Мәскеу. 29 маусым. ИНТЕРФАКС – Сербияның NIS энергетикалық компаниясының («Газпром нефть» тобына кіреді) акционерлері жылдық жалпы жиналыста өткен жылдардағы бөлінбеген пайданы 2025 жылғы шығынды жабуға бағыттау туралы шешімді мақұлдады. Соған байланысты компания 2025 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлемейді.
NIS хабарлауынша, акционерлер сондай-ақ компанияның 2025 жылғы жылдық есебі мен қаржылық есептілігін бекітті. Ал 2026 жылға қаржылық және шоғырландырылған есептіліктің аудиторы ретінде Белградтағы «ФинЭкспертиза д.о.о.» компаниясы таңдалды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша NIS дивиденд төлеуге 4,595 млрд серб динарын бағыттаған. Бір акцияға шаққандағы дивиденд көлемі 28,18 динарды құрады. Компанияның 2024 жылғы таза пайдасы 18,38 млрд динар болған, оның 13,786 млрд динары акционерлердің шешімімен бөлінбей қалдырылды.
Бұған дейін Венгрияның MOL компаниясы «Газпром нефтьпен» NIS акцияларының 56,15%-ын сатып алу жөнінде келісімге келгені хабарланған болатын. Кейіннен MOL компаниясы NIS-тегі миноритарлық үлесті Біріккен Араб Әмірліктерінің ADNOC компаниясына сатуы мүмкін. Сонымен қатар болашақта Сербия NIS-тегі өз үлесін тағы 5 пайыздық тармаққа ұлғайта алады.
Сербия билігі мен MOL NIS-ті болашақта басқару жөніндегі акционерлік келісімге қол қойған. Алайда MOL мен «Газпром нефть» арасындағы келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Мәмілені аяқтау үшін сатып алу-сату шартына қол қоюмен қатар реттеуші органдардың рұқсаты қажет. Соның ішінде АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) келісімі негізгі шарттардың бірі саналады.
Қазіргі уақытта OFAC-тың NIS компаниясына операциялық қызметін жалғастыруға берген уақытша лицензиясы 1 шілдеге дейін жарамды. Сербиялық компания лицензия мерзімін ұзартуды сұраған. Сондай-ақ OFAC MOL мен «Газпром нефть» арасындағы NIS акцияларын сатып алу-сату жөніндегі келіссөздерді жүргізуге де уақытша рұқсат берген.
Қазір NIS-тің негізгі акционері – «Газпром нефть», оның үлесі 44,85%-ды құрайды. Акциялардың тағы 11,3%-ы «Интэлидженс» АҚ-на тиесілі, бұл компания «Газпром капитал» ЖШҚ басқаруына берілген. Ал «Газпромның» тікелей иелігінде NIS-тің бір акциясы бар. Сербия мемлекеті компания акцияларының 29,87%-ына иелік етеді, қалған бөлігі миноритарлық акционерлердің қолында.
2025 жылдың басында NIS «Газпром нефтьтің» еншілес компаниясы ретінде АҚШ-тың SDN List санкциялық тізіміне енгізілген болатын. Сол кезде Сербия президенті Александр Вучич АҚШ Ресей капиталының компаниядан толық шығуын талап етіп отырғанын мәлімдеген еді.
NIS – Сербияда көмірсутектерді барлау және өндірумен айналысатын жалғыз компания. Сондай-ақ оған жылына 4,8 млн тонна мұнай өңдеу қуатына ие Панчево қаласындағы мұнай өңдеу зауыты тиесілі. Компания елдің мұнай өнімдері нарығында басым орынға ие және Балқан түбегіндегі көршілес мемлекеттерде жалпы саны 400-ден астам жанармай құю стансасын басқарады.




