Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Парламенті геологиялық ақпаратты цифрландыруды көздейтін түзетулерді қабылдады

Қазақстан Парламенті геологиялық ақпаратты цифрландыруды көздейтін түзетулерді қабылдады

|

|

Астана. 18 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста екі оқылымда қарап, «Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша Қазақстан Республикасының “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Заңның мақсаты – Мемлекет басшысының геологиялық ақпаратты толық жүйелеу және цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру.

Сенаттың қорытындысына сәйкес, құжатта Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын саланың негізгі цифрлық инфрақұрылымы ретінде бекіту ұсынылады. Аталған платформа геологиялық ақпараттың ашық деректер базасын қамтиды.

Сенат дерегінше, бұл платформа қатты және кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру саласындағы бизнес-процестердің басым бөлігін қамтиды.

Түзетулер платформа мен көмірсутектер саласында жер қойнауы туралы ақпаратты жинау, сақтау, талдау және өңдеуге арналған Отын-энергетикалық кешенді басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін өзара ықпалдастыруды көздейді.

Сондай-ақ заңмен Ұлттық геологиялық қызметтің геологиялық ақпаратты басқару және платформаны пайдалану жөніндегі оператор ретіндегі мәртебесі бекітіледі.

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске енгізілген түзетулер пайдалы қазбалар мен уранды барлау және өндіру кезінде жұмыстар мен қызметтердегі ішкі үлесті 50 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайтуды көздейді.

Заңдағы жаңашылдықтардың бірі – құны 14,5 млн айлық есептік көрсеткіштен асатын ірі өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыратын стратегиялық инвесторлар үшін қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге басым құқық беру нормасының енгізілуі.

Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін жер қойнауын пайдалану құқығы Кодексте белгіленген талаптарға сай келген жағдайда аукцион өткізбестен берілетін болады.

Сонымен қатар заңда техногендік минералдық түзілімдерден қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алу шарттарының бірі ретінде алынған техногендік минералдық түзілімдерді елді мекендерден тыс жерге шығару және оларды кейіннен қайта өңдеу талабы белгіленген.

Құжатқа сәйкес, қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу жөніндегі келісім жасалуы мүмкін болатын жер қойнауын пайдаланушының ең төменгі инвестиция көлемі 7 млн АЕК-тен 70 млн АЕК-ке дейін арттырылды.

Бұдан бөлек, Кодекске мынадай бағыттар бойынша да өзгерістер енгізіледі:
– жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы есептілікте мәліметтерді жасыру немесе көрінеу жалған ақпарат ұсынғаны үшін жауапкершілікті күшейту;
– жер қойнауын пайдалану салдарын жою рәсімдеріне жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қатысуы;
– қатты пайдалы қазбаларды барлау учаскесінде рұқсатсыз немесе берілген рұқсат талаптарын бұза отырып тау жынысын алу және (немесе) топырақты жылжытуға тыйым салу және өзге де нормалар.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Мемлекет басшысы Олимпиада және Паралимпиада туын ұлттық құраманың спортшыларына табыстады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиада ойындарының алдында еліміздің ұлттық құрамасының ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

АӨК-ке көрсетілген мемлекеттік қолдау аудиті 300 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықтарды анықтады

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға қатысты 2023–2024 жылдарға арналған аудит қорытындысы 300 млрд теңге көлемінде заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Гренландиядағы әскери оқу-жаттығулар 2026 жыл бойы жалғасады

Гренландия аумағында өткізіліп жатқан Arctic Endurance атты әскери оқу-жаттығулар 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл туралы жұма күні Дания Қарулы күштері ресми хабарлама таратты.

АҚШ-тың OFAC басқармасы NIS компаниясына операциялық қызметін жалғастыруға рұқсат мерзімін 20 ақпанға дейін ұзартты

АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Сербияның NIS мұнай-газ компаниясына операциялық қызметін жалғастыруға рұқсат беретін лицензияның мерзімін 20 ақпанға дейін ұзартты, деп хабарлайды сербиялық RTS ақпараттық порталы.