Астана. 18 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста «Конституциялық сот шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Заң, атап айтқанда, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген адамдар үшін кәсіпкерлікпен және өзге де ақылы қызметпен айналысуға қойылған жалпы тыйымды алып тастауды көздейді.
Сонымен бірге қолданыстағы нормативтік құқықтық актілермен белгіленген шектеулер бірқатар санаттағы тұлғалар үшін сақталады. Олар – кәсіби тұрақты негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым өкілдері, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басқарушы құрамындағы тұлғалар.
Заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген адамдар үшін кәсіпкерлік қызметке тыйым салынатын нақты жағдайлар да айқындалған. Атап айтқанда, егер мұндай қызмет лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтірсе, қызметтік мүлікті пайдаланумен байланысты болса немесе мүдделер қақтығысына әкелсе, кәсіпкерлікпен айналысуға жол берілмейді.
Биыл ақпан айында заң жобасы Мәжілісте қаралған кезде депутат Снежана Имашева Конституциялық соттың нормативтік қаулысында тәртіптік теріс қылық үшін жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметшінің өмір бойы мемлекеттік қызметке қайта оралуына тыйым салатын норма Конституцияға сәйкес келмейді деп танылғанын хабарлаған болатын.
Осыған байланысты заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, тәртіптік теріс қылық үшін жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеу мерзімі екі жылды құрайды. Бұл мерзім өткеннен кейін олар мемлекеттік қызметке қайта үміткер бола алады.
Имашеваның айтуынша, Конституциялық соттың тағы бір нормативтік қаулысы кәсіби жарамсыз деп танылған судьяның өтінішіне қатысты қабылданған. Қаулыға сәйкес, мұндай судья сот жүйесінде ғана жұмыс істей алмайды, алайда өзге салаларда, оның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығын сақтайды.
Осыған байланысты заңнамалық түзетулер судьялық өкілеттігі кәсіби жарамсыздық негізінде тоқтатылған тұлғаларға ешқандай уақытша шектеусіз, бірден мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін беруді көздейді.
Сонымен қатар құжатта мемлекеттік қызметтен босатылған тұлғаларға қатысты шектеу мерзімдері нақтыланған:
– бір жыл – заңда белгіленген шектеулерді немесе қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін;
– екі жыл – тәртіптік теріс қылық үшін;
– үш жыл – әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін;
– бес жыл – онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар жасағаны үшін.
Заңмен бірге «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға да өзгерістер енгізіледі. Түзетулер заңсыз алынған активтерді қайтару жөнінде қабылданған шаралар, олардың нәтижелері, қайтарылған активтердің азаматтар мен мемлекет мүддесіне пайдаланылуы, сондай-ақ активтерді заңсыз иемденуге және әкетуге жол берген себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған жүйелі шаралар туралы ақпаратты жариялау міндетін енгізеді.
Бұдан бөлек, ұлттық экономикаға инвестиция салуды, әлеуметтік-мәдени нысандар салуды немесе елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзге де үлес қосуды көздейтін келісімдердің мазмұны заңнамалық тұрғыда белгіленеді.




