Мәскеу. 29 тамыз. ИНТЕРФАКС – Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 626 адамға жетті, тағы 2,4 мың адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы сенбі күні Ресейдің Непалдағы елшілігі хабарлады.
«Непал билігі жаңартқан мәлімет бойынша, су тасқынынан қаза тапқаны расталғандар саны 626 адамға жетті, 2,4 мың адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Ресей азаматтарына қатысты әзірге жаңа ақпарат жоқ», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Непалдың туризм басқармасы жоғалғандар арасында Ресейден келген жеті турист бар екенін хабарлаған.
Елшілік табиғи апат болған аумақта болуы мүмкін және әлі күнге дейін байланысқа шықпаған Ресей азаматтарының туыстарынан оларды іздестіру жөнінде дипломатиялық өкілдікке ресми өтініш жолдауды сұрады.
«Себебі жоғалғандар тізіміндегі бір азаматқа қатысты мұндай өтініш түскен жоқ. Тағы екі адам туралы мәліметті өздерін олардың достары, әріптестері немесе жай таныстары ретінде таныстырған адамдар берген», – деп түсіндірді дипломаттар.
Непалдың туризм басқармасының мәліметінше, 28 тамыз кешіндегі жағдай бойынша 121 шетелдік турист құтқарылған. Олардың 85-і – Үндістан, 16-сы – Қытай, 9-ы – Оңтүстік Корея азаматы. Ресей, АҚШ және Италиядан екі адамнан, ал Бельгия, Болгария, Португалия, Испания және Швейцариядан бір адамнан құтқарылған.
Жалпы тізімде 36 елден келген 743 саяхатшы бар. Оның 622-сінің қайда екені әзірге белгісіз.
26 тамызда Непалдың солтүстігі мен Қытаймен шекаралас аумақтарда жойқын су тасқыны болды. Табиғи апаттан әсіресе Расува ауданы қатты зардап шекті.




