«Бүгінгі таңда білім беру жүйесі экономиканы білікті мамандармен стратегиялық тұрғыда қамтамасыз ету функциясынан іс жүзінде айырылып қалды. Университеттер экономика салалары үшін кәсіби кадрлар даярлаудың орнына, көбіне тек «дипломы бар түлектерді» шығаруға көшті.
Экономикалық дамудағы кадрлық ресурстардың маңызы
Қазақстан ең қауіпті жүйелі проблемалардың біріне бетпе-бет келді: ел экономикасы мен кадрларды даярлау жүйесі бір-бірінен алшақтап, дербес әрекет ете бастады. Университеттер, колледждер мен мектептер өз алдына, ал өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және өндіріс салалары өз бетінше дамуда.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде ғылым, білім беру және кадр даярлау мәселелері мемлекет дамуының стратегиялық негізі ретінде қарастырылмай қалғаны жасырын емес. Оның орнына нарықтық реформаларды жеделдету, жекешелендіру және мемлекеттік шығыстарды қысқарту мәселелері алдыңғы планға шықты. Соның салдарынан кадр даярлау жүйесі әлсіреді.
Соңғы 20–25 жылда саналы немесе санасыз түрде мектеп – кәсіптік-техникалық білім беру – жоғары оқу орны – салалық ғылым – өндіріс арасындағы өзара байланыс жүйесі бұзылды. Дәл осы алшақтық инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлардың созылмалы тапшылығына басты себеп болды.
Еңбек нарығының мәліметтеріне сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанға шамамен 1,6 – 1,9 млн маман қажет болады. Ең жоғары сұраныс білім беру, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы салалары мен жұмысшы мамандықтарына бағытталады деп болжануда.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы кадрларды даярлау құрылымы ұзақ уақыт бойы негізінен құқықтану, экономика, менеджмент, қаржы және халықаралық қатынастар салаларына басымдық беріп келді.
Нәтижесінде елде мынадай қарама-қайшылық туындады: бір тарапта — жоғары оқу орнын бітірген түлектердің айтарлықтай саны болса; екінші тарапта — инженерлердің, технологтардың, энергетиктердің, аграршылардың, конструкторлардың, автоматтандыру мамандары мен жоғары білікті жұмысшылардың өткір тапшылығы сезілуде.
Кадр тапшылығы мемлекеттік индустриялық бағдарламалардың іске асырылуына тежеу бола бастады.
Мамандар даярлау жүйесіндегі теңгерімсіздіктің негізгі себептері
1. Кәсіптік бағдар беру және кадрларды жоспарлау мәселелері
Нарықтық модельге көшкеннен кейін мемлекет кадр саясатын толыққанды ұзақ мерзімді жоспарлаудан іс жүзінде бас тартты. Жоғары оқу орындары экономиканың қажеттіліктеріне емес, студенттерді коммерциялық негізде қабылдауға басымдық бере бастады. Бұл келесідей салдарға әкеп соқтырды:
- «сұранысқа ие» (сәнді) мамандықтардың шамадан тыс даярлануы;
- техникалық кадрлардың тапшылығы;
- инженерлік білім беру сапасының төмендеуі;
- дипломдардың құнсыздануы.
Бірқатар техникалық жоғары оқу орындарын жекешелендіру нәтижесінде көптеген бейінді университеттер қаржылық пайда табу мақсатында өздеріне тән емес даярлау бағыттарын аша бастады. Соның салдарынан:
- техникалық университеттер инженерлік мамандану бағыттарынан айырылды;
- ғылыми база деңгейі төмендеді;
- өндіріспен байланыс әлсіреді;
- міндетті өндірістік практика жүйесінің пәрменділігі жеткіліксіз болып қалды.
Бірнеше жоғары оқу орны тиісті қаржылық, техникалық мүмкіндіктері мен тәжірибесі болмаса да, бейінді емес медицина факультеттерін ашты. Мысалы, Ресейде медицина факультеттерінің ашылуын бақылау бойынша тиісті шаралар қабылданып үлгерді.
Көптеген педагогикалық жоғары оқу орындары тиісті материалдық-техникалық базаны талап ететін мамандықтар бойынша кадрлар даярлауда. Мәселен, мамандандырылған жоғары оқу орындарының бірінде эксперимент жүргізілді. Оның барысында еліміздің түрлі университеттерінен «радиотехника» мамандығы бойынша 2-курсты «үздік» аяқтаған 30 студент іріктеліп алынды. Нәтижесінде, олардың арасынан тек 3 студент қана «қанағаттанарлық» деген бағаға лайық білім деңгейін көрсетті. Қалғандары тіпті физика пәнінің мектеп бағдарламасын да меңгермегені анықталды.
2. Мектептегі дайындық сапасына қатысты мәселелер
Жоғары оқу орындарындағы түйткілдер мектептегі дайындық сапасының төмендеуімен тікелей байланысты. Іс жүзінде бүгінгі таңда техникалық университеттер мынадай міндеттерді орындауға мәжбүр:
- мектеп бағдарламасындағы математиканы қайта оқыту;
- физика пәні бойынша білім деңгейінің төмендігін өтеу;
- студенттердің базалық дайындығындағы олқылықтарды жою.
Бұл білім беру сабақтастығының жүйелі түрде бұзылғанын білдіреді.
3. Ғылымның, білімнің және өндірістің интеграциясы
Ең күрделі мәселелердің бірі – толыққанды ұлттық инновациялық жүйенің қалыптаспауы. Дамыған елдерде университет – ғылым – өндіріс – бизнес – мемлекет арасында тығыз байланыс орнаған.
Қазақстанда болса:
- академиялық ғылым дербес әрекет етеді;
- жоғары оқу орындарының ғылымы бөлек дамиды;
- салалық ғылым тек үзік-үзік (фрагментарлы) сипатта;
- өндіріс саласы кадрлар даярлау процесіне көбіне мүлдем тартылмаған.
Нәтижесінде экономикаға қажетті:
- жаңа технологиялар;
- инженерлік шешімдер;
- қолданбалы әзірлемелер;
- инновациялық мамандар жетіспейді.
4. Білім беру реформаларын іске асырудың ерекшеліктері
Қазақстан экономикасының өзіндік ерекшеліктерін ескерместен Болон конвенциясына қосылу кадрларды толыққанды, сапалы даярлау жүйесінде кері салдарға әкеп соқтырды. Бұл аталған конвенцияны имплементациялаудың формальды әрі механикалық сипатта болуымен байланысты.
Негізгі мәселе мынада болды: білім беру нысандары реформаланды
бірақ оның мазмұны реформаланған жоқ. Нәтижесінде жүйеде мынадай ауысу орын алды: іргелі (фундаменталды) дайындықтан — жеңілдетілген «білім беру қызметтері» жүйесіне көшу болды.
Бұл инженерлік кадрларды даярлау деңгейінің тереңдігін төмендетті. Шыны керек, жоғары білім беру жүйесіндегі түйткілдер дәл осы Болон конвенциясына асығыс әрі жете ойластырылмаған түрде қосылудан басталды. Негізінде, Конвенция дамыған елдердегі қолданыстағы білім беру жүйелерін бұзуды көздемеген болатын. Ал Қазақстан КСРО құрамында болған кезде дамыған елдің бір бөлігі еді.
Сонымен қатар, Конвенцияда елдегі қолданыстағы жүйе бойынша кадрлар даярлаудан бас тарту туралы қатаң талап болған жоқ. Біздегі реформалар бірқатар жүйелі сәйкессіздіктермен қатар жүрді. Атап айтқанда, аспирантура мен докторантура желісі бойынша ғылыми даярлық жойылып (бұрынғы КСРО-ның көптеген елдері бұл жүйені сақтап қалғанына қарамастан), оның орнына сапасы әртүрлі магистратура бағдарламалары енгізілді. Бұл келесідей жағдайларға жол ашты:
- магистратураға базалық емес мамандықтар бойынша түсу мүмкіндігі пайда болды;
- мәселен, техникалық мамандықтарға мейрамхана ісі, дене шынықтыру немесе медицина саласының мамандары оқуға түсіп, тіпті кейбірі кейіннен докторантурада білімін жалғастырды;
- гуманитарлық сала мамандарының техникалық мамандықтар бойынша магистратураға түсуіне жол берілді, бұл – өте даулы тәжірибе (айта кетерлігі, техникалық мамандық иелерінің гуманитарлық салаға ауысуы қисынды болуы мүмкін);
- кейбір жағдайларды қоспағанда, классикалық университеттердің басшылығына ғылыми дәрежесі жоқ, тек «менеджер» ретінде қарастырылатын гуманитарлық сала мамандары келе бастады. Алайда университеттің мәртебесін, беделі мен дамуын, ең алдымен, ғалым-басшының кәсіби деңгейі мен беделі айқындайды;
- кредиттік оқыту жүйесі іргелі дайындық әдіснамасының өзгеруіне әкеп соқтырды;
- аталған факторлардың жиынтығы елден жастардың жылыстауына ықпал етуде.
5. Еңбек нарығының қажеттіліктерін болжау мәселелері
Бұл бағытта Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ), Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (СЖРА), Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) негізгі рөл атқарады. Алайда, аталған құрылымдардың арасында толыққанды синхронизация жоқ. Министрліктер іс жүзінде өзара үйлеспейтін әртүрлі логика шеңберінде жұмыс істеуде. Соның салдарынан кадрлық болжам жасаудың мемлекеттік жүйесі фрагментарлы сипат алып, ведомствоаралық бытыраңқылыққа ұшырады:
- білім беру саласы — мамандарды даярлап шығарады;
- экономика блогы — бағдарламаларды қалыптастырады;
- еңбек нарығы — кадр тапшылығын тіркейді;
- статистика органдары — тек орын алған салдарды айқындаумен шектеледі.
Дегенмен, стратегиялық кадрлық теңгерімнің біртұтас жүйесі қалыптасқан жоқ. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтардың ішінде сатушылардың, күзетшілердің, кеңсе қызметкерлері мен біліктілігі жоқ еңбек күшінің басым болуы ерекше алаңдаушылық туғызады.
Бұл жағдай экономиканың технологиялық деңгейінің төмендігін және жоғары технологиялық құзыреттерге жаппай сұраныс қалыптастыра алмай отырғанын көрсетеді. Бұл ретте кәсіби, ғылыми және техникалық қызметпен айналысатындардың үлесі өте төмен деңгейде — шамамен 3% көлемінде қалып отыр. Бұл көрсеткіш білім экономикасының құрылымдық әлсіздігін айқындайтын негізгі индикаторлардың бірі болып табылады.
Кадр саясатын жетілдірудің басым бағыттары
Бүгінгі таңда келесі шараларды жүзеге асыру қажет:
Бірінші. Кадрларды мемлекеттік стратегиялық жоспарлау жүйесін қалпына келтіру. Алдағы 5 – 15 жылға арналған өңірлер мен салалар бөлінісінде қандай мамандардың және қанша мөлшерде қажет екендігін анықтайтын біртұтас ұлттық болжамдау жүйесін құру қажет.
Екінші. Инженерлік және техникалық білім берудің басымдығын қайтару. Бұл үшін келесі тетіктер талап етіледі:
- мемлекеттік индустриялық тапсырыстарды енгізу;
- міндетті өндірістік практиканы ұйымдастыру;
- білім беру гранттарын экономиканың нақты жобаларымен байланыстыру;
- кадрлар даярлау процесіне бизнестің қатысуын қамтамасыз ету;
- ғылымды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесін қайта бағдарлау. Олардың функцияларын ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына беріп, орындалу жауапкершілігі мен бақылауды Ғылыми кеңестерге жүктеу қажет. Бұл сыбайлас жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік береді (мәселен, қазіргі уақытта ғылыми жобаларды сараптау тетіктерінің ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақтар туындауда).
Үшінші. ТжКБ (техникалық және кәсіптік білім беру) жүйесі мен жұмысшы мамандықтарын өзектендіру. Қазақстан дәнекерлеушілерге, механиктерге, энергетиктерге, жабдық операторларына, технологтарға, құрылысшылар мен агромамандарға аса зәру. Осы мамандарсыз индустрияландыру процесін жүзеге асыру мүмкін емес.
Төртінші. Ғылымды, жоғары оқу орындарын және өндірісті интеграциялау. Түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін келесідей құрылымдағы толыққанды ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыру қажет:
- университеттер кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істейді;
- ғылым қолданбалы міндеттерді шешеді;
- мемлекет стратегияны үйлестіреді.
Бесінші. Реформа жасау үшін ғана жүргізілетін шексіз өзгерістерді тоқтату. Соңғы жылдардағы басты проблемалардың бірі – модельдердің, стандарттар мен тәсілдердің жиі ауысуы. Білім беру жүйесі тұрақтылықты, іргелі дайындықты және ұзақ мерзімді стратегияны талап етеді.
Қазақстан үшін адами капиталдың стратегиялық маңызы
Қазақстанның басты проблемасы — жай ғана кадр тапшылығы емес, болашақ экономикасы үшін адами капиталды ұдайы өндірудің жүйелі моделінің жоқтығы. Айта кетерлігі, ұзақ уақыт бойы біз мамандарды индустриялық даму үшін емес, «диплом үшін» даярлап келдік.
Егер бұл үрдіс сақталатын болса, Қазақстан келесідей қатерлерге тап болуы мүмкін:
- созылмалы кадрлық дағдарыс;
- технологиялық тәуелділіктің күшеюі;
- инженерлік құзыреттердің тапшылығы;
- индустрияландыру процесінің баяулауы;
- жасанды интеллект пен заманауи технологияларды толыққанды енгізуге қабілетсіздік.
Әлем білім экономикасына, жоғары технологияларға, жаппай цифрландыруға және жасанды интеллектіні енгізуге көшуде. Бүгінгі таңда мемлекеттер арасындағы бәсекелестік тек ресурстар үшін емес, интеллект, технологиялар және адами капитал үшін жүруде. Егер Қазақстан кадрлар даярлаудың заманауи жүйесін құра алмаса, ел технологиялық тұрғыдан артта қалу және шетелдік мамандар мен технологияларға тәуелділіктің күшею қаупіне тап болады.
Негізгі қорытынды мынада: Қазақстандағы кадрлық дағдарыс — бұл жекелеген министрліктердің немесе жоғары оқу орындарының ғана мәселесі емес. Бұл — мемлекеттік жоспарлаудағы, экономикалық саясаттағы, білім мен ғылымдағы көпжылдық жүйелі қателіктердің нәтижесі. Бұл түйткілдерді шешу қаншалықты кешіктірілсе, еліміздің болашақта өзіндік технологиялық және экономикалық дамуын қамтамасыз етуі соғұрлым қиындай түседі.
Еділ Мамытбеков
ҚР Парламенті Сенатының жанындағы
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
ҚР ҰИА және ХАЖА академигі




