Астана. 29 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Грузияны стратегиялық маңызы бар дәстүрлі серіктес ретінде қарастырады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидземен өткен келіссөздер барысында мәлімдеді.
«Грузияны Қазақстан стратегиялық маңызы бар әрі дәстүрлі серіктес ретінде қарастыратынын атап өткім келеді. Біз экономикадан бастап гуманитарлық салаға дейін көптеген бағытта тығыз байланыс орнатқанбыз. Бұл ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасуы тиіс деп сенемін», – деді Тоқаев дүйсенбі күні.
Президенттің айтуынша, Грузия үкіметі басшысының бұл сапары екіжақты әріптестікті нығайту тұрғысынан айрықша маңызды.
«Әрине, әлі де толық пайдаланылмаған мүмкіндіктер бар. Сондықтан екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беру үшін қолдағы әлеуетті барынша тиімді пайдалануымыз қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Грузия Қазақстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін айтты.
«Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас біз үшін ерекше маңызды. Әріптестігіміздің стратегиялық деңгейге көтерілгеніне қуаныштымыз. Бұл біздің ынтымақтастығымыздың шынайы мәнін айқындайды. Дегенмен, өзіңіз айтқандай, іске асырылмаған әлеует әлі де өте мол. Сондықтан оны барынша пайдалану үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Елдеріміз арасында берік саяси және экономикалық байланыстар қалыптасқан. Сонымен қатар білім беру, мәдениет және басқа да көптеген салада өзара ықпалдастық дамып келеді. Біз осы бағыттардың барлығында байланысты одан әрі нығайтуға мүдделіміз», – деді Грузия премьер-министрі.
Оның айтуынша, бұл сапардың маңызы ерекше, өйткені оның аясында стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
«Бұл құжат екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Кобахидзе.
Ол сондай-ақ Қазақстан мен Грузия арасында берік саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстар қалыптасқанын, ал ынтымақтастықтың қазіргі әлеуеті әлі толық пайдаланылмағанын атап өтті.




