Астана. 3 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан 2026–2028 жылдар аралығында геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 240 млрд теңге инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында мәлімдеді.
«2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағын геологиялық және геофизикалық зерттеу көлемі 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026–2028 жылдары геологиялық барлау саласына тек мемлекеттік қаражат есебінен шамамен 240 млрд теңге бағытталады. Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас», – делінген мақалада.
Үкімет басшысы минералдық-шикізат базасын кеңейту белсенді геологиялық барлау арқылы жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, бұл бағытты экономиканы ұзақ мерзімді дамыту стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі деп атады.
«Соңғы жылдары мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдарының болжамды қоры бар ондаған перспективалы учаске анықталды. Бұл бағытқа шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Барлық шешімдер ұлттық мүдделерді ескере отырып қабылданады», – деді Олжас Бектенов.
3 наурыздағы ресми бағам – 1 АҚШ доллары үшін 502,6 теңге.




