Астана. 3 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Премьер-Министр Олжас Бектенов автожолдардың сапасын бақылау жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуді тапсырды.
«Жол инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деді Үкімет басшысы сейсенбі күні өткен отырыста.
Оның айтуынша, автожол саласын цифрлық трансформациялау жоспарлау мен жобалаудан бастап пайдалануға беру және техникалық қызмет көрсету кезеңіне дейінгі барлық үдерістерді басқарудың тиімді құралына айналуы тиіс.
«Көлік министрлігіне, Жасанды интеллект министрлігіне, “ҚазАвтоЖол” компаниясына және Сапа орталығына ағымдағы жылдың соңына дейін республикалық, жергілікті және қалалық жол желілері бойынша деректерді біріктіре отырып, жолдардың жай-күйін, жұмыстардың орындалу барысын және бюджет қаражатының игерілуін қадағалайтын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасының жұмысын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министрдің пікірінше, бұл жүйе жолдардағы жағдайды нақты уақыт режимінде көруге және анықталған ақауларды жедел жоюға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Алматы – Қонаев, Астана – Теміртау және Астана – Щучинск бағыттарындағы үш ақылы жол учаскесінде қозғалыс қауіпсіздігін бақылау үшін жасанды интеллект элементтері енгізілетіні хабарланған. Жоба аясында жол-көлік оқиғаларын, жолға жануарлардың шығуын, ауа райы жағдайын және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын қадағалау мүмкіндігі қарастырылған.




