Астана. 25 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті бүгін өткен пленарлық отырыста Мәжіліс бұрын қабылдаған «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Қазақстан аумағындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ЮНЕСКО қамқорлығындағы 2-санаттағы орталық ретіндегі мәртебесін қалпына келтіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Осылайша, заң Парламенттің екі палатасында да қабылданған болып есептеледі және Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің қорытындысына сәйкес, заңның негізгі мақсаты – 2025 жылғы 19 маусымда Астанада жасалған тиісті келісімді ратификациялау болып табылады.
Қорытындыда атап өтілгендей, аталған келісім тау мұздықтарын, қар мен мәңгі тоңды зерттеу саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында олардың өңірдің су ресурстарына ықпалын бағалауға бағытталған.
Келісім Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін сегіз жыл мерзімге қайта жаңғыртуды, орталықтың гляциология және Орталық Азияның су ресурстары саласындағы ғылыми-зерттеу, білім беру және үйлестіру қызметін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ басқарушы кеңес құру, оның құрамына Қазақстан Республикасы Үкіметінің, ЮНЕСКО-ның және өңір мемлекеттерінің өкілдерін енгізу, халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірлескен жобалар, семинарлар мен оқыту бағдарламаларын іске асыру, ғылыми деректермен ашық алмасуды қамтамасыз ету және мұздықтарды мониторингтеу мен сақтау саласындағы заманауи технологияларды ілгерілету қарастырылған.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан орталықтың қызметін қамтамасыз ету үшін жыл сайын кемінде 414 млн теңге көлемінде қаржыландыруды, сондай-ақ ғимараттар, жабдықтар және әкімшілік қолдауды ұсынатын болады.
Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы өңірлік гляциологиялық орталықты құру туралы келісім 2012 жылғы мамырда Астанада жасалған. Қазақстан бұл келісімді 2017 жылы ратификациялап, 2020 жылы өңірлік орталық ресми түрде құрылған. 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келісімнің қолданылу мерзімін ұзартуды тапсырған болатын, аталған мерзім сол жылы аяқталған еді.




