2026 жылдың басында Қазақстан Үкіметі халықты ауыз сумен 100 пайыз қамту бойынша ауқымды жұмыстардың аяқталғаны туралы ресми есеп берді. Алайда, 2025 жылы мемлекеттік органдарға осы игілікке қол жеткізе алмаған азаматтардан рекордтық көрсеткіштегі 70 мың шағым түскенін ескерсек, бұл мәліметтің шынайылығы күмән тудырады. Сарапшылар мен депутаттар жүйелі су дағдарысының негізгі себебі ретінде стратегиялық су нысандарын жекешелендіру саясатының тиімсіздігін атайды. Олардың айтуынша, жекеменшік құрылымдар ұзақ жылдар бойы тарифтер арқылы қаржы алып келгенімен, тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғыртуға жеткілікті инвестиция салмаған.
ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ ӘЛ-АУҚАТ
Мәтіннің басында айтылған Үкіметтен алынған ақпаратқа толығырақ тоқталып өтейік.
Үкімет сайтындағы жарияланымда былай делінген: «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелеріне арналған Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының толық орындалғаны туралы баяндады. Оның айтуынша, тапсырманы жүзеге асыру кезеңінде 1,6 мыңнан астам жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 835 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Оның ішінде 132 млрд теңге Арнайы мемлекеттік қордан, яғни қайтарылған активтер есебінен бағытталған. Осылайша, Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толық көлемде шешілді».
Бұдан әрі халыққа жоғарыда аталған қаражат есебінен 34 қала мен 756 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылғаны хабарланды. Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен тағы 699 ауылда кешенді блок-модульдері орнатылған.
Вице-министр өз сөзінде: «Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы ауыл тұрғындарының 90 пайызы, ал қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алған еді. Осылайша, жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, бүгінгі таңда Мемлекет басшысы тапсырмасының нысаналы көрсеткішіне қол жеткізілді. Еліміздің барлық елді мекендері, соның ішінде 90 қала мен халық саны 7,5 млн адамды құрайтын 6 087 ауылдық елді мекен ауыз сумен 100 пайыз қамтылды», — деп атап өтті.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің есебін табысты деп бағалауға болар еді, алайда осы Үкімет отырысында бірнеше тапсырма берген Министрлер кабинетінің басшысы Олжас Бектенов басқаша деректерді алға тартты. Премьер-министр 2025 жылы қазақстандықтардан сумен жабдықтау мәселесіне қатысты 70 мың шағым түскенін және тұрғындардың ауыз су сапасына, су берудегі іркілістерге, желілердің тозуына, сондай-ақ жөндеу мен пайдалануға беру мерзімдерінің кешіктірілуіне жиі шағымданатынын мәлімдеді.
«Жаңа желілерге тиісті деңгейде қызмет көрсету бойынша шаралар қабылданбайды, сондай-ақ ауыз су сапасының нормалары сақталмайды. Әкімдіктер әрбір өтініш бойынша тексеру жүргізіп, жосықсыз ұйымдарға қатысты ең қатаң шараларды қолдануы қажет. Ескірген желілер, халық қажеттілігінің артуы және жаңа аудандардың салынуы жүйелерді жаңғыртуды, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ете отырып, қамту аясын кеңейтуді талап етеді», – деп Бектенов Үкімет отырысында атап өтті.
ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖӘНЕ ТОҚЫРАҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Аталған Үкімет отырысынан бір жарым ай өткен соң, президент тапсырмаларының орындалуына қатысты ресми есептерге қанағаттанбаған Мәжіліс депутаттары Премьер-министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына тікелей өзекті сұрақтар қойды.
2026 жылы 5 наурызда Премьер-министрге жолданған резонансты депутаттық сауалда депутат Бақытжан Базарбек «су саласындағы көлеңкелі құрылымдардың» бар екенін және коммуналдық нысандарды жекешелендіру жүйесінің тиімсіздігін ашық мәлімдеді. Ол Қазақстанның кемінде 10 өңірінде ауыз су желілері жекеменшік компаниялардың иелігіне өтіп, әлеуметтік маңызы бар қызметтің табыс табу құралына айналғанын атап өтті.
Депутаттық сауалда жекешелендірудің салдары нақты мысалдармен келтірілген: «Павлодар қаласындағы ауыз су желілері «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің, Теміртауда — «Аква Трейдинг» ЖШС-нің, Алматы облысының Қаскелен қаласында — «Қаскелен Ж» ЖШС-нің, Шығыс Қазақстан облысында — «Восток Энергоның» меншігіне өткен. Сондай-ақ Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы су жүйелерін «Шахтинск Водоканал» және «Водоканал Новодолинский» серіктестіктері, ал Солтүстік Қазақстан облысында «Булаев Су» мекемесі иеленіп отыр. Алматы қаласының Бостандық және Наурызбай аудандарындағы су құбырлары «Орхан» ЖШС-нің меншігіне берілген. Осы аталған аймақтардың тұрғындары мемлекеттік органдарға су тарифінің негізсіз қымбаттығына, қызмет көрсету сапасының төмендігіне және қожайындар тарапынан құбырларды жаңарту жұмыстарының жүргізілмейтініне шағымданып, ондаған арыз жолдады. Мен бұған дейін айтқандай, еліміздің өзге өңірлерінде де жағдай осыған ұқсас. Халық үшін өмірлік маңызы бар стратегиялық нысандардың қоғам мен мемлекет мүддесіне қайшы қолданылуына, азаматтардың құқығының бұзылуына, әлеуметтік шиеленіс пен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруіне бұдан былай бейжай қарап отыруға болмайды», — делінген құжатта.
Нәтижесінде, Премьер-министр Олжас Бектенов су нысандарының жекеменшікте болуы көп жағдайда қоғам мүддесіне сай келмейтінін мойындады. Осыған байланысты, қазіргі уақытта Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында аталған нысандарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша сот процестері басталды.
Бұл ретте Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Анарбек Орманмен байланысы бар «Су ресурстары — Маркетинг» компаниясының ісі айрықша мысал болды — кәсіпорын активтері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы деректерге сүйенсек, «Egov мәліметтері бойынша, «Су ресурстары – Маркетинг» мекемесінің құрылтайшылары ретінде 10 адам тіркелген. Компанияны Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Анарбек Орман басқарады. Ол мемлекеттік қызметке келгенге дейін ұзақ жылдар бойы қалалық су арнасында еңбек еткен. Ал қала әкімі лауазымын 1995-1997 жылдары, яғни су нысандарын жекешелендіру кезеңі басталған уақытта иеленген».
Сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі инфрақұрылымның әбден тозуына байланысты күрделеніп отыр. Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабына сәйкес, елімізде су құбыры желілерінің тозу көрсеткіші орта есеппен 39 пайызды құрайды. Дегенмен «қызыл аймақтарда» (Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары) бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетіп, жағдайдың тым қиын екенін көрсетеді. Ал Атырау қаласындағы сорғы-сүзгі станциясының тозу деңгейі 90 пайызға бағаланып отыр.
Инфрақұрылымның мұндай жай-күйі нысандардың шекті деңгейде жұмыс істеп тұрғанын аңғартады. Сондықтан сумен қамту мәселесіндегі күнделікті кедергілерді «толық қамтылды» деген ресми есептермен бүркемелеу мүмкін емес.
ЖЕКЕМЕНШІКТЕН МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУҒА КӨШІРУ
2026 жылғы жағдай жаңа талаптарды алға тартып отыр. Ұзақ уақыт бойы мемлекет коммуналдық кәсіпорындарды басқаруға алған бизнес құрылымдардың халықтан төлем жинаумен қатар, инфрақұрылымды дамытуға жеткілікті көңіл бөлмей, тек пайда табумен шектелуіне бақылаушы ғана болды.
Депутат Бақытжан Базарбек Премьер-министр мен Бас прокурорға жолдаған хатында бұл мәселені былайша негіздеді: «Ауыз сумен жабдықтау нысандары, соның ішінде магистральдық және таратушы су құбыры желілері өзінің құқықтық табиғаты бойынша стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымға және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары нысандарға жатады деп есептеймін (…) Жаңа Конституция талаптарымен, қоғам мен халықтың мүддесін көздейтін бизнесті жүргізудің әділ шарттарымен жұмыс істегісі келмейтін олигархтар мен бенефициарлардың әрекетіне тосқауыл қойылуы тиіс. Егер стратегиялық нысандар қоғам мүддесіне қайшы қолданылса, заңсыз иелену немесе теріс пайдалану белгілері анықталса, мемлекет заңдылықты қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті».
Олжас Бектенов бұған жауап ретінде Үкіметтің энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған, бюджеті 1,1 трлн теңгені құрайтын ауқымды Ұлттық жобаны бастағанын мәлімдеді. Бұл қаражат, ең алдымен, 2026 жылдың соңына қарай су көздері мен желілерінің жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық су теңгерімінің картасын әзірлеуге жұмсалады. Сонымен қатар, суды бақылаусыз ысырап ету мен ұрлауды тоқтату мақсатында «ақылды» есептеу құралдары енгізіледі; Министрлер кабинетінің жоспары бойынша, 2026-2028 жылдар аралығында мұндай құрылғылардың 3,6 млн-нан астам данасы орнатылуы тиіс. Сондай-ақ басқарудың жаңа моделін құру көзделіп отыр, оған сәйкес желілердің техникалық жай-күйіне әкімдіктермен байланысы бар мердігерлер емес, арнайы мамандандырылған мемлекеттік құрылым жауапты болады.
Қазақстанның «су саласын тазарту» кезеңіне нық қадам басқаны байқалады. Үкімет отырыстарындағы министрліктердің мақтауға толы есептеріне қарамастан, Министрлер кабинетінің басшылығы ресми мәліметтерден әлдеқайда шынайы, тіпті кейде оған мүлдем қарама-қайшы келетін балама ақпараттарға ие болып отыр.
Сондықтан Ұлттық жоба аясында бөлінген 1,1 трлн теңге тиімсіз игеріліп, жекелеген мердігерлер мен жеке монополиялардың арасында қайта бөлініп кетпейді деген үміт бар. Коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша басталған нақты істер соның айқын дәлелі болса керек.
Көңілге кірбің ұялататын бір ғана жайт бар, бірақ бұл бюрократиялық кедергілердің салдары болуы да ғажап емес: 5 наурызда жолданған депутаттық сауалға Бас прокурор тарапынан әлі де ешқандай жауап болмады. Бәлкім, Берік Асылов бастаған ведомство мамандары Бақытжан Базарбек бастаған депутаттар тобы талап еткендей, өңірлердегі жекеменшікке өтіп кеткен су нысандарын жіті тексеріп жатқан болар. Олай болса, жуырда бұл нысандардың иеліктен шығарылу заңдылығына құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады деп күтеміз.




