Қазақстанда бір қызметті ең ұзақ атқарған адамды іздесек, бұрынғы Елбасынан бұрын Exclusive.kz басылымының негізін қалаушы әрі бас редакторы еске түсетін шығар.
Exclusive.kz құрылған күнінен бері либералдық бағытынан айныған емес. Либерализмнің астарында не жатқанын бәріміз де жақсы білеміз. Басылымға мақала жазатын авторлар мен пікір білдіретін сарапшылардың құрамы да осы ұстанымға сай іріктеледі.
Сонымен бірге Exclusive.kz жарияланымдарының мазмұны мен сапасына жоғары талап қоюға тырысады. Мұны көп жағдайда жүзеге асырып та келеді. Тіпті либералдық бағыттың өзіне тән еркін ойлау мен қалыптасқан түсініктерге күмән келтіру үрдісіне де жол береді.
Осы орайда бір қызық жағдай туындап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы елдің ішкі саясат тұжырымдамасын жаңартуды тапсырған еді. Биыл қыркүйекте жаңартылған құжатты өзі бекітті. Алайда бұл мәселе төңірегіндегі талқылау әлі аяқталмаған тәрізді. Exclusive.kz тұжырымдаманың балама нұсқасын ұсынып, артынша сарапшылар арасында пікірталас ұйымдастырды . Оған «Nightingale Int.» саяси болжау агенттігінің негізін қалаушылардың бірі Эльданиз Гусейнов, Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әміребаев және Орталық Азия елдерін зерттейтін С5 орталығының директоры Қуат Домбай қатысты. Үшеуі де кәсіби ортада танылған, білікті мамандар. Саяси көзқарастары жағынан да бір-біріне жақын. Олардың либералдық ұстанымы бұрыннан белгілі.
Сарапшылардың әңгімесі кәсіби тұрғыдан мазмұнды, қызықты әрі пайдалы шыққан. Қызығушылық танытқандар пікірталасты өздері де тыңдай алады.
Алайда білікті сарапшылардың назарынан тыс қалған бір маңызды мәселе бар. Қазақстанға таңылған либералдық экономикалық үлгі шын мәнінде бүкіл экономиканы емес, ең алдымен қаржы нарығын қамтиды. Оның негізінде шетелдік инвестиция мен сырттан қарыз тартуға басымдық беру саясаты жатыр. Ал мұндай жүйеде ұлттық валютамыз – теңгенің халықаралық есеп айырысудағы мүмкіндігі шектеулі. Теңге сыртқы саудада, яғни экспорт пен импорт операцияларында кеңінен қолданылмайды. Оның үстіне, отандық өндірісті несиелеу мен ел ішіндегі инвестицияның негізгі көзіне де айнала алған жоқ.
Өзінің дербес ақша-несие саясатын жүргізуге толық мүмкіндігі жоқ елдің сыртқы саясатта тәуелсіз таңдау жасай алатыны туралы айту да оңай емес. Ең бастысы, Қазақстан кезінде қосылған жаһандық экономикалық жүйе бұл мәселені шешуге мүмкіндік бермейді. Еліміз сол жүйеге болашақ Елбасы мен Exclusive.kz бас редакторының жастық шағында-ақ кірігіп кеткен еді. Қазір іргесі сөгіле бастаған бұл жүйеде Қазақстанның халықаралық қаржы қатынастарындағы валюталық мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кездейсоқ құбылыс емес. Керісінше, мұның өзі «либералдық» үлгінің табиғатынан туындайды.
Ал сарапшылар Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын дамытудың сан алуан жолын талқылап, көптеген орынды әрі пайдалы пікір айтқанымен, Еуразиялық интеграция мәселесін әдейі айналып өткендей әсер қалдырды. Елдің халықаралық экономикалық қатынастардағы орнын айқындаудың мүмкін болған барлық дерлік нұсқасы сөз болғанымен, бұл тақырыпқа тоқталмады.
Шын мәнінде, Қазақстанның экономикалық, соның ішінде валюталық тұрғыдан дербестігін қамтамасыз етудің нақты мүмкіндігі Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты тереңдетумен және одан да ауқымды Үлкен Еуразия жобасын дамытумен байланысты.
Осыдан либералдық көзқарастағы сарапшылар қаншама маңызды мәселені талқыласа да, Еуразия туралы сөз қозғамауды мақсат еткендей әсер туады.




