Астана. 3 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы автожол учаскесіндегі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, аталған учаске Түрікменстан – Ресей халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі болып табылады.
«Темір-Баба – Ресей Федерациясының шекарасы бағыты бойынша қойылған міндеттерге сәйкес Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы учаскесінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл жол бөлігі Түрікменстан – Ресей көлік дәлізіне кіреді», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар ол жолды төрт жолаққа дейін кеңейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталғанын атап өтті.
«Аталған учаскедегі жұмыстар осы жылы толық аяқталады», – деді министр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Жаңаөзеннен Кендірлі арқылы Түрікменстан шекарасына дейінгі жол учаскелерін жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.




