Астана. 29 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан парламенті сенаты дүйсенбі күні өткен жалпы отырыста екі оқылымда «Нотариат қызметі және заң көмегі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.
Бұған дейін заң жобасын мәжіліс қабылдаған болатын. Осылайша, құжат тұтастай парламент қабылдаған заң болып саналады және мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Түзетулер нотариат саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Заңға берілген қорытындыда қолданыстағы бақылау тетігі Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына негізделгенімен, нотариаттың жария-құқықтық мәртебесін толық ескермейтіні айтылған. Осыған байланысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін тікелей «Нотариат туралы» заңда бекіту, тексерулер жүргізудің негіздері мен рәсімдерін нақтылау, сондай-ақ әділет органдарының өкілеттіктерін кеңейту ұсынылады.
Түзетулерге сәйкес, нотариустың лицензиясының қолданылуын алты айға дейін тоқтата тұруға қосымша негіздер енгізіледі. Мұндай шаралар нотариус «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның талаптарын бұзған жағдайда қолданылуы мүмкін.
Сондай-ақ нотариаттық қызметпен айналысу лицензиясының күші нотариус мемлекеттік қызметте болған кезеңде, сондай-ақ парламент немесе мәслихат депутаты болып сайланған мерзімге тоқтатыла тұрады.
Бұдан бөлек, электрондық құжаттар мен электрондық цифрлық қолтаңбаға қойылатын талаптарды бұзған нотариустарды лицензиясынан айыру қарастырылған.
Заңда нотариаттың электрондық архивін қалыптастыру тәртібі бекітіліп, нотариаттық қызметпен айналысуға лицензиясы болғанымен, бес жыл және одан да ұзақ уақыт мамандығы бойынша жұмыс істемеген тұлғалар үшін біліктілікті міндетті түрде арттыру талабы енгізіледі.
Республикалық нотариаттық палатаның, аумақтық нотариаттық палаталардың төрағаларының, сондай-ақ тәртіптік комиссиялардың төрағалары мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жыл болып белгіленеді. Олар бұл қызметке бір рет қана қайта сайлана алады.
Азаматтардың құқықтарын қорғау және атқарушылық жазбаны жасау рәсімін жетілдіру мақсатында өндіріп алушының нотариусқа борышкердің міндеттемесін орындамағанын жазбаша түрде мойындаған құжатын ұсынуы міндеттеледі.




