Қытайды бүгінде көршілес мемлекеттер Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастықтың негізгі үйлестірушісі ретінде жиі қарастырады. Батыс елдері экономикасындағы дағдарыс жағдайында Пекин Орталық Азия мемлекеттері үшін баламасы жоқ инвестициялық әріптеске айналып келеді. Тіпті бұл үрдіс кейбір елдердің екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды сипаттауда «алтын отыз жылдық» деген ұғымды қолдануына дейін жетті.
Жуырда Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Қытайға жасаған жұмыс сапарының негізгі мақсаты – еліміздегі энергетикаға қатысы жоқ жобаларға қытайлық инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру болды. Мұндай инвестициялық саясат Астана үшін белгілі бір деңгейде қажетті қадамға айналып отыр. Өйткені елдегі отын-энергетика саласында шетелдік инвесторлар қатыса алатын ірі жобалардың басым бөлігі қазірдің өзінде игерілген. Сондықтан экономикалық өсімнің қарқынын сақтау үшін сыртқы инвестиция тартуға әлеуеті бар экономиканың өзге салаларын дамытуға басымдық берілуде.
Өз кезегінде Қытай Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты өзінің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік даму және реформалар комитеті «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын өзара үйлестіру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қол қойған болатын. Қазақстанның географиялық орналасуы елімізді Қытай жүзеге асырып отырған «Бір белдеу – бір жол» бастамасының маңызды буындарының біріне айналдырады. Сонымен қатар Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде Қытай инвестициясын ең көп тартатын мемлекет болып отыр.
Қазіргі геосаяси жағдайда сыртқы қысымның күшеюі Қытайды өз экономикасы үшін ресурстық базаны, экспорт нарықтарын және инвестиция салатын бағыттарды кеңейтуге итермелеуде. Бұған қоса, АҚШ-пен бәсекелестіктің күшеюі Пекиннің Орталық Азиядағы экономикалық белсенділігін одан әрі жеделдетіп отыр.
Қытайдың ұлттық экономиканы дамыту жоспарларына сәйкес, Қазақстанмен шектесетін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) елдің батыс өңірлерін жедел дамыту бағдарламасына енгізілген. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – Қытайдың батыс провинцияларын сыртқы нарықтармен байланыстыратын көлік және құбыр инфрақұрылымын қалыптастыру. Бұл міндетті Қазақстанмен тиімді транзиттік әріптестіксіз жүзеге асыру қиын. Өйткені балама бағыттардың басым бөлігі таулы аймақтар арқылы өтеді, ал оларды дамыту әлдеқайда көп қаржы мен уақытты талап етеді.
Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру үшін Шыңжаңда салынып жатқан өндіріс орындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, өңірдің инфрақұрылымын дамыту және өсіп келе жатқан энергия сұранысын өтеу қажет. Бұл өз кезегінде Қытайдың Орталық Азия елдерінің, әсіресе өңірдегі ең ірі шикізаттық экономика саналатын Қазақстанның тау-кен және өндіру салаларына инвестиция салуға қызығушылығын күшейтіп отыр.
Сонымен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты «алтын отыз жылдық» деңгейіне жеткізу үшін бірқатар түйткілдерді шешу қажет.
Біріншіден, қазақстандықтардың арасында Қытайға деген сенімсіздік пен сақтық көзқарас әлі де байқалады. Мұндай қоғамдық көңіл күй елдің инвестициялық тартымдылығына әсер етпей қоймайды. Инвесторлар салған қаржысының қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдерді әрдайым ескеретіні белгілі.
Екіншіден, Қазақстанда жұмыс күші мен электр энергиясының құны көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда жоғары. Осыған байланысты қытайлық компаниялар үшін өңдеуші өндірістерді Қырғызстан немесе Өзбекстан аумағында орналастыру экономикалық жағынан тиімдірек болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан Үкіметіне еңбек нарығындағы жоғары шығындар мәселесін де назардан тыс қалдырмауға тура келеді.
Үшіншіден, геосаяси бәсекелестіктің күшеюі жағдайында Қытай алдағы жылдары АҚШ тарапынан жаңа экономикалық санкциялар енгізілуі мүмкін екенін ескеріп отыр. Бұған дейін Қазақстан Ресейге қатысты санкциялық режимнің сақталуын қолдайтынын мәлімдеген болатын. Сондықтан АҚШ пен Еуропалық одақтың қысымы күшейген жағдайда Астана Қытайға қатысты да осындай ұстанымға бармайды деп кесіп айту қиын. Осындай геосаяси тәуекелдер қытайлық бизнестің Қазақстандағы жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі шешімдеріне ықпал етіп отыр.
Осыған байланысты Қытай тарапы, ең алдымен, қазір жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың нәтижесін көріп, олардың тұрақтылығы мен тиімділігіне көз жеткізуді жөн санайтын сияқты. Содан кейін ғана инвестициялық бағдарламаларды кеңейту мәселесін қарастыруы ықтимал.
Максим Казначеев




