LSM агенттігі назар аударарлық маңызды талдаулар жариялады. Бірінші тезис: тұтынушылық несие нарығының «сууы» Қазақстандағы бөлшек сауда айналымына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Екінші тезис: елдегі тұтынушылық белсенділік төмендеп барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл белсенділікті бөліп төлеу мен тұтынушылық несиелер алға сүйреп келсе, қазір бұл секторда да құлдырау байқалады. Халық үнемдеу режиміне көшіп, сатып алу көлемін азайтты. Үкімет мәліметтеріне сүйенсек, ЖІӨ құрылымының дәл бестен бір бөлігін сауда саласы құрап отыр және экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың кем дегенде 17%-ы осы сауда аясында еңбек етеді. Енді бұл көрсеткіштердің де төмендеуін күтеміз бе?
Ең алдымен, тұтынушылық белсенділіктің «суу» үдерісі — жүйелі дағдарыстың заңды салдары. Халықтың нақты табысының ұзақ уақыт бойы төмендеуі, жоғары инфляция және тұтынушылық несие нарығының күрт шектелуі (қатаң қонуы) бұл жағдайды ушықтыра түсті.
Кепілсіз қарыздар мен бөліп төлеу есебінен жылдар бойы жасанды түрде қолдау тауып келген сұраныс өзінің табиғи шегіне тірелді. Шамасы, кепілсіз несиені оңды-солды беріп, сұранысты жасанды түрде арттырудың ескі әдісі енді іске аспайтын сияқты. Дегенмен несиелеуге иек артпай-ақ тұтынудың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін ішкі негіздер әзірге қалыптасқан жоқ.
ЖҰТАҢ ПАКЕТ ЖҰМБАҒЫ
Сауда және интеграция министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек (бұл деректерді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы LSM материалында келтіреді), 2026 жылдың алғашқы бес айында сауданың нақты көлем индексі (НКИ) 5,6%-ға өсіп, қорытындысында 28,7 трлн теңгені құраған. Бұл ретте көтерме сауда айналымы 19,6 трлн теңгеге (+6,5%), ал бөлшек сауда — 9 трлн теңгеге (+3,6%) жетті.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, әдеттегідей ірі қалалар мен индустриалды орталықтар көш бастап тұр: Алматы (9,9 трлн теңге), Астана (4 трлн теңге), Атырау облысы (3,3 трлн теңге), Қарағанды облысы (1,7 трлн теңге) және Шымкент (1,5 трлн теңге).
Нарық қатысушыларының бағалауынша, жұмыс күндері де, демалыс күндері де ірі СОО-ларға келушілер саны жоғары деңгейде қалып отыр. (…) Бүкіл ел бойынша СОО-лардағы сатып алу белсенділігі жаппай төмендеді деуге негіз жоқ», — «Атамекен» ҰКП өкілдері осы сандарға сүйене отырып, нарықта ешқандай үрейдің жоқтығын алға тартады.
Алайда тәуелсіз экономистер сауда орталықтарындағы номиналды қаржы ағыны мен адам қарасының көптігін халықтың нақты сатып алу қабілетімен шатастырмауға шақырады. Мәселенің астары да дәл осы жерде жатыр.
СОО-ларға халықтың көп келуі сырт көзге ғана бәрі жақсы деген ой қалыптастыруы мүмкін. Ірі қала тұрғындары көбіне сауда орталықтарына үлкен сауда жасау үшін емес, әр орталықта фудкорттар мен кинотеатрлардың барын ескеріп, жай ғана уақыт өткізіп, көңіл көтеру үшін барады.
Ұзақ мерзім қолданылатын азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алуға кететін орташа шығын іс жүзінде өспей тұр. Бұл – халықтың қолында еркін жұмсайтын қаржының аз екенін, тиісінше сұраныстың да ұзақ уақыт бойы әлсіреп келе жатқанын аңғартады.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша халықтың нақты ақшалай табысы жылдық есеппен 1,1%-ға төмендеді. Бұл тұтынушылық белсенділікке сөзсіз кері ықпал етеді», дейді Евгения Пак. Оның пікірінше, бөлшек саудадағы атаулы өсім экономикадағы ішкі теңгерімсіздіктерді бүркемелеп отыр.
Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасты. Қаңтар-мамыр айлары аралығында халықтың нақты ақшалай табысы тағы 1,1%-ға қысқарды. Бұл инфляция жалақының атаулы өсімін толықтай дерлік жоққа шығарып отырғанын көрсетеді. Соның салдарынан азаматтардың сатып алу қабілеті атаулы жалақы өсімінен де жылдам төмендеуде.
«Әзірге біз жағдайды тек жанама белгілер арқылы ғана бағалай аламыз. Бизнестің өзі тұтынушылық сұраныстың бәсеңдегенін айтып отыр. Алайда ресми статистика жарияланбайынша, бұл үрдістің нақты ауқымын бағалау қиын», дейді Евгения Пак.
НЕСИЕГЕ ИЕК АРТҚАН КЕЗЕҢ АЯҚТАЛДЫ
Соңғы 5–7 жыл ішінде Қазақстандағы бөлшек сауданың өсіміне кепілсіз тұтынушылық несиелеудің бұрын-соңды болмаған қарқыны елеулі серпін берді. Бөліп төлеу жүйесі мен кепілсіз несиелер табысы төмен және орта тап арасындағы айырмашылықты біршама көмескілеп, жетіспейтін кірістің орнын уақытша толтыратын құралға айналды. Соның арқасында жұрт тек автокөлік, қымбат тұрмыстық техника немесе жиһаз сатып алып қана қойған жоқ, күнделікті киім-кешек пен тіпті азық-түлік сияқты ең қажетті шығындарын да банк несиесімен өтеді.
Мұндай тәуелділіктің қалыптасқанын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да ашық мойындайды. Палатаның бағалауынша, «…несиелеу тұрмыстық техника, электроника, жиһаз, құрылыс материалдары және ұзақ мерзім пайдаланылатын өзге де азық-түлікке жатпайтын тауарларға сұранысты арттырған негізгі қозғаушы күштердің бірі болды».
Алайда бүгінде бұл модельдің мүмкіндігі сарқылды. Ақша-несие саясаты мен қаржы нарығын реттеуші органдардың қабылдаған шараларының ықпалымен тұтынушылық несиелеу нарығы қарқынды түрде бәсеңдей бастады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың екінші жартысынан бастап тұтынушылық несиелер беру қарқыны баяулай бастады. Бұл үрдіс 2026 жылдың қыс-көктем айларында шегіне жетті. Атап айтқанда, 2026 жылы ақпанда берілген тұтынушылық несиелер көлемі атаулы мәнде 10%-ға азайса, инфляцияны ескергендегі нақты көрсеткіш бірден 22%-ға құлдырады. Наурыз айында да төмендеу жалғасты: атаулы көрсеткіш 5%-ға, ал нақты көлемі 16%-ға қысқарды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтері несие нарығына қойылатын талаптардың күшеюі өз әсерін бере бастағанын айғақтайды.
2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша банк секторындағы мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар несиелердің үлесі 4,1%-ды құрады. Ал халыққа берілген несиелер сегментінде бұл көрсеткіш 4,8%-ға жетті. Жеке тұлғалардың проблемалық қарызының жалпы көлемі 1,2 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Оның үстіне жағдайдың нашарлай түскені де байқалады: егер 1 наурызда мерзімі өткен несиелердің үлесі 4,6% болса, екі айдан кейін бұл көрсеткіш 4,8%-ға дейін өсті.
Әрине, екі ай ішінде көрсеткіштің 0,2 пайыздық тармаққа өсуін сындарлы өзгеріс деуге келмейді, әрі бұл тәуекелдер банктердің қалыптастырған резервтері есебінен өтеледі. Дегенмен мұны төлем тәртібінің әлсірей бастағанының айқын белгісі деуге болмай ма?
«Несиелік серпіннің» әлсіреуі бөлшек сауданың барлық сегментіне бірдей әсер етпейді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшыларының болжамынша, қаржы нарығындағы баяулау жалғаса берсе, ең алдымен ұзақ мерзім пайдаланылатын азық-түлікке жатпайтын тауарларды сататын сауда орындары қиындыққа тап болуы мүмкін. Бұл пікірді экономист Евгения Пак та қолдайды. Оның бағалауынша, ең алдымен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бөлшек саудасы, автомобиль нарығы, тұрмыстық техника мен электроника, жиһаз саудасы, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық саласы зардап шегуі ықтимал. Өйткені қаражат тапшылығы күшейген кезде үй шаруашылықтары ең әуелі дәл осы тауарлар мен қызметтерге жұмсайтын шығындарын қысқартады.
ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАРҒА САЛМАҚ САЛҒАН ИНФЛЯЦИЯ
Біздіңше, ресми органдардың басты әдіснамалық қателіктерінің бірі – инфляцияны халықтың әлеуметтік топтары арасындағы айырмашылықты ескермей, тек орташа көрсеткіштер арқылы бағалауы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылы мамырда жылдық инфляция 10,4% болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11,7%-ға, азық-түлік 10,7%-ға, ал ақылы қызметтер 8,7%-ға қымбаттаған. Осы деректерге сүйенген шенеуніктер азық-түлік бағасының өсімі баяулап келеді, демек жағдай тұрақты деген қорытынды жасайды.
Алайда табысы төмен халық үшін күнкөріс құнының нақты өсімі ресми жарияланған 10,4%-дан әлдеқайда жоғары. Экономикада мұндай құбылыс «табысы төмендерге ауыр тиетін инфляция» деп аталады. Оның мәні үй шаруашылықтарының тұтыну құрылымына байланысты. Отбасының табысы аз болған сайын оның бюджетінің басым бөлігі азық-түлікке жұмсалады. Кей жағдайда бұл көрсеткіш 60%-ға дейін жетеді. Ал табысы жоғары отбасыларда азық-түлік шығындарының үлесі шамамен 30% ғана болады.
2026 жылдың көктемі мен жаздың басында ресми статистика тұрақты бақылап отыратын әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының бағасы үздіксіз өскендіктен, инфляцияның ең ауыр салмағы ең алдымен табысы төмен азаматтарға түсті.
Екінші өзекті түйткіл – қаржы ресурстарының қолжетімділігі. Тұтынушылық несиелер Қазақстандағы барлық әлеуметтік топ үшін бірдей қолжетімді болды деген шенеуніктердің пайымы шындыққа жанаспайды.
«Табысы төмен үй шаруашылықтарының несие алу мүмкіндігі тұрақты табысы бар әрі несиелік тәуекелі төмен қазақстандықтарға қарағанда әлдеқайда аз», – дейді сарапшы Евгения Пак.
Ал банктер тұтынушылық несие беруге қойылатын талаптарды қатаңдатқан кезде, ең алдымен табысы төмен қарыз алушылар нарықтан шет қалады. Бірақ олар қаржысыз қалмайды. Керісінше, тәуекелі әлдеқайда жоғары микроқаржы секторына ойысады. Банктен қолайлы мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігі жоқ, бірақ қаржыға мұқтаж адамдар микроқаржы ұйымдары мен ломбардтарға жүгінуге мәжбүр болып, тиімсіз әрі ауыр шарттарға келіседі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің статистикасы да бұл теңгерімсіздікті растайды. 2026 жылдың 1 сәуірдегі жағдай бойынша халыққа берілген микронесиелердің жиынтық көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті. Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанының өзінде бұл көрсеткіш 5,4%-ға ұлғайған. Ал 2025 жылдың қорытындысында өсім 19,5%-ды құраған. Бұл үрдіске ең алдымен ломбардтар беретін қысқа мерзімді тұтынушылық несиелер ықпал етті: олардың көлемі бір тоқсан ішінде бірден 15,3%-ға артқан.
Бір қарағанда, қаржы реттеушісінің деректері микроқаржы ұйымдарының несие қоржынының сапасы жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, мерзімі өткен қарыздардың үлесі 2025 жылғы 7%-дан 2026 жылдың басында 5,9%-ға, ал көктемде 5,7%-ға дейін төмендеген.
Алайда мұны оң үрдіс деуге бола ма? Біздіңше, бұл көрсеткіш халықтың қаржылық жағдайының жақсарғанын емес, реттеуші енгізген қатаң талаптар мен нарықты жүйелеу шараларының нәтижесін көрсетеді. Өйткені жұрт бұрынғыдай ескі қарызын қайта қаржыландыру немесе күнделікті азық-түлік сатып алу үшін микронесие алуды жалғастырып келеді.
ЖАЛАҚЫ ӨСІМІ ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛДІ
Қазақстанда ішкі сұраныстың неге әлсірей бастағанын түсіну үшін ресми жұмыспен қамтылған халықтың табыс құрылымына назар аударған жөн.
Ресми статистикада негізінен орташа айлық атаулы жалақы көрсеткіші қолданылады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ол 461 486 теңгені құрады. Бір қарағанда, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш сияқты көрінеді. Алайда экономистердің айтуынша, бұл сан шикізат саласы, металлургия және қаржы секторындағы жоғары буын басшыларының өте жоғары жалақысының әсерінен айтарлықтай бұрмаланады.
Халықтың нақты табыс деңгейін медианалық жалақы әлдеқайда дәл көрсетеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы медианалық жалақы небәрі 331 527 теңге болған.
Демек, ресми орташа жалақы мен халықтың басым бөлігі алатын нақты жалақының арасындағы айырма шамамен 130 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар тіпті осы салыстырмалы түрде төмен табыстың өз сатып алу қабілеті де әлсіреп бара жатқаны байқалады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында нақты жалақы индексі 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 97,7%-ды құрады. Бұл еңбек табысының нақты құны 2,3%-ға төмендегенін білдіреді. Сонымен бірге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері зейнетақы жарналарының түсімі өсіп жатқанын және халықтың ресми жұмыспен қамтылу деңгейінде жаппай төмендеу байқалмайтынын көрсетеді.
Демек, мәселе жұмыспен қамтылуда емес, ресми еңбек ететін қазақстандықтардың едәуір бөлігінің табысы мен оның көлемінде жатыр деп пайымдаймыз. Ресми жұмыспен қамтылғандардың тең жартысы қолға алатын 330 мың теңгеден сәл ғана асатын жалақымен күнелтуге мәжбүр. Оның басым бөлігі азық-түлікке және несие төлемдеріне жұмсалады.
Ал елдегі жиынтық сұраныстың негізін үй шаруашылықтарының шығыны құрайтындықтан, тұтыну көлемінің болмашы ғана төмендеуі де жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына әсер етпей қоймайды. Сондықтан сарапшылар жылдың ортасына қарай ел экономикасындағы жалпы ішкі өнім құрылымында екінші орын алатын сауда саласында қиындықтар туындауы мүмкін екенін аса сақтықпен айта бастады.




