбасы бюджетіне түсетін қысымның сақталуына дайын болғаны жөн. Оның үстіне негізгі баға өсімі біртіндеп қызмет көрсету саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қарай ойыса береді. 2026 жылдың II тоқсанындағы соңғы статистика бұл үрдісті айқын көрсетіп отыр: ақылы қызметтерге жұмсалатын шығын 28,9 пайызға, ал несиеге қызмет көрсетуге кететін қаражат 29,4 пайызға жуық өскен. Осы кезеңде азық-түлікке жұмсалатын шығын да 10,8 пайызға артқан.

Бұл жерде статистикаға қатысты бір маңызды жайтты түсіндіру қажет. Қағаз жүзінде азық-түліктің жалпы шығындардағы үлесі 52,5 пайыздан 50,5 пайызға дейін төмендеген. Алайда азаматтар мұны қалтаға түскен жеңілдік ретінде сезінген жоқ. Себебі 2026 жылдан бастап статистикалық есеп жүргізу халықаралық КИПЦ-2018 жіктеу жүйесіне көшті. Соның нәтижесінде кафе, асхана және фастфудқа жұмсалатын шығындар «азық-түлік» санатынан алынып, «ақылы қызметтер» бөліміне енгізілді.

Сондықтан азық-түліктің статистикадағы үлесі формалды түрде азайғанымен, іс жүзінде жағдай өзгере қойған жоқ. Мәселен, Жетісу, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында тұрғындар әлі де отбасы бюджетінің 57-60 пайызын тамақтануға жұмсайды.

Алдағы уақытта коммуналдық қызмет тарифтері инфрақұрылымды жаңғырту аясында жоспарлы түрде түзетіле береді. Бұл өз кезегінде бірінші кезектегі азық-түлік емес тауарлардың өзіндік құны мен логистикалық шығындардың өсуіне әсер етуі мүмкін. Күзгі кезеңде маусымдық көкөністер бағасының уақытша баяулауы байқалуы ықтимал. Дегенмен азық-түлік инфляциясының негізгі қарқыны тұрақты болып қала береді.

Жағдайды жұбататын болжамдарға негіз бар ма, әлде бағаның әрі қарай өсуіне дайындалу керек пе?

Жағдайды тым оптимистік бағалауға негіз аз. Қазақстандықтар бағаның әрі қарай өсуіне дайын болғаны дұрыс. Мұндағы басты алаңдататын белгі – халық шығынының өсімі (+15,2 пайыз) номиналды табыстың өсу қарқынынан (+14 пайыз) асып түсуі.

Бұл нені білдіреді? Жалақы мен кіріс көлемі сырттай өскенімен, азаматтардың нақты сатып алу қабілеті төмендеп барады. Ал қолдағы бос қаражаттың едәуір бөлігін несиелік жүктеменің артуы мен негізгі қызмет түрлерінің қымбаттауы «жеп» қояды.

Қазақстан нарығында бағаның төмендеуге емес, негізінен жоғарылауға бейімділігін білдіретін «храповик әсері» деп аталатын құбылыс та анық байқалады. Яғни баға көтерілгеннен кейін оны қайта төмендету оңай емес. Теңге уақытша нығайған күннің өзінде бизнес бағаны бірден түсіруге асықпайды. Кәсіпкерлер мұны валюта бағамы негізгі фактор емес деген уәжбен түсіндіреді және бұрынғы шығындардың орнын толтыруға тырысады.

Ал доллардың қайтадан 500-540 теңге деңгейіне жақындау ықтималдығы байқалса, кәсіпкерлер тәуекелден сақтану үшін бағаны алдын ала көтеруге кіріседі. Мұндай жағдайда валюта бағамының болашақтағы өзгерісі де тауардың соңғы бағасына қосымша үстеме ретінде енгізіледі.

Реттеушінің қатаң ақша-несие саясаты қымбаттау қарқынын тежеуі мүмкін. Алайда ол бұл үрдісті түбегейлі кері бұруға қауқарлы емес.

Қазақстанның өзінде өсіріліп, өндірілетін азық-түлік өнімдері неге қымбаттай береді?

Бұл – ашық аграрлық экономикаға тән негізгі парадокстардың бірі. Өнім өз жерімізде өндірілгенімен, оның өзіндік құнын қалыптастыратын көптеген құрамдас бөлік сыртқы нарық пен валюта бағамына тәуелді.

Қазақстандық фермер импорттық ауыл шаруашылығы техникасын, қосалқы бөлшектерді, тұқым қорын, өсімдіктерді қорғау құралдарын, қаптама материалдарын және жемдік қоспаларды пайдаланады. Бұған қоса ішкі нарықтағы негізгі шығындар да аз емес. Жанар-жағармай бағасының өсуі, электр энергиясы мен су тарифтерінің қымбаттауы өнімнің әр килограмының өзіндік құнына егістік пен ферма кезеңінен бастап-ақ қосылады.

Бұдан бөлек, логистиканың қымбаттауы мен заманауи сақтау қоймаларының жетіспеуі де бағаға айтарлықтай әсер етеді. Өнім өндірушіден супермаркет сөресіне жеткенше бірнеше делдалдың қолынан өтіп, әр кезеңде қосымша үстеме қосылады. Нәтижесінде бастапқы баға бірнеше есе өсуі мүмкін.

Тағы бір маңызды фактор – экспорттық паритет. Егер сыртқы нарықта шикізат немесе азық-түлік бағасы өссе, отандық өндіруші де ішкі нарықтағы бағаны экспорттық деңгейге жақындатуға мүдделі болады. Өйткені өнімді ішкі нарықта әлдеқайда арзан сатудың экономикалық тұрғыдан тиімділігі төмендейді.

Осының бәріне жоғары несие мөлшерлемелерін және жұмысшылардың жалақысын тұрақты индексациялау қажеттілігін қоссақ, отандық өнімнің өзіндік құнының неге үздіксіз өсіп отырғаны түсінікті болады. Демек, азық-түлік бағасына әсер ететін фактор тек дүкен сөресіндегі соңғы баға емес. Оның артында валюта бағамы, жанар-жағармай, электр энергиясы, су, несие, логистика, сақтау инфрақұрылымы және еңбек ақысы сияқты тұтас экономикалық тізбек тұр».

Сондықтан қымбатшылықты тек «дүкендегі баға» деп қарау жеткіліксіз. Оның бір жағы – күнделікті тұтыну, екінші жағы – міндетті төлемдер, үшіншісі – болашаққа жинақ. Азық-түлік пен коммуналдық шығын көбейген сайын жинаққа қалатын ақша азаяды.

Инфляцияның 9,8 пайызға дейін төмендеуі маңызды көрсеткіш. Бірақ инфляцияның төмендеуі – бағалардың бұрынғы деңгейіне қайтуы емес. Баға тек баяуырақ өсіп жатыр деген сөз. Бүгін 1000 теңге тұрған тауар инфляция төмендеген кезде автоматты түрде 900 теңге болып кетпейді.

Сондықтан қарапайым халық үшін негізгі мәселе «баға қашан тоқтайды?» деген сұрақпен шектелмейді. «Табысымыз қымбатшылықтың қарқынына қашан ілесе алады?» деген сұрақ әлдеқайда маңызды.

Қымбатшылықтың шынайы бейнесі – статистикадағы пайыз емес. Ол базардан қайтарда азайған азық-түлік сөмкесі. Баланың кейінге қалған киімі. Толтырылмай тұрған жинақ шоты. Ай соңына жетпей есептелетін жалақы. Және есік алдындағы пошта жәшігіне түскен коммуналдық түбіртек.

Баға өскен сайын адамның таңдауы азая береді. Сондықтан инфляциямен күрестің нәтижесі тек көрсеткіштің төмендеуімен емес, отбасының ай соңында қанша ақша қалдыра алатынымен де өлшенуі керек.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тайвань Қытай әскерінің қозғалысын жедел анықтайтын жасанды интеллект жүйесіне тапсырыс берді

Тайвань билігі спутниктен түсірілген суреттерді жасанды интеллект көмегімен талдап, Қытай Халық азаттық армиясы (ҚХАА) күштерінің орналасуындағы өзгерістерді жедел анықтайтын жүйені сатып алуға келісімшарт жасасты. Бұл туралы сенбі күні South China Morning Post басылымы хабарлады.

Тунисте президент саясаты мен экономикалық жағдайға қарсы наразылық шерулері өтіп жатыр

Сенбі күні Тунисте президент Каис Саидтың саясатына қарсы мыңдаған адам наразылық шеруіне шықты. Бұл туралы Батыс ақпарат құралдары хабарлады.

Трамп әзірге Ресейден энергия ресурстарын сатып алатын елдерге баж салығын енгізбеуге шешім қабылдады

АҚШ президенті Дональд Трамп биыл күзде өзі қол қойған «Грэм заңында» көзделген бірқатар ауқымды санкцияны әзірге қолданбау туралы шешімін Конгреске хабарлады. Бұл туралы сенбіге қараған түні Ақ үй мәлімдеді.

Осы аптада Ормуз бұғазы маңында сауда кемелеріне кемінде 12 рет шабуыл жасалды

Осы аптада Ормуз бұғазы мен оған жақын теңіз аймақтарында сауда кемелеріне кемінде 12 рет шабуыл жасалған. Бұл туралы Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) хабарлады.