Евразия24Басты бетҚатал дәрі-дәрмек нарығы: еркіндіктен шипа жоқ, қысымнан пайда жоқ

Қатал дәрі-дәрмек нарығы: еркіндіктен шипа жоқ, қысымнан пайда жоқ

|

|

Таяуда Ресейдің Қазақстандағы Сауда өкілдігі бағаны мемлекеттік реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесінен бөлшек саудадағы құны 1 АЕК-тен (4 325 теңге) аспайтын препараттар алынып тасталатыны туралы ақпарат жариялады. Осы реформаның нәтижесінде мемлекеттік бақылауда рецепт бойынша босатылатын дәрі-дәрмектің 3 039 атауы ғана қалмақ. Ал жаһандық фармацевтика нарығында дәрі-дәрмектің баға тұрғысынан қолжетімділігі мен бизнес заңдылықтарының арасында жүйелі қайшылық туындап отыр. Осындай тығырыққа тірелген елдердің айқын мысалы ретінде дамыған Жапонияны атауға болады. Бұл елде дәрілік заттардың бағасын жыл сайын мәжбүрлі түрде төмендетудің қатаң жүйесі қауіпті салдарға алып келді. Мәселен, Жапонияда 2025 жылы препараттар орта есеппен 4,67%-ға арзандаса, 2026 жылы баға тағы 4%-ға төмендейді деп күтілуде. Алайда, мұндай шектен тыс талаптардың қойылуы жаһандық фармкомпаниялардың ел нарығынан кетуіне және азаматтардың озық емдеу әдістерінен қағылу қаупіне соқтырды. Қазақстанда оқиғалардың осы сценарий бойынша өрбу ықтималдығы қаншалықты жоғары?

Қазақстанның ішкі нарығында өзіндік күрделі жағдай қалыптасып отыр. ЖСДП фракциясы Денсаулық сақтау министрлігін жеткізу тізбегіндегі көтерме сауда үстемелерін тізгіндей алмағаны үшін қатаң сынға алып, айыптады. Өз кезегінде Ақмарал Әлназарова басқаратын министрлік «жоспарларды өзектендіру» және бағаны мемлекеттік реттеуден бас тарту бойынша ауқымды шаралар туралы есеп берді. Алайда бұл тартыс дәрі-дәрмек нарығының азаматтар үшін әділ баға белгілеуді қамтамасыз ете алмауы сияқты түбегейлі мәселені шешпейді.

ҚАЖЕТТІЛІГІ АРТҚАН САЙЫН — БАҒАСЫ ҚЫМБАТ

Әлеуметтік-демократтардың басты наразылығы — мемлекеттің дистрибьюторлық тізбектегі негізгі үстеме бағалар қалыптасатын көтерме сауда буынын мүлдем ескерусіз қалдырып, тек дәріханалардағы соңғы шекті бөлшек сауда бағасын ғана табанды түрде бекітіп отырғандығында.

Мәжілісмендердің пайымдауынша, бұл теріс тәжірибенің қалыптасуына әкеледі. Біріншіден, бұл бөлшек сауда саласына әлеуметтік соққы болып тиеді. Себебі халықпен тікелей жұмыс істейтін дәріханалар препараттардың базалық құнына өздері ықпал ете алмаса да, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығы немесе тапшылығы үшін азаматтардың бүкіл наразылығын өздеріне қабылдауға мәжбүр. Екіншіден, бұл көлеңкелі сектордың дамуына және тапшылыққа алғышарттар жасайды. Өйткені соңғы бағаларды әкімшілік жолмен шектеу дәрі-дәрмек ассортиментінің азаюына әкеп соғады, бұл өз кезегінде халықты заңсыз медикаменттерді сатып алуға итермелейді.

ЖСДП фракциясы Ақмарал Әлназароваға жұмыс бағытын түбегейлі өзгертуді ұсынды. Атап айтқанда, соңғы бағаларды бекіту тәжірибесінен бас тартып, оның орнына салық органдары мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) қатысуымен өтпелі цифрлық мониторингті енгізу арқылы шекті көтерме сауда үстемелерін тікелей өндіруші зауыттың бағасынан (инвойстан) бастап қатаң шектеуді алға тартты.

Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы алғашқыда бізге бір-біріне қайшы әрі қисынсыз болып көрінді.

«Жол картасы шеңберінде дәрілік заттардың (ДЗ, – Ред.) бағасын әкімшілік реттеуден нарықтық реттеуге кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде (2023 ж.) – рецептсіз босатылатын дәрілік заттардың 302 атауы бәсекелестік ортаға берілді, екінші кезеңде 2024 жылы – қосымша 952 атау мемлекеттік реттеуден шығарылды, ал 2025 жылы – рецептсіз босатылатын барлық дәрілік заттарды (1707) реттеуді тоқтату шаралары аяқталды. (…) Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 18 шілдедегі № 470 бұйрығымен көтерме және бөлшек саудада өткізілетін дәрілік заттардың шекті бағаларына өзгерістер енгізілді. Осылайша, дәрілік заттардың 4 994 позициясы бойынша шекті бағалар бекітіліп, оның ішінде 3 801 позицияның (жалпы санының 76%-ы) бағасы орта есеппен 26,5%-ға төмендетілді, 947 позиция бойынша баға өзгеріссіз қалды, ал жаңадан 246 позиция енгізілді», — делінген министрліктің депутаттық сауалға берген жауабында.

Фармацевтика саласының қыр-сырынан хабары аз адам үшін министрліктің бұл терминологиясы түсініксіз көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, бағаны «реттеуден бас тарту» туралы мәлімдей отырып, дәл сол мезетте «шекті құнды» белгілеу бойынша есеп беру логикаға сыйымсыз сияқты.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі депутаттардың «көтерме саудамен айналысушылар ескерусіз қалды» деген тұжырымын белгілі бір дәрежеде жоққа шығарады. Депутаттық сауалға берілген жауапта елімізде үстеме бағалардың бірыңғай регрессивті шкаласы қолданыста бар екені, онда көтерме сауда буыны үшін 25%-дық, ал бөлшек сауда үшін 30%-дық қатаң шекті деңгей белгіленгені айтылған. Осы уақытқа дейін өндірушілердің нақты шот-фактураларын бақылау тетіктерінің ашық болмағаны — бөлек мәселе. Бұл түйткілді шешу үшін министрлік мемлекеттік кірістер органдарының базаларымен интеграцияланған дәрі-дәрмекті таңбалау және қадағалау жүйесін енгізуде. Бұл шара депутаттардың цифрлық мониторинг жүргізу туралы талаптарымен тікелей үндеседі.

НАРЫҚ ТІЗГІНІ КІМДЕ — МЕМЛЕКЕТТЕ МЕ, ӘЛДЕ БИЗНЕСТЕ МЕ? 

Фармацевтика саласының өзіндік ерекшелігі бар. Ол, бір жағынан, адам өмірін арашалау сияқты ізгілікті миссияны орындаса, екінші жағынан, нарықтық есепке негізделген. Дәрі-дәрмек нарығының бүкіл халық үшін 100 пайыздық қолжетімділікті қамтамасыз ете алмайтыны да сондықтан. Егер бағаны толығымен еркіне жіберсек, коммерциялық сектор бірден жоғары маржалы импорттық препараттарға ойысады деп пайымдаймыз. Ондай жағдайда табысы аз қазақстандықтар және емі коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болып табылатын сирек кездесетін патологиялары бар науқастар назардан тыс қалуы мүмкін.

Алайда мемлекеттің баға белгілеу процесіне дөрекі әкімшілік жолмен араласуы да өзіндік тәуекелдерді тудырады. Тіпті бұл шаралардың салдары анағұрлым жойқын болуы да мүмкін. Дәрі-дәрмек сыртқы факторлардан оқшауланған ортада өндірілмейді, Қазақстан жаһандық логистикалық тізбекке терең кіріккен әрі субстанциялар мен дайын препараттар импортына тәуелді. Егер мемлекет бекіткен шекті баға коммерциялық тиімділік деңгейінен төмен болса, нарықтың қатал заңдылықтары бірден іске қосылады.

Біріншіден, дистрибьюторлардың нарықтан кету ықтималдығы артады. Көтерме жеткізуші үшін реттеу саясаты жұмсақ, ал маржа деңгейі жоғары басқа елдердің нарықтарына қайта бағдарлану әлдеқайда оңай әрі тиімді болады.

Екіншіден, жасанды тапшылық қаупі туындайды. Заңды жұмыс істейтін бизнес шығынға ұшырататын өнімдерді импорттауды қысқартады. Соның салдарынан дәрілік препараттар дәріхана сөрелерінен жоғалып кетуі мүмкін.

Үшіншіден, «көлеңкелі» нарықтың белсенділігі артады. Емге мұқтаж пациенттер дәрі-дәрмекті қалай болғанда да іздейді, алайда оларды әлеуметтік желілер немесе шекарааралық делдалдар арқылы бірнеше есе қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда дәрілерді сақтаудың ең қарапайым талаптарының өзі сақталмауы ықтимал.

Яғни мемлекеттік реттеу әрдайым өте нәзік тепе-теңдікті талап етеді. Шектен тыс еркіндік бағаның бақылаудан шығуына және әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін дәрі-дәрмектің қолжетімсіз болуына әкелсе, ал шамадан тыс шектеулер жаппай тапшылыққа және заңды бизнестің нарықтан кетуіне себеп болуы мүмкін.

АМЕРИКАЛЫҚ ЕРКІНДІК ПЕН ЖАПОНИЯЛЫҚ ҚЫСЫМНЫҢ АРАСЫНДА

Мұндай жағдайда қандай шара қолданған жөн? Біздің пайымдауымызша, оңтайлы тепе-теңдікті сақтау қажет, бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан дәл осы позицияда тұр.
Шын мәнінде, халықаралық тәжірибеде ортақ әрі мінсіз үлгі жоқ — әр мемлекет өз теңгерімін іздеуге тырысады.

Бұл мәселеде АҚШ мүлдем бөлек қалыптасып отыр. Онда баға белгілеу процесі бұрыннан нарық заңдылықтарына негізделген, ал мемлекеттік реттеу деңгейі барынша төмен. Бұл қадам қуатты инновациялардың дамуына және жаңа препараттардың нарыққа тез шығуына ықпал еткенімен, қарапайым азаматтар мен сақтандыру компанияларының бюджеті үшін орасан зор шығынға әкеп соғады.

Екінші полюсте — баға саясатын темірдей тәртіпте ұстап отырған жоғарыда аталған Жапония тұр. Халықтың жедел қартаюы жағдайында (Мұнда 2025 жылы 65 жастан асқандардың үлесі 29%-ға жетті, ал 2040 жылға қарай 35%-ға дейін өседі) үкімет денсаулық сақтау бюджетін күйреуден аман алып қалуға тырысуда. Мемлекет сақтандыру есебінен өтелетін әрбір рецепттік дәрінің құнын біржақты тәртіппен бекітіп, оны жыл сайын арзандатып отырады. Тіпті сұранысқа ие өнімнің сатылым көлемі болжамнан асып кетсе, оның бағасы мәжбүрлі түрде қақ ортасынан бір-ақ кесілуі мүмкін. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл — Қазақстанның түсіне де кірмеген қатал заңдылықтар.

Еуропада тұрмыс құнының дағдарысы белең алған тұста, мемлекеттер сыртқы референттік баға белгілеу тетіктерін, яғни бағаны көрші елдермен салыстыру әдісін, сондай-ақ ұлттық медициналық сақтандыру жүйелері шеңберіндегі қатаң келіссөздерді белсенді түрде қолдануда. Бұған Ұлыбританияның VPAG жүйесін мысал ретінде келтіруге болады.

Remap Consulting агенттігінің 2026 жылғы талдау есептерінің деректеріне сәйкес, жаһандық фармация секторлары реттелетін Еуропа нарығында препараттарды іске қосу олардың негізгі АҚШ нарығындағы табыстылығына нұқсан келтірмеуі үшін баға белгілеудің күрделі «дәліздік» стратегияларын құруға мәжбүр болып отыр.

ДДСҰ 2015 жылдың өзінде-ақ «WHO Guideline on Country Pharmaceutical Pricing Policies» құжатында жарияланған ұлттық дәрі-дәрмек саясатын қалыптастыру бойынша ресми ұсынымдарында бағаны реттеу шаралары тым біржақты және жазалаушы сипатта болмауы тиіс екенін мүше мемлекеттерге тікелей нұсқайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрі-дәрмек нарығын тиімді басқарудың негізгі принциптері ретінде маржаны саралап реттеуді (үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қолдану), дженериктер мен биосимилярларды пайдалануды ынталандыруды, сыртқы және ішкі референттік баға белгілеуді, сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз етуді атайды.

Барлық көрсеткіштер бойынша Қазақстан ДДСҰ ұсынымдарын ұстанып отыр — елімізде тым радикалды қадамдарсыз, салыстырмалы түрде демократиялық бақылау тетігі жұмыс істейді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Щучинскідегі дәмхана жарылысына қатысты сот үкімі шықты

«Дәмхана иесі жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Газ баллондары толтырылған жанармай құю станциясының директоры да жеті жылға сотталды. Ал баллондарды жеткізген азамат алты жылға бас бостандығынан айырылды. Қайғылы оқиға 2026 жылғы ақпанда болған. Зардап шеккендердің кейбірі әлі де ем қабылдап жүр. Сот үкіміне шағым беруге болады», — деп ҚазТАГ дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Шағын және орта бизнестің несие берешегі 40,1%-ға көбейді

Проблемалық несиелердің үлесі 3%-дан 3,9%-ға ғана өскенімен, бұл көрсеткіш шағын кәсіп иелеріне қарызын уақытылы өтеу барған сайын қиындап бара жатқанын аңғартады. Ірі бизнестің қиын кезеңнен шығуына мүмкіндік беретін қаржылық қоры, активтері бар. Қажет болса, кредиторлармен келісіп, қосымша қаржы тарта алады.

Қазақстанды қандай демографиялық өзгерістер күтіп тұр?

Жуырда Халықаралық әлеуметтану және саясат институтының (ХӘСИ) сарапшылары Қазақстанның соңғы 30 жылдағы демографиялық даму қорытындысын шығарып, 2050 жылға дейінгі болжамын ұсынды. Зерттеу нәтижесі ел демографиясында оң өзгерістермен қатар, алдағы кезеңде ескерілуге тиіс бірқатар мәселе бар екенін көрсетеді. Қазақстан халқының саны тұрақты өсіп, өткен жылдардағы көші-қон үдерістерінің салдары біртіндеп еңсеріліп келеді. Алайда ендігі кезеңде халықтың қартаюы, туу көрсеткішінің табиғи түрде төмендеуі және демографиялық өсімнің ел дамуына беретін мүмкіндіктерінің азаюы күтіледі. Ендеше, Қазақстан демографиясында қандай өзгерістер жүріп жатыр? Негізгі көрсеткіштер мен ұзақ мерзімді үрдістерге тоқталып, елді алда қандай демографиялық сын-қатерлер күтіп тұрғанын саралап көрейік.

БҰҰ әлемдегі балалар санына қатысты дерек жариялады

FINANCE.kz сарапшылары әлем елдерінің демографиялық дамуында алшақтық күшейіп келе жатқанына назар аударады. «Әлем біртіндеп халқы өте жас және қартаюы жеделдеген елдер болып жіктеле бастады. Алайда бала санының көп болуы өздігінен елдің әл-ауқатын арттырмайды. Жас ұрпақтың көптігі — экономикалық өсімге жол ашатын мүмкіндік қана.