Манама (Бахрейн). 26 қараша. ИНТЕРФАКС – Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі Бахрейнмен мұнай-газ нысандарын қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен алмасуға дайын. Бұл туралы ведомство басшысы Александр Куренков мәлімдеді.
«Соңғы жылдары біз азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру, мұнай-газ нысандарын қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инновациялық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану, сондай-ақ өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды даярлауға арналған әлемдік деңгейдегі заманауи оқу-жаттығу инфрақұрылымын құру бағыттарында мол тәжірибе жинақтадық. Осы білімімізді бахрейндік достарымызбен бөлісуге және өз кезегінде сіздердің жұмыс тәжірибелеріңізді үйренуге қуана дайынбыз», – деді ол Манамада Бахрейн королінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі шейх Нассер бен Хамад Әл Халифамен өткен келіссөздерде.
Куренковтың айтуынша, Ресей ТЖМ Манамаға жұмыс сапары аясында екі елдің тиісті сала мамандары арасында алғашқы кешенді Ресей-Бахрейн консультацияларын өткізуді жоспарлап отыр. Кездесуде өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланбақ. Министр білім мен тәжірибе алмасу екі ел халқының қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Сонымен қатар, Куренков Бахрейнге гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.
«Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі әлемнің 140 елінде көмек көрсетуге бағытталған 600-ден астам жобаны жүзеге асырды. Сіздердің де бұл мәселеге ерекше мән беріп, ұлттық гуманитарлық жобалардың іске асырылуын үйлестіріп отырғандарыңызды білеміз. (…) Адамдарға көмек көрсету жолындағы ортақ міндетімізді ескере отырып, осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуді ұсынамын», – деді ол.




