Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Парламенті құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы заңды қабылдады

Қазақстан Парламенті құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы заңды қабылдады

|

|

Астана. 18 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

Құжаттың мақсаты – құқықбұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ оларды туындататын себептер мен жағдайларды жою. Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы заңның негізгі бағыттарын таныстырған болатын.

Оның айтуынша, бұған дейін қолданыста болған бес заңның нормалары бір құжатқа біріктірілді. Атап айтқанда, «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, балалардың қараусыз қалуы мен панасыздығын болдырмау туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау туралы» және «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» заңдар біртұтас жүйеге біріктірілді.

«Алдын алу шаралары барлық деңгейде жүзеге асырылуы тиіс. Әкімдерге өңірлердегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін ортақ жауапкершілік жүктеледі, мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде алдын алу жұмысын жүргізеді, мәслихаттар есептерді тыңдау арқылы бақылау жасайды. Жергілікті қауымдастықтардың рөлі күшейтіледі. Алдын алу субъектілерінің тізімі кеңейіп, олардың идеологиялық, түсіндіру, тәрбиелік жұмыс, бейімдеу мен оңалту, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу салаларындағы өкілеттіктері нақты айқындалады», – деп атап өткен еді министр.

Заңмен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәртебесі де күшейтіледі. Енді комиссияның құрамы мен өкілеттіктерін Президент бекітеді, ал оның қызметіне баға ұлттық баяндамада беріледі.

Сенат сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша ілеспе өзгерістерді және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді де мақұлдады.

Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім кию үшін (никаб) әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Алғаш рет құқықбұзушылық жасаған жағдайда ескерту беріледі, ал қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. (Қазақстанда 1 АЕК – 3932 теңге).

Сонымен қатар заңнамаға құқыққа қайшы контентті орналастыру және тарату үшін де жауапкершілік белгіленеді.

Қабылданған құжаттар Мемлекет басшысының қол қоюға жолданады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

ICE агенттері Италиядағы Олимпиада қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатыспайды

АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік полициясының (ICE) қызметкерлері Италияда өтетін алдағы қысқы Олимпиада ойындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатыспайды.

Ақ үй Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірледі

АҚШ әкімшілігі Ресейге қатысты жаңа санкциялар пакетін дайындауды аяқтаған, бірақ оларды күшіне енгізу жөнінде әзірге нақты нұсқаулар берілмеген.

Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Пәкістан Қазақстан үшін Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес, екі елдің көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге толық мүмкіндігі бар.

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік 50,8 пунктке дейін жақсарды

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік оң аймаққа қайта шығып, 50,8 пунктті құрады. Бұл туралы елдің Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.