Хельсинки. 26 қараша. ИНТЕРФАКС – Финляндия үкіметі бейсенбі күнгі отырысында шекара қауіпсіздігі туралы заңның қолданылу мерзімін тағы екі жылға, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Осы заң негізінде ел билігі 2023 жылы Ресеймен арадағы барлық құрлықтағы шекара бекеттерін жапқан болатын. Бұл туралы Финляндияның Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Заң 1 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
«Шекара қауіпсіздігі туралы заң Финляндияға шекара қызметінің әдейі ұйымдастырылған мигранттар ағынына тиімді қарсы әрекет етуіне мүмкіндік береді», – делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында ішкі істер министрі Мари Рантаненнің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Финляндияның шығыс шекарасында мигранттардың елге ұйымдасқан түрде келу қаупі әлі де жоғары. Мұндай қорытынды шекара қызметі мен басқа да қауіпсіздік органдарының мәліметтеріне негізделген. Рантанен бұл заң Финляндияға түсетін қысымды азайтып, шекара қауіпсіздігін нығайтуға және мигранттардың ұйымдастырылған жаппай келуіне байланысты күрделі жағдайларға дайын болуға көмектеседі деп есептейді.
Шекара қауіпсіздігі туралы заңда үкіметтің Финляндия мемлекеттік шекарасының белгілі бір бөлігінде және оған жақын аумақтарда халықаралық қорғау беру туралы өтініштерді қабылдауға шектеу қоюына мүмкіндік беретін шарттар белгіленген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шекара бекеттерін жабу осы уақытқа дейін заңсыз көші-қонның жолын кесуге жеткілікті шара болды. Заңсыз кіру әрекеттері әзірге шекара бекеттерінен тыс аумақтарға таралмаған. Дегенмен ведомство жағдайдың күрт өзгеріп, күрделенуі мүмкін екенін ескеріп, соған дайын болу қажеттігін атап өтті.
Финляндия мен Ресей арасындағы құрлықтағы шекара бекеттері 2023 жылғы 15 желтоқсаннан бері жабық. Қазіргі жағдай шығыс шекараны қайта ашуға мүмкіндік бермейді. Шекарадағы ахуал мен шектеулерді сақтау қажеттілігі тұрақты түрде бақылауда, делінген хабарламада.
Шекара қауіпсіздігі туралы заң алғаш рет 2024 жылғы шілдеде екі жыл мерзімге күшіне енген. Ол уақытша шара ретінде қарастырылады.
Финляндия билігі 2023–2024 жылдары Ресеймен арадағы шығыс шекарада орналасқан жолаушыларға арналған сегіз өткізу бекетінің барлығын жабу туралы бірнеше рет шешім қабылдаған. Финляндия тарапы мұны Ресейдің үшінші елдерден келген мигранттарды Финляндия шекарасына жаппай бағыттауымен түсіндірді.
Финляндия билігі мұндай әрекеттерді Ресей тарапынан жасалған «гибридтік шабуылдар» әрі ел қауіпсіздігіне төнген қатер деп бағалайды. Алайда Финляндияның өзінде бұл заң Конституция мен халықаралық міндеттемелерге қайшы келеді деген сынға ұшыраған.
2024 жылғы сәуірде Финляндия үкіметі Ресеймен арадағы шекараның келесі шешім қабылданғанға дейін жабық қалатынын мәлімдеген болатын.




