Евразия24Басты бетБорышкерлердің құқығын қорғау: Қазақстан коллекторларға қойылатын талаптарды тағы да қатаңдатпақ

Борышкерлердің құқығын қорғау: Қазақстан коллекторларға қойылатын талаптарды тағы да қатаңдатпақ

|

|

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) коллекторлық агенттіктердің қызметіне жаңа шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Бұған қарыз алушылардан толассыз түсіп жатқан шағымдар себеп болған (https://bes.media/news/arrfr-gotovit-novye-ogranicheniya-dlya-kollektorov-posle-zhalob-dolzhnikov/ ). Тұтынушылық кредиттер бойынша берешекті коллекторларға сатуға енгізілген мораторийдің 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылуы да мәселені шешпеген сыңайлы. Азаматтар коллекторлардың белгіленген уақыттан тыс хабарласатынына, рұқсат етілген байланыс санынан асып кететініне, сондай-ақ жұмыс берушілер мен таныстары арқылы психологиялық қысым көрсететініне шағымдануда. Заң талаптарын бұзған агенттіктер тексеріледі. Ал өрескел немесе жүйелі заңбұзушылықтарға жол бергендері арнайы тізілімнен шығарылуы мүмкін. Ендеше, коллекторларға қойылатын талаптардың кезекті рет қатаңдатылуы борышкерлердің жағдайына қалай әсер ететінін қарастырайық.

Алдымен ҚНРДА-ның коллекторлық агенттіктерге қатысты алдағы жоспары жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына белгілі болған мәліметтерге тоқталайық.

ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова BES.media журналисіне берген сұхбатында: «Коллекторлық агенттіктердің қызметіне қойылатын талаптар қосымша қатаңдатылады», – деді.

Агенттік басшысының айтуынша, бұған қолданыстағы талаптардың күшейтілгеніне қарамастан, қарыз өндіру тәсілдеріне қатысты шағымдардың әлі де толастамауы себеп.

Заң талаптарын жүйелі түрде бұзатын коллекторлық агенттіктер арнайы тізілімнен шығарылуы мүмкін. Мұндай шешім қабылдағанда реттеуші орган олардың қызметіне қатысты азаматтардан түскен көптеген шағымды да ескеретін болады.

Әзірге бұдан басқа нақты мәлімет жоқ. Тек кейбір статистикалық деректер белгілі. 2024 жылы қайтарылуы қиын кредиттерді коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторий енгізілгеннен кейін олардың қарауындағы берешегін өтеуде қиындыққа тап болған азаматтар саны 850 мыңнан астам адамнан шамамен 350 мыңға дейін азайған.

Демек, мемлекет борышкерлердің құқықтарын қорғау үшін біртіндеп түрлі шаралар қабылдап келеді. Осы орайда қарыз өндіру қызметін реттеуге бағытталған өзгерістерге қысқаша тоқталған жөн. Өйткені кейінгі он жылда коллекторларға қойылатын талаптар ұдайы күшейтілгенімен, мәселе әлі шешілген жоқ. Азаматтардан түсетін шағымдар да толастар емес.

ЗАҢДАСТЫРУДАН ШЕКТЕУГЕ ДЕЙІН: КОЛЛЕКТОРЛЫҚ НАРЫҚ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

2017 жылға дейін Қазақстанда коллекторлық қызмет іс жүзінде бақылаусыз жүргізілді. Қарыз өндіру тәртібі Азаматтық кодекстің жалпы нормаларымен ғана реттелді.

Жағдай 2017 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» заң қабылданғаннан кейін өзгере бастады (https://old.adilet.zan.kz/rus/docs/Z1700000062/info ). Осы құжат арқылы мемлекет қарыз өндіруді дербес кәсіби қызмет ретінде заң жүзінде танып, коллекторлар мен борышкерлер арасындағы қарым-қатынастың нақты тәртібін белгіледі. Атап айтқанда, коллекторлардың хабарласуына рұқсат етілген уақыт, байланыс жасауға болатын адамдар тізімі айқындалды. Сондай-ақ коллекторларға борышкерлермен жүргізілген сөйлесулерді жазып алу міндеті жүктелді.

2019–2021 жылдары мемлекет қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға көбірек көңіл бөле бастады (https://www.gov.kz/org/ardfm/press/article/details/6159?lang=ru ). Бұл кезеңде тұтынушылық кредит беру көлемі қарқынды өсті. Қаржы нарығын реттеуші орган азаматтарға коллекторлар тарапынан заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда оларды тіркеп, дәлел ретінде сақтаудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар коллекторлық агенттіктердің капиталына қойылатын талаптар күшейтіліп, берешекті реттеу тәртібі қатаңдатылды (https://old.adilet.zan.kz/rus/docs/Z2100000043 ).

2022 жылы мемлекет коллекторлық қызметтегі мүдделер қақтығысының алдын алуға кірісті. Заңнамаға өзара байланысы жасырылған ұйымдар арқылы жүргізілетін заңсыз әрекеттерге тыйым салатын нормалар енгізілді  (https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z2200000179 ). Коллекторларға жеке сот орындаушыларымен бейресми келісімдер негізінде жұмыс істеуге, сондай-ақ қарыз алушыларға өздері туралы жалған мәлімет беруге тыйым салынды.

2024 жыл коллекторлық нарықты реттеуде түбегейлі өзгеріс жасалған кезең болды (https://www.gov.kz/org/ardfm/press/news/details/732604?lang=ru ). Мемлекет мерзімі өткен берешекті коллекторлық агенттіктерге сатуды тоқтату туралы шешім қабылдады. Енгізілген мораторий нәтижесінде коллекторлар банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жаңа қарыз портфельдерін сатып алу мүмкіндігінен айырылды. Ал банктер мен микроқаржы ұйымдарына берешекті қайта құрылымдау мәселесін өздері шешуге тура келді.

2025–2026 жылдары Қазақстан коллекторлық нарықта өзін-өзі реттеу тетіктерін енгізуге және заңсыз әрекеттер үшін қызметкерлердің жеке жауапкершілігін күшейтуге кірісті. Бұған дейін заңбұзушылық үшін негізінен коллекторлық агенттіктер жауап берсе, енді нақты құқық бұзған қызметкерлерді де жауапқа тарту көзделді. Қылмыстық кодекске коллекторлық агенттік қызметкерлерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін баптар енгізілді. Сонымен қатар берешекті коллекторлық агенттіктерге сатуға қойылған мораторийдің мерзімі 2027 жылғы мамырға дейін ұзартылды.

ЖАҢА ТАЛАПТАР БОРЫШКЕРЛЕРДІ ШЫНЫМЕН ҚОРҒАЙ АЛА МА?

Көріп отырғанымыздай, мемлекет қоғам үшін аса маңызды әрі күрделі салалардың бірі саналатын қарыз өндіру қызметін он жылдан бері қатаң бақылауда ұстап келеді. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кезекті өзгерістер туралы мәлімдеген сайын бір заңды сұрақ туындайды. Қарызға белшесінен батқан азаматтардың жағдайы не болмақ?

Мақаланың басында коллекторлық агенттіктердің қарауындағы проблемалық қарыздарға қатысты статистиканы келтірдік. Мұндай берешектің азаюы қабылданған шаралардың нәтижелі болғанын тікелей көрсетеді.

Дегенмен құқықтық тұрғыдан алғанда, қарызды коллекторларға сатуға тыйым салу оны сотқа дейін өндіріп алуға тыйым салынғанын білдірмейді. Біздің болжамымызша, банктер мен микроқаржы ұйымдары берешекті коллекторлық агенттіктердің меншігіне өткізбей-ақ, олармен агенттік шарт жасасып, қарызды өндіріп алу қызметін бұрынғыдай пайдалана алады.

Ал қарыз алушы үшін мұның айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Берешек заң жүзінде коллекторларға тиесілі болмаса да, азаматтарға бұрынғы агенттіктердің қызметкерлері хабарласа береді. Қарапайым тілмен айтқанда, коллекторлар енді жаңа қарыздарды банктер мен микроқаржы ұйымдарының атынан, солардың тапсырмасы бойынша өндіріп алады.

Біздің ойымызша, проблемалық берешекті өндіріп алу тәртібі қанша рет қатаңдатылса да, азаматтардың шағымы азаймай отырғанының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, коллекторлардың қарыз алушылармен байланысу тәртібін реттеу азаматтардың төлем қабілетіне қатысты негізгі мәселені шешпейді. Табысынан айырылған адамның қарызын өтеуге мүмкіндігі болмаса, оған аптасына қанша рет немесе тәуліктің қай уақытында хабарласқаны жағдайды өзгертпейді.

Екіншіден, коллекторлық агенттікті мемлекеттік тізілімнен шығару, әрине, қадағалау тұрғысынан қатаң шара. Бірақ мұндай шешім борышкердің қарызын жоя ма? Әлде арнайы мәртебесінен айырылған коллекторлар азаматтық заңнаманың жалпы нормалары аясында қызметін жалғастыра ала ма?

Бұл сұрақтардың жауабы аса маңызды. Өйткені мәселе коллекторлық агенттіктің мәртебесінде ғана емес, борышкерге қойылатын қаржылық талаптардың одан әрі сақталуында болып отыр.

Үшіншіден, заңда белгіленген тыйымдардың тиімді орындалуы құқық бұзушылықты дәлелдеу мүмкіндігіне тікелей байланысты. Егер қарыз алушыға бөгде адамдар арқылы психологиялық қысым көрсетілсе, заңсыз қоңыраудың нақты қай коллектордан түскенін дәлелдеу оңай емес. Мұндай жағдай заң талаптарын бұзушыларға жауапкершіліктен жалтарудың түрлі амалдарын қолдануға мүмкіндік береді.

СЫНМЕН ҚАТАР ҰСЫНЫС ТА ҚАЖЕТ

Әрине, біз өз пікірімізді бұлжымас ақиқат санап, қарыз алушылар мен кредиторлар арасындағы дауды шешетін төреші болудан аулақпыз. Дегенмен қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың құқығын тиімді қорғауға қатысты бірқатар ұсынысымыз бар.

Біздіңше, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін тыйымдарды көбейтіп, шектеулерді күшейтумен ғана шектелмей, қосымша шараларды да қарастырған жөн. Мәселен, қарызды заңсыз тәсілдермен өндіріп алғандарды жауапқа тарту тәртібі ашық болып, заң бұзған ешкім жазасыз қалмауы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік тізілімнен шығарылған коллекторлық агенттіктердің басқа заңды мәртебемен бұрынғы қызметін жалғастыруына жол бермеу үшін бақылауды күшейту қажет.

Ал қарызды қатаң шаралармен өндіріп алудың орнына азаматтарға нақты балама ұсынуға болады. Ол үшін жеке тұлғалардың банкроттық рәсімі түсінікті әрі қолжетімді болуы, сондай-ақ берешекті қайта құрылымдау кезінде қарыз алушының нақты төлем қабілетіне сай келетін өтеу кестесі жасалуы керек.

Соңында бір маңызды жайтты нақтылай кеткен жөн. Мәдина Әбілқасымова басқаратын агенттік әзірлеп жатқан өзгерістердің мазмұны әзірге жарияланған жоқ. Қазіргі уақытта олардың енгізілетіні туралы ғана мәлімделді. Біздің ойымызша, реттеуші орган тиісті шешімдерді қабылдағанда олардың ықтимал салдарын, туындауы мүмкін тәуекелдерді және күтілетін оң нәтижелерді ескеретін болар.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Шанхай мен Гонконг биржаларында акциялар қымбаттады, ал Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 5,5%-ға құлдырады

Сейсенбі күні Азия-Тынық мұхиты өңірінің қор биржаларындағы сауда әртүрлі нәтижемен аяқталды. Қытай мен Гонконгтың негізгі индекстері аздап өсті, Австралия нарығында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Ал Жапонияда акциялар едәуір арзандап, Оңтүстік Кореяның Kospi индексі микрочип өндіруші компаниялар акцияларының құлдырауы салдарынан 5%-дан астам төмендеді.

Оңтүстік Корея халықаралық санкцияларды сақтай отырып, Солтүстік теңіз жолы арқылы кеме қатынасын дамытпақ

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён сейсенбі күні елдің Солтүстік теңіз жолын жүк тасымалы үшін кеңінен пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар халықаралық санкцияларды қатаң сақтай отырып жүргізіледі.

Израиль Сауд Арабиясына хуситтерге қарсы әскери операцияға қатысуды ұсынған, алайда тақ мұрагері келіспеген

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ арқылы Сауд Арабиясына хуситтерге қарсы әскери операцияларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген. Алайда корольдіктің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бұл ұсынысты қабылдамаған. Бұл туралы «Гаарец» басылымы дипломатиялық дереккөзге сүйеніп хабарлады.

IndiGo әуе компаниясы 17 қазанға дейін Эр-Рияд, Жидда және Мединаға ұшатын рейстерін тоқтатты

Үндістанның IndiGo жеке бюджеттік әуе компаниясы өңірдегі ахуалдың шиеленісуіне байланысты 17 қазанға дейін Эр-Рияд, Жидда, Медина және Даммам қалаларына рейс орындамау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Hindustan Times басылымы хабарлады.