Мәскеу. 19 қазан. ИНТЕРФАКС – Қытайдың Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметінше, қыркүйек айында елдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға өсті.
Осылайша, өндіріс өсімі тамыздағы 5,2%-дан жеделдеп, наурыз айынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Trading Economics мәліметінше, сарапшылар қыркүйекте бұл көрсеткіш орта есеппен 5,4%-ға артады деп болжаған.
Өткен айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 6%-ға, тау-кен өндіру саласында 1,3%-ға ұлғайды. Компьютерлер мен байланыс жабдықтарының өндірісі 16,4%-ға, мұнай мен газ өндіру 9,8%-ға, тоқыма өнімдерінің өндірісі 3,2%-ға, автомобиль өндірісі 6,7%-ға артты. Ал көмір өндіру көлемі 3,3%-ға қысқарды. Жалпы, өнеркәсіптің 41 негізгі саласының 31-інде өсім тіркелді.
Қаңтар-қыркүйек айларында Қытайдың өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға өсті.
Қыркүйекте елдегі бөлшек сауда көлемі 1,1%-ға ұлғайды. Бұл да наурыз айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар өсім 0,5% болады деп болжаған еді. Ал тамызда бөлшек сауда көлемі 0,4%-ға артқан.
Атап айтқанда, автомобиль саудасы 21,2%-ға, алтын, күміс және зергерлік бұйымдар сатылымы 9,6%-ға, құрылыс материалдарының саудасы 9,2%-ға төмендеді.
Сонымен қатар байланыс жабдықтарының сатылымы 31,1%-ға, темекі және алкоголь өнімдерінің саудасы 13,8%-ға, азық-түлік сатылымы 6,7%-ға, косметика өнімдерінің саудасы 5,4%-ға өсті.
Қаңтар-қыркүйек аралығында Қытайдағы бөлшек сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артып, 37 трлн юаньға (5,5 трлн доллар) жетті.
Автомобиль саудасын есепке алмағанда, қыркүйекте бөлшек сауда көлемі жылдық есеппен 3,9%-ға, ал сегіз айдың қорытындысы бойынша 2,8%-ға өсті.
Қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға азайды. Сарапшылардың ортақ болжамы бойынша бұл көрсеткіш 7,3%-ға төмендеуі тиіс еді.
Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 2,1%-ға, инфрақұрылымға бағытталған қаржы 4,2%-ға қысқарды. Ал жылжымайтын мүлік саласына құйылған инвестиция көлемі 20,6%-ға құлдырады.
Қытайда жұмыссыздық деңгейі тамыздағы 5,3%-дан қыркүйекте 5,2%-ға дейін төмендеді. Сарапшылар бұл көрсеткіш тамыз айындағы деңгейде сақталады деп күткен еді.




