«Өрт туралы хабарлама 112 пультіне сағат 03:44-те түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің алғашқы бөлімшесі шақырту түскеннен кейін төрт минут ішінде оқиға орнына жетті. Өрт сөндірушілер келген кезде тұрғын үйді жалын шарпып, өрт қатты өршіп тұрған. Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді. Оны сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 35-ке жуық қызметкері мен тоғыз техника жұмылдырылды. Оқиға орнынан бес адамның мәйіті табылды, олардың бірі – кәмелетке толмаған бала. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», – деп Kazinform Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады. Алматы қаласының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғағаны хабарланды.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары қайғылы оқиғаның мән-жайын нақтылай түсті. Өрт орнына барған журналистерге аман қалған тұрғындар 34 үй орналасқан жеке тұрғын үйлер аумағы сүрілуге жататынын, ал тұрғындарға 2027 жылдың мамырына дейін үйлерінде тұруға рұқсат берілгенін айтқан.
Жер телімдерін мәжбүрлеп алып қою туралы қаулының шынымен бар екені анықталды.. Құжатқа сәйкес, Лебедев көшесіндегі 13, 15, 17, 19, 21 және Вахтангов көшесіндегі 14, 16, 18-үйлер орналасқан жер телімдері мемлекет мұқтажы үшін алынуға тиіс. Бұл үйлердің әрқайсысында бірнеше пәтер бар.
«Өрттен кейін үй иелерін жауап алу үшін полицияға алып кеткен. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу оқиғаның себептерін анықтап жатыр», – деп жазды Informburo.
Әлеуметтік желілерде қаланың қолайлы ауданындағы жеке тұрғын үйлер кездейсоқ өртеніп жатқан жоқ, болашақ тұрғын үй кешенінің құрылысына жер босату үшін әдейі өрт қойылып жатыр деген түрлі болжамдар таралуда. Алайда ресми бұқаралық ақпарат құралдарында әкімдіктің аталған аумақта емхана салуды жоспарлап отырғаны туралы мәліметтер бар.
Өрттен кейін Алматы қаласының әкімдігі зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын ресми түрде мәлімдеді.
«Бүгін түнде Алматы қаласының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған қайғылы оқиғадан кейін аудан әкімдігі зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсету үшін шұғыл шаралар қабылдады. Қазіргі уақытта өрт салдарынан баспанасы зардап шеккен тоғыз адам қонақүйге орналастырылды. Оларға құжаттарын қалпына келтіруді қоса алғанда, заңгерлік көмек көрсетіліп жатыр. Аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруды өз мойнына алды», – делінген хабарламада.




