Астана. 11 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Парламентінің Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған «Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң мақұлданды.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына орай кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жүргізілетінін мәлімдеген болатын.
Алдағы рақымшылықтың ерекшелігі – елімізде алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың да қатар жүргізілуі.
Атап айтқанда, заң күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ залал келтірмеген немесе келтірілген зиян толық өтелген орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан адамдарға қатысты, оның ішінде сот қарауындағы істерді тоқтату ұсынылады.
Заңға сәйкес азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған, яғни қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар үшін сотталғандар, сондай-ақ зиян келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандар жазадан босатылады. Сонымен қатар орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі екі есеге қысқартылады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға да жазаны қысқарту шаралары қолданылады.
Сонымен бірге рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстары, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау, қылмыстың қайталануы жағдайлары, қоғамдық қауіптілігі жоғары құқық бұзушылықтар, жақында қылмыстық жауапкершілік енгізілген әрекеттер және сырттай сотталған адамдар бар.
Ішкі істер министрлігінің алдын ала есебіне сәйкес, биылғы қылмыстық рақымшылыққа 15 мыңнан астам сотталған адам ілігеді. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр, ал 10 мыңнан астамы пробация қызметінің есебінде тұр.
Әкімшілік рақымшылық аясында Қазақстан азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға және заң консультанттарына әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салынған әкімшілік айыппұлдарды толық есептен шығару көзделген.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұған дейін ішкі істер органдарының есебі бойынша 500 мыңнан астам адамның әкімшілік рақымшылыққа ілігетінін, жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын 1 миллионнан астам айыппұлдың есептен шығарылатынын хабарлаған еді.
Әкімшілік рақымшылық заңсыз есірткі және қару айналымына, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Өз кезегінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай әкімшілік рақымшылық жалпы сомасы 21 млрд 182 млн теңгені құрайтын 1 млн 471 мың әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты екенін мәлімдеген.
Сенат сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды және бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қылмыстық-процестік кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Құжаттар Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.




