Астана. 27 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Сицзан автономиялық ауданында болған жойқын селдің ауыр зардаптарына байланысты ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді. Сондай-ақ із-түзсіз жоғалған азаматтардың аман-есен табылып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді», – делінген бейсенбіде таратылған хабарламада.
Соңғы мәлімет бойынша, Қытайдың Тибет аймағында үш адам қаза тауып, 558 адам із-түзсіз жоғалған. Олардың арасында туристер көп.
Көршілес Непалда су тасқынынан кемінде 359 адам қаза тапты, 800-ден астам адамның қайда екені белгісіз.
Сәрсенбіде болған алапат су тасқынына жер сілкінісінен кейінгі мұздық көшкіні себеп болуы мүмкін. Мұздық пен тау жыныстары опырылып, артынша сел жүрген. Соның салдарынан Непал мен Қытай шекарасындағы Расувагади өткізу бекетінен солтүстік-шығысқа қарай шамамен 20 шақырым жерде ағып жатқан Лхенде-Кхола өзенінің суы күрт көтерілген.
Із-түзсіз жоғалғандардың арасында Қазақстан азаматы да болуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық әйел туристік топпен бірге Непалдан Қытайға өткенін, содан кейін онымен байланыс үзілгенін хабарлаған.




