Евразия24Басты бетДенсаулық сақтау саласының басты мәселесі: Қазақстан медицинадағы кадр тапшылығын жоя алмай келеді

Денсаулық сақтау саласының басты мәселесі: Қазақстан медицинадағы кадр тапшылығын жоя алмай келеді

|

|

Соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін шығыстар айтарлықтай өсіп, медициналық жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлер саны артты. Сондай-ақ цифрландыру процесі іске қосылып, жаңа клиникалардың құрылысы жүргізілуде және дәрігерлерді қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары енгізілді. Алайда, бұл құралдардың жиынтығы медицина саласындағы басты мәселе – кадрлардың тапшылығын шеше алмады. 2024 жылы медициналық университеттер 10,5 мың, ал 2025 жылы 11,6 мың маман даярлап шығарғанымен, 2026 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша жүйеде 4 мыңнан астам медицина қызметкерінің жетіспеушілігі тіркелді. Мемлекет есебінен білім алған осынша түлектің қайда кеткені және бұл бағытта қандай қадамдар жасау керектігі әлі де өзекті. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға бағытталған талпыныстардың тиісті нәтиже бермей отырғанын атап өткен жөн.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМ ЖӘНЕ ДӘРІГЕРЛЕР ТАПШЫЛЫҒЫ

Жақында «Ranking.kz» аналитикалық порталы денсаулық сақтау саласындағы күрделі жағдайды сипаттайтын деректерді жариялады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың әр 10 мыңына шаққандағы дәрігерлер саны 28,2-ден 27,9-ға дейін төмендеген. Статистикалық тұрғыдан алғанда, мамандардың жалпы саны өзгерген жоқ (бұрынғыдай 57 мыңнан асады). Дегенмен, демографиялық өсім аясында әрбір маманға түсетін жүктеме айтарлықтай артып келеді.

«Өңірлік теңсіздік мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мысалы, 20 өңірдің тек 6-уында ғана дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші республикалық орташа деңгейден жоғары. Сонымен, Астанада халықтың әр 10 мыңына 41,8 дәрігерден келеді (елдегі орташа көрсеткіштен 50%-ға жоғары), Алматыда – 36,7 дәрігер (орташа көрсеткіштен 31,6%-ға жоғары), Қарағанды облысында – 34,7 дәрігер (24,4%-ға жоғары). Ал халық тығыз қоныстанған Алматы облысында әр 10 мың тұрғынға шаққанда небәрі 20,2 дәрігерден келеді, бұл – ел бойынша ең төменгі көрсеткіш (орташа мәннен 27,5%-ға төмен). Осыған ұқсас жағдай Маңғыстау облысында – 20,2, Жамбылда – 21,5, Қостанайда – 21,8 және Ақмола облысында – 22 дәрігерден келеді», — деп «Ranking.kz» Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сілтеме жасайды.

Осы орайда халықаралық салыстырмалы деректер ерекше назар аудартады.

Қазақстанда халықтың әр 10 мыңына шаққанда небәрі 28 дәрігерден келсе, Беларусьте бұл көрсеткіш – 47,2, Ресейде – 51,1, ал Грузияда – 56,4-ті құрайды. Бірқатар Еуропа елдерінде бұл меже 60 дәрігерден асады.

Орта медициналық персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де күрделі күйінде қалып отыр. Медбикелер, фельдшерлер мен акушерлердің де көрсеткіші төмендеуде. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың әр 10 мыңына 76 орта буын қызметкерінен келді, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 77,9 болған еді. Бұл – жай ғана статистика емес, себебі медициналық мекемелердегі қызметкерлер саны емдеу көмегінің қолжетімділігіне тікелей әсер етеді.

ОҢ НӘТИЖЕЛЕРГЕ ҚАРАМАСТАН, КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ САҚТАЛЫП ОТЫР

Денсаулық сақтау министрлігі оң серпінді атап өткенімен, бұл мәселенің бар екенін жоққа шығармайды.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметтері бойынша, соңғы екі жылда Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы 20 пайызға азайған. Дегенмен, кадр мәселесі әлі де өзекті. Бүгінде елде акушер-гинекологтар, педиатрлар, анестезиологтар мен реаниматологтарға деген сұраныс жоғары. Медициналық кадрларға деген ең үлкен қажеттілік Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Жетісу облысында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында сақталып отыр», — деп «24.kz» телеарнасы ел бойынша 4 мыңға жуық дәрігердің жетіспейтінін алға тарта отырып хабарлады.

Сол уақытта Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстары департаментінің басқарма басшысы Әсет Ізденов қалыптасқан жағдайдың себептерін ашық атап өтті. Оның айтуынша, медициналық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар маман тарту бағытында тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр. Сонымен қатар, шенеунік дәрігерлер үшін инфрақұрылымның тартымсыздығы да кері әсерін тигізіп жатқанын жеткізді.

Бұл мәлімдеме өте маңызды. Себебі бұл мәселе тек білім беру саласына ғана қатысты емес, өйткені медициналық жоғары оқу орындары жыл сайын мыңдаған жас маман даярлап шығарады. Алайда олар баспана, тиісті еңбек жағдайы, заманауи техника мен нақты мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылмаған өңірлерге баруға ынталы емес.
Ақмола облысындағы акушер-гинеколог Ольга Букарьдың мысалы осы жағдайдың айқын көрінісі деуге болады. Ол зейнетке шыққанына 13 жыл өтсе де, жұмысын жалғастырып келеді. Себебі оның орнын басатын маман жоқ.

Бұл енді жекелеген жағдай емес, жүйелі мәселеге айналды. Қазақстанның көптеген өңірінде медицина саласы іс жүзінде зейнет жасындағы дәрігерлердің арқасында жұмыс істеп тұр. Олар еңбек етіп жүргенде жүйе де жұмысын жалғастырады. Ал кейін не болмақ?

МЫҢДАҒАН ТҮЛЕКТІҢ ҚАЙДА КЕТКЕНІ БЕЛГІСІЗ

Ең қолайсыз сұрақ Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасымен танысқаннан кейін туындайды.

2025 жылы маусымда Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2024 жылы медициналық жоғары оқу орындарын рекордтық деңгейдегі 10 570 маман тәмамдағанын, ал 2025 жылы түлектер саны 11 626 адамға жетеді деп күтіліп отырғанын мәлімдеген еді. Олардың жартысынан астамы мемлекет қаржысы есебінен тегін білім алған. Бұдан бөлек, жыл сайын 5 мыңнан астам білім гранты бөлінеді, оның ішінде 2,5 мыңы резидентура бағдарламаларына арналған.

Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі жүйе өңірлік қажеттілікке бейімделіп құрылғанын атап көрсетеді — мемлекеттік грантпен оқыған түлектер мемлекеттік тапсырыс берілген аймақтарда міндетті түрде еңбек өтеуі тиіс. Қағаз жүзінде бәрі жүйелі көрінеді.

Мемлекет мамандар даярлауды қаржыландырады, оларды алдын ала өңірлерге бөледі және кадрлық резерв қалыптастырады. Алайда іс жүзінде жұмысқа баратын маман тапшы болып шығады.

Мұны қалай түсінуге болады? Егер медициналық жоғары оқу орындарын жыл сайын 10 мыңнан астам жас маман бітіріп шықса, онда неліктен жүйеде әлі де 4 мың дәрігер тапшы және ауылдық ауруханалар зейнеткерлердің еңбегіне сүйенуге мәжбүр?

Сондай-ақ, кейбір өңірлерде дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі неліктен орташа көрсеткіштен үштен бір есе төмен?

Бұған қатысты бірнеше болжам бар.

Біріншіден, түлектердің белгілі бір бөлігі мамандығы бойынша мүлдем еңбек етпеуі мүмкін. Медициналық білім беделді болып саналғанымен, дәрігерлік қызмет үлкен жауапкершілікті талап ететін, психологиялық тұрғыдан күрделі жұмыс болып қала береді. Оның үстіне, бұл саладағы еңбекақы деңгейі көп жағдайда жас мамандардың үмітін ақтамайды.

Екіншіден, мамандардың көбі жалақысы жоғары және еңбек жағдайы мемлекеттік емханалар мен аудандық ауруханаларға қарағанда қолайлырақ жекеменшік секторға ауысады.

Үшіншіден, тапшы мамандардың басым бөлігі өмір сүру деңгейі жоғары әрі кәсіби даму мүмкіндіктері кең ірі қалаларда шоғырланады.

Осындай жағдайда медицина саласындағы жастарды кінәлау қаншалықты орынды?

Сонымен қатар, маман даярлау сапасына қатысты да мәселелер бар. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өз сұхбатында медициналық білім беруді реформалау жұмыстарын шекті балл деңгейін көтеруден және үшінші курстан кейін қосымша емтихандар енгізуден бастауға тура келгенін атап өтті. Бұл бұған дейін жүйе даярлаған мамандардың барлығы бірдей нақты іс-тәжірибеге дайын бола бермегенін жанама түрде көрсетеді.

ЦИФРЛАНДЫРУ ДӘРІГЕРДІҢ ОРНЫН БАСА АЛМАЙДЫ

Кадр дағдарысы жағдайында Денсаулық сақтау министрлігі басты назарды цифрландыру процесіне қоюда. Ведомство басшысы «E-Densaulyq» бірыңғай цифрлық экожүйесін, Медициналық деректердің бірыңғай қоймасын құру, миллиондаған пациенттің жағдайына цифрлық мониторинг жүргізу және медициналық ақпараттық жүйелерді толық интеграциялау туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрландыру шаралары дәрігерлердің мәліметтерді енгізуге жұмсайтын уақытын шамамен 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

Заманауи технологиялардың бюрократиялық кедергілерді азайтуға, құжаттардың қайталануын шектеуге және жүйені бақылауды жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз. Дегенмен, цифрландыру процесі кадр тапшылығына қатысты негізгі мәселені түбегейлі шеше алмайды.

Ең заманауи ақпараттық жүйенің өзі аудандық ауруханадағы анестезиологты, ауылдық амбулаториядағы педиатрды немесе облыстық орталықтағы хирургті алмастыра алмайды. Емханада қабылдау жүргізетін маман тапшы болса, электронды ауру тарихы емделушіге көмектесе алмайтыны анық.

Оның үстіне, цифрландыру процесінің өзі білікті кадрларды талап етеді. Жаңа жүйелермен жұмыс істей алатын, қызметкерлерді оқытатын және инфрақұрылымды қолдайтын мамандар қажет. Ал медицина қызметкерлерінің шамадан тыс жұмыс жүктемесі жағдайында цифрлық реформалар кейде олар үшін қосымша міндетке айналып жатады. Дәл соңдықтан бүгінгі таңда отандық денсаулық сақтау саласының басты мәселесі қаржыда немесе технологияда емес, мамандарды кәсіби ортада сақтап қалуда болып отыр. Олардың мемлекеттік медицина жүйесінен кетуінің ықтимал себептерін біз жоғарыда атап өттік. Кадр тапшылығы мәселесі жүйелі түрде қайталана беретіні айқын, сондықтан ешқандай цифрлық экожүйе пациенттің жанындағы білікті дәрігердің орнын толтыра алмайды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

2026–2027 жылдары сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды

2026-2027 оқу жылында барлық мемлекеттік гранттардың 21%-ы мұғалімдерді даярлауға бағытталып отыр. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, студенттердің шамамен 60%-ы дәл осы IT, инженерлік және педагогикалық мамандықтарды таңдайды.

Ортақ суға — ортақ тәртіп

Орталық Азияда су ресурстарының экономика, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика, миграция және өңірлік тұрақсыздық қатерлерінің маңызды құрамдас бөлігі екені іс жүзінде мойындалып келеді. Бұл мәселенің Қазақстан үшін маңызы өте зор.

Сусымалы отарлау саясаты және зейнетақы активтері

Зейнеткерлердің өздері 2025 жылы небәрі 864 млрд теңге алғанымен,...

Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты бітімді бұзды деп айыптады

Иран Сыртқы істер министрлігі сейсенбі күні АҚШ-тың атысты тоқтату режимін бұзғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай оқиғалар Иранның оңтүстігінде тіркелген. Бұл туралы «Тасним» агенттігі хабарлады.