Евразия24Басты бетҚоғам заңға емес, беделге, ғылымға емес, сиқырға сенетін деңгейге жетті ме?

Қоғам заңға емес, беделге, ғылымға емес, сиқырға сенетін деңгейге жетті ме?

|

|

Елдегі барлық процестердің жүйелі түрде цифрландырылуына және ең шалғай елді мекендердің интернетпен қамтылуына қарамастан, прогрессивті зайырлы Қазақстанмен қатар ресми институттардың тасасында өзін-өзі «дәрігер», «би» немесе «ұстаз» деп жариялағандардың ықпалы жүретін өзгеше бір «халықтық» орта қалыптасқан. ХХІ ғасырдағы зайырлы мемлекетте неліктен дипломды заңгерден гөрі шапан кигендердің сөзі өтімді, ал дәлелді медицинадан гөрі «энергия алмасу» сияқты жалған ілімдердің мерейі үстем? Президент жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидатына еш қайшы келмейтін билер институтының қызметі туралы мәселе бүгінде жоғары билік деңгейінде талқылана бастады.

БИЛЕР СОТЫ

Мәжіліс депутаттарының тобы Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, өз атауларында «билер», «билер кеңесі», «бас би» терминдерін қолданатын ұйымдардың қызметін «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға сәйкестігі тұрғысынан тексеруді сұрады. Депутаттардың пікірінше, аталған ұйымдардың құқық қорғау және сот органдарының құзыретіне жататын мәселелерге араласуына жол бермеу үшін мемлекет тарапынан тиісті бақылау орнатылуы қажет.

«Өзін “билер алқасы” деп атаған бір топ адамның “ата-баба күнәлары үшін кешірім сұрау” мақсатында ақ боз атты құрбандыққа шалған бейнежазба қоғамды дүр сілкіндірді. “Екі әлем арасындағы қақпаны жабу” әрекеті қандай да бір есікті жапқаннан гөрі, халықтың тыныштығын бұзды деуге болады. Кейін азаматтар мемлекеттік органдарға шағымданғанымен, одан нақты нәтиже шықпады. Сонымен қатар, өзін «заңгер әрі билер ұйымының мүшесі» деп таныстырған тұлғаны қорғаушы ретінде жалдаған әйелдің алданып қалған оқиғасы да көпшіліктің есінде. Кейіннен ол адамның адвокаттық лицензиясы да жоқ екені анықталды. Біз барлығына бірдей күйе жағудан аулақпыз. Алайда мұндай жайттар “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген қағиданы ұстанып, әділдіктің символына айналған көне билер институтының беделін бүгінде кез келген адам өз мүддесіне пайдаланып жүрген жоқ па деген сауалды күн тәртібіне шығарады», – делінген премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолданған депутаттық сауалда.

Депутаттардың мәліметінше, Қазақстанда 3 республикалық және 17 жергілікті билер ұйымы тіркелген. Олардың мүшелері мыңдап саналады. Мәселен, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 8385 мүшесі бар ұйымдар тіркелсе, соның 1677-сі би болып «сайланған». Депутаттар бұл көрсеткіштердің тек екі өңірге ғана қатысты ресми дерек екенін алға тартты.

Олжас Бектенов бұл статистиканы растады. Сонымен қатар, Үкімет басшысы аталған қоғамдық бірлестіктердің қызметіне талдау жасалғанын, тіркеу кезінде құрылтай құжаттары заңнама талаптарына сәйкес келгенін мәлімдеді. Алайда бұл сәйкестік тек құжат жүзінде ғана болып шықты, себебі іс жүзіндегі жағдай мүлдем басқаша өрбіген.

«Сонымен қатар республикалық мәртебеге қойылатын талаптардың сақталуына қатысты жүргізілген тексеру нәтижесінде тіркелген 3 республикалық қоғамдық бірлестіктің екеуі заңда белгіленген мерзімде өз мәртебесін растамағаны анықталды. Атап айтқанда, олар ел өңірлерінің жартысынан астамында филиалдар мен өкілдіктер ашпаған. Осыған байланысты әділет органдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды мәжбүрлі түрде тарату шараларын қабылдап жатыр. Бұдан бөлек, кейбір бірлестіктердің нақты орналасқан мекенжайы бойынша қызмет жүргізбейтіні және салық тәртібін бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, 4 ұйым әрекетсіз салық төлеуші деп танылса, 1 ұйым бойынша салық есептілігін тапсыру тоқтатылған», – деп жауап берді премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға.

Әрине, қоғамдық бірлестіктердің қызметі ел игілігіне бағытталса, олардың еркіндігін қолдау қажет. Алайда мұндай ұйымдар қоғамда екіұшты ой қалыптастырып, халық заңды билік пен қоғамдық ұйымның аражігін ажырата алмайтын деңгейге жетсе, бұл қауіпті үрдіс.

Олжас Бектенов өз жауабында мұндай бірлестіктердің сот құзыретіне жататын мәселелер бойынша қабылдаған кез келген шешімі заңсыз екенін баса айтқанымен, шалғай елді мекендерде көптеген түйткілдер әлі де мемлекеттік органнан гөрі беделі жоғары «халық өкілдері» арқылы шешіліп келеді.

Қазіргі уақытта мемлекет жарғылық мақсаттарын бұзған ұйымдарды мәжбүрлі түрде тарату процесін бастады. Сонымен қатар, Үкімет үкіметтік емес ұйымдарды ру-тайпалық белгілері бойынша құруға тыйым салатын түзетулер дайындап жатыр.

ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІНЕН ТҮСКЕН МИЛЛИАРДТАР

Егер құқық саласында «халық өкілдері» ықпал жасау үшін енді ғана таласып жатса, медицина мен эзотерика бағытында олар әлдеқашан ауқымды көлеңкелі империя қалыптастырып үлгерді. Қазақстандағы «емшілік пен магия» индустриясының айналымы өткен жылы 2,9 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын салық есептілігінде ресми тіркелген сомадан 75 есе көп. Ресми түрде салық төлейтіндер санаулы ғана және олардың көбі ОКЭД 96.09 («өзге де жеке қызметтер») кодының тасасында жұмыс істейді.

Бір қызығы, 2024 жылы балгерлер мен экстрасенстер табысының шамамен жартысы — 1,4 млрд теңгесі — жеке азаматтардан емес, ұйымдар мен өзге де көздерден түскен. Бұл ырымшылдық пен жалған мистикалық сенімдердің бизнес ортаға да терең еніп кеткенін көрсетеді. Ал мұндай сенімнің салдары көп жағдайда орны толмас жағдайларға алып келеді.

Мәселен, Ақтөбеде өзін «әлемнің құрметті емшісі» деп таныстырған әйел емделушілерді ем алу үшін несие рәсімдеуге үгіттеп, салдарынан 572,9 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Одан да қайғылы оқиға — тоғыз жастағы Аминаның тағдыры. «Жаңашыл дәрігер» ретінде танылған адам қыз баланы ми ісігінен дәлелденбеген әдістермен 20 млн теңгеге емдеген. Соның салдарынан Амина комаға түсіп, кейін көз жұмды.

Көпшіліктің талқысына түскен тағы бір жағдай 2021 жылы Маңғыстау облысында болған. Сегіз жасар бала қолын сындырып алғанымен, ата-анасы оны дәрігерге емес, тәуіпке апарған. Нәтижесінде көрсетілген «емнің» салдары қолды ампутациялауға дейін жеткізді. Ата-анасы немқұрайлылығы үшін айыппұл төледі, ал тәуіптің қызметінің заңдылығын полиция тексерумен шектелді. Бар болғаны осы.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеде бейтарап позиция ұстанып отыр: ведомствоның пайымдауынша, емшілік дәлелді медицинаға да, дәстүрлі медицинаға да жатпайды, сондықтан «тәуіптердің» саны бойынша ешқандай статистика жүргізілмейді. Министрлік мұндай әдістерді бағалау мүмкін емес екенін және құқықтық жауапкершілік тек денсаулыққа нақты зиян келген жағдайда ғана туындайтынын алға тартады. Заңдағы мұндай қайшылық «көріпкелдер академиясының» еш кедергісіз жұмыс істеуіне, жаңа «емшілер» мен «сәуегейлерді» даярлауға жағдай жасап отыр.

Қазақстан цифрландыру дәуірінде электрондық үкіметті дамыту бойынша алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналғанына қарамастан, неге адамдар әлі күнге дейін тарологтардан, билерден және тәуіптерден жауап іздейді? Біздіңше, мұның бірнеше себебі бар. Бұл — бір жағынан, құқықтық және азаматтық сауаттылық деңгейінің төмендігі мен күрделі бюрократиялық рәсімдерді айналып өтіп, қарапайым әрі «түсінікті» шешім іздеудің салдары. Екінші жағынан — мемлекеттік институттарға деген сенімсіздік. Ресми сот жүйесі қолжетімсіз немесе әділетсіз көрініп, ал мемлекеттік медицина шамадан тыс бюрократияланған құрылым ретінде қабылданғанда, адам өзіне жылдам әрі түсінікті нәтиже уәде ететін жерге жүгінеді.

Мемлекет, әрине, мұндай құбылыстардың алдын алуға тырысып жатыр. Мемлекеттік орган атауларымен үндесетін атауларды пайдалануға шектеу енгізу және ҮЕҰ қызметін тіркеу талаптарын қатаңдату көзделіп отыр. Алайда көрші елдердің тәжірибесі бұдан да қатаң тәсілдердің бар екенін көрсетеді. Мысалы, Тәжікстанда бал ашу мен сиқыршылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, 1,5 мыңнан астам эзотерик есепке алынған. Ал гуманистік қағидаттарды ұстанатын Қазақстанда мұндай тәжірибе жоқ. Мемлекет «халықтық тұлғалармен» әзірге жұмсақ тәсілмен жұмыс істеуге тырысып отыр.

«Қазақстан Республикасының заңнамасы мемлекеттік органдардың айрықша құзыреті қағидатына негізделген. Мемлекеттік саясатты іске асыру, бақылау мен қадағалау жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану функцияларын тек уәкілетті мемлекеттік органдар ғана жүзеге асыра алады. Қоғамдық бірлестіктердің билік өкілеттігі жоқ және олар үшінші тұлғалар орындауға міндетті шешімдер қабылдай алмайды. Олардың қызметі жарғылық мақсаттармен және заңнама талаптарымен шектеледі», – деді премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға жолдаған жауабында. Алайда мұны депутаттардың өздері де жақсы білетіні анық.

Соған қарамастан, құқықтық және медициналық сауатсыздықты пайдаланып, миллиардтаған табыс тауып отырған «халық сеніміне ие тұлғалар» бірлестіктері мемлекетті бәрібір кейін әрекет ететін тараптың жағдайында қалдырып отыр. Өйткені билік көбіне олардың қарқынды «халықтық» қызметінің салдарын жоюмен ғана айналысуға мәжбүр.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Арандатуды тоқтатыңдар!

Бұл жолы Қазақстан Президентінің Мәскеудегі 9 мамыр Жеңіс шеруіне қатысуы бір жағынан үйреншікті, екінші жағынан күтпеген жағдай болды.

Тарихы ортақ, тағдыры бір: Байқоңырдағы 9 мамыр

Жеңістің 81 жылдығын мерекелеу төңірегіндегі жағдай Қазақстан мен Ресей арасындағы қазіргі одақтастық қарым-қатынастың шынайы сипатын көрсетті. Қазақстан аумағындағы жалғыз толыққанды әскери шеру ерекше мәртебесі бар Байқоңыр қаласында өтті.

Технологиялық серпіліске жетелейтін 7 миллион себеп

7 миллионға жуық бала мен жасөспірім — бұл алдағы жылдарға арналған орасан зор адами капитал. Еуропа мен Шығыс Азияның бірқатар елдері керісінше, халықтың қартаюы мен жұмыс күшінің азаюына тап болып отырғанда, бұл біздің мемлекетіміз үшін үлкен басымдық.

Күмәнді экономикалық өрлеу

2025 жылғы қарашада халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бірлескен бағдарлама қабылданғалы бері бес ай өтсе де, әзірге нақты нәтижеден гөрі ниет туралы әңгіме көбірек айтылып жатқандай әсер қалдырады.