ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі келесіні хабарлайды: «Үкімет алдағы оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлді. Биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен оқу жылдарының деңгейінде сақталады. Алдағы 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде: бакалавриатқа – 75 371, магистратураға – 11 007, докторантураға – 3 079 грант қарастырылған. Мемлекеттік тапсырысты бөлу процесі ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрлық қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген».
Еуразия24 пікірі:
Қазақстан алдағы оқу жылына арналған мамандар даярлаудың мемлекеттік тапсырысын бекітті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бөлінген гранттардың жалпы санынан бөлек, соңғы 5 жылда талапкерлердің таңдауы заңгерлік пен экономикалық мамандықтардан IT, жасанды интеллект (ЖИ) және инженерия бағыттарына қарай ойысқанын атап өтті. Жастар арасында машина жасау, мұнай-газ салалары және… педагогика ең сұранысқа ие бағыттар болып табылады. Осылайша, 2026-2027 оқу жылында барлық мемлекеттік гранттардың 21%-ы мұғалімдерді даярлауға бағытталып отыр. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, студенттердің шамамен 60%-ы дәл осы IT, инженерлік және педагогикалық мамандықтарды таңдайды. Яғни, кадр тапшылығын қатты сезініп отырған ауыл шаруашылығы мен медицина салалары тағы да басымдыққа ие болмай қалды. Дегенмен, бейінді министрліктердің мәліметінше, дәл осы салалардағы мамандардың жетіспеушілігі даму процесін тежеп отыр. Бұл жағдай мемлекеттік кадрлық тапсырысты бөлуде кезекті теңгерімсіздіктің бар екенін көрсетеді.




