Евразия24ЖаңалықтарАстанада Astana LRT жүйесі іске қосылды

Астанада Astana LRT жүйесі іске қосылды

|

|

Астана. 16 мамыр. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT желісін іске қосу рәсіміне қатысты. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

«Тоқаевқа сериялық нөмірі 001 болатын карта табысталды. Мемлекет басшысы алғашқы жолаушы ретінде “Әуежай” станциясынан “Ұлттық музей” станциясына дейін жол жүрді», — делінген сенбі күні таратылған хабарламада.

Президент бүгінгі оқиғаның Астана мен бүкіл Қазақстан үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. «Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта елорда Еуразиядағы ірі көлік хабына айналуы тиіс екенін айтты», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар мемлекет басшысы елордадағы қоғамдық көліктің, соның ішінде LRT жүйесінің жұмысын бақылап әрі реттеп отыратын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты. Қоғамдық көлік қозғалысын бақылауға және үйлестіруге 21 маман тартылған.

Әрбір LRT пойызы 600-ден астам жолаушы тасымалдауға есептелген. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 пойыз қатынайды, оның төртеуі резервте болады. Пойыздар жүргізушісіз режимде жұмыс істейді.

Жүйеде қозғалысты басқару, жылдамдықты арттыру мен тежеу, есіктерді ашу, сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толық автоматтандырылған. Сонымен бірге қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланыс мүмкіндігі сақталған.

Инфрақұрылым құрамына 18 станция мен заманауи депо кіреді. Бағыттың толық ұзындығын жүріп өтуге шамамен 40 минут кетеді. Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 50–60 шақырым болады. Қозғалыс аралығы 5–6 минутты құрайды.

Қоғамдық көлік жүйесін одан әрі дамыту мақсатында LRT-ның екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесі де қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» тұрғын алабы және Қосшы қаласы бағыттарына жаңа желілер салу жоспарланған. Екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырым болып, 20 станция қамтылады.

Мемлекет басшысы LRT құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компания өкілдеріне, CTS Transportation және Astana LRT қызметкерлеріне жобаны әрі қарай іске асыруда табыс тіледі.

Бұған дейін LRT желісін іске қосу 2025 жылдың соңы — 2026 жылдың басына жоспарланғаны хабарланған еді. Қазақстан астанасында LRT салу идеясы 2000-жылдардан бері талқыланып келеді. Алғашқы желінің құрылысы 2011 жылы басталып, бастапқы жоспар бойынша 2013 жылы аяқталуы тиіс болған. Кейін жоба мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ормуз бен Баб-эль-Мандеб: ғасырларға созылған тартыс

Байқаушылар Конгреске өткен аралық сайлаудан кейін АҚШ Иран мен Йемендегі хуситтерге қарсы әскери қимылдарын қайта бастайды деп болжайды. Пентагон мен Израильдің Қорғаныс армиясы бәрін келісіп қойған, енді Ақ үйдің саяси шешімін күтіп отыр. Ормуз бен Баб-эль-Мандеб бұғаздарын АҚШ бақылауына алу үшін Дональд Трамп қандай да бір тың тәсіл ұсына ала ма? Екіталай. Әлем үшін айрықша маңызды осы екі теңіз жолы соңғы бірнеше ғасырда не көрмеді дейсіз.

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.