Евразия24ЭксклюзивОрмуз бұғазы: құқықтық режимді үйлестірудің дипломатиялық тетіктері

Ормуз бұғазы: құқықтық режимді үйлестірудің дипломатиялық тетіктері

|

|

Оман, Иран және құқықтық асимметрия мәселесі

Ормуз бұғазы – Иран мен Оманды бөліп тұрған тар теңіз өткелі ғана емес. Ені небәрі 54 шақырым болатын бұл су айдыны арқылы әлемдік мұнай, газ және теңіз жүк тасымалының едәуір бөлігі жүзеге асады. Бұғаз арқылы тәулігіне 21 миллион баррельге дейін мұнай тасымалданады. Сондықтан мұндағы кез келген іркіліс жаһандық энергетика және логистика нарығына бірден әсер етеді.

Зымырандық шабуылдар мен теңіз миналары әлі де бұғаздағы кеме қатынасына қауіп төндіреді. Пандемия кезінде дәл осы өңірде ірі қытайлық жүк кемесінің тұрып қалуы теңіз логистикасының осал тұстарын айқын көрсетті. Алайда кез келген әскери қақтығыс түптің түбінде келіссөз үстелінде шешіледі. Дәл осы тұста құқықтық белгісіздік негізгі түйткілдердің біріне айналады. Өйткені Оман мен Иран Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын кімнің және қандай құқықтық негізде реттеуге тиіс екеніне қатысты әртүрлі ұстанымды ұстанады. Сондықтан дипломатияның басты міндеті – осы қайшылықтарды халықаралық келісімдер арқылы құқықтық тұрғыдан үйлестіру.

Негізгі мәселе: бір конвенция, екі құқықтық тәсіл

Оман 1982 жылғы БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясын (UNCLOS) ратификациялаған. Сондықтан Маскат үшін бұл құжат халықаралық-құқықтық міндеттемелерді жүктейтін келісім болып саналады. Ал Иран Конвенцияға қол қойғанымен, оны ратификациялаған жоқ. Сол себепті Тегеран үшін бұл құжат міндетті халықаралық шарт емес, құқықтық бағдар ретінде ғана қарастырылады. Бұл айырмашылықтың практикалық салдары бар. UNCLOS халықаралық бұғаздар арқылы жүзеге асырылатын транзиттік өту үшін қандай да бір алым алуға тыйым салады. Оман осы талаптарды орындауға міндетті. Ал Иран Конвенцияның мұндай нормаларымен құқықтық тұрғыдан байланысты емес. Сондықтан ол мемлекеттік егемендік қағидатына және өз жағалауындағы теңіз кеңістігін реттеу құқығына сүйенеді. Сонымен қатар Оманның да таңдауы шектеулі. UNCLOS Конвенциясында одан шығу немесе оның күшін жою (денонсациялау) тетігі көзделмеген. Ал Маскат Иранның ұстанымын да елемей кете алмайды, өйткені Тегеран Ормуз бұғазының солтүстік жағалауын бақылайды. Нәтижесінде құқықтық асимметрия қалыптасқан. Оман халықаралық шарт нормаларына сүйенсе, Иран халықаралық-құқықтық әдет-ғұрып қағидаттарын басшылыққа алады. Ал бұғаздағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі екі мемлекетке де ортақ.

Басты түйткіл: қандай қызмет үшін ақы алынады?

Оманның ұстанымы белгілі – халықаралық бұғаз арқылы транзиттік өту үшін ешқандай алым алынбауы тиіс. Мұны елдің көлік министрі де мәлімдеген. Бұл ұстаным 1982 жылғы БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясының (UNCLOS) талаптарына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар Иран мен Оман тарапынан «көрсетілетін қызметтер үшін төлем» енгізу мүмкіндігі туралы да мәліметтер тараған. Дәл осы тұста дипломатиялық ымыраға келудің құқықтық негізі пайда болады. Халықаралық теңіз құқығында бұл екі ұғымның ара-жігі нақты ажыратылған. «Транзиттік алым» – халықаралық бұғаз арқылы өткенінің өзі үшін алынатын төлем. Мұндай алымды енгізуге халықаралық құқық тыйым салады. «Көрсетілген қызмет үшін төлем» – лоцман қызметі, сүйреткіш кемемен қамтамасыз ету, навигациялық сүйемелдеу немесе экологиялық бақылау сияқты нақты қызметтер үшін алынатын ақы. Егер мұндай қызметтер іс жүзінде көрсетіліп, олардың тарифтері ашық әрі негізделген болса, халықаралық құқық мұндай төлемді алуға рұқсат береді. Дәл осы құқықтық айырмашылық өзара қолайлы шешімнің негізіне айналуы мүмкін. Яғни ақы бұғаз арқылы өткені үшін емес, кемелерге нақты көрсетілген қызметтер үшін алынуы ықтимал.

Осылайша, тараптардың ресми ұстанымдарын өзгертуді талап етпейтін әрі әрқайсысының негізгі мүдделерін ескеретін төрт тармақтан тұратын ымыралы келісімнің құқықтық негізі қалыптасады.

Қандай қызмет үшін ақы алынады?

  1. Еркін транзит. Коммерциялық кемелер Ормуз бұғазы арқылы еш кедергісіз, тоқтаусыз және өткені үшін ақы төлемей өтеді. Бұл Батыс елдері мен халықаралық кеме қатынасы компанияларының негізгі талаптарын ескеруге мүмкіндік береді.
    Кемсітпеу қағидаты. Кеменің туына, тасымалдайтын жүгіне немесе баратын еліне қарай қандай да бір ерекше талаптар қойылмайды. Бұл Парсы шығанағы елдері үшін маңызды қағидат болып саналады.
  2. Қызмет көрсетілген жағдайда ғана ақы алу. Төлем нақты көрсетілген қызметтер үшін ғана алынады. Олардың қатарына лоцмандық сүйемелдеу, кеме қозғалысын реттеу және апаттық жағдайларға ден қою қызметтері кіреді. Тарифтер ашық жарияланып, қызметтің нақты өзіндік құны негізінде белгіленеді.
  3. Қос құқықтық негіз. Оман үшін бұл – БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы (UNCLOS) бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау. Ал Иран үшін – мемлекеттік егемендік қағидаты мен халықаралық құқықтық әдет-ғұрып нормаларына негізделген екіжақты келісім.

Осылайша, UNCLOS Оман үшін халықаралық-құқықтық міндеттемелерді айқындайтын шарттық құжат болып табылса, Иран оны халықаралық құқықтың кодификацияланған әдет-ғұрып нормаларына негізделген құқықтық бағдар ретінде қолданады. Құқықтық негіздемелердің әртүрлілігіне қарамастан, мұндай тәсіл Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын тұрақты құқықтық реттеуге жағдай жасап, халықаралық сауда мен жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің сенімділігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Келісімді мүдделі тараптарға қалай ұсынуға болады?

Ормуз бұғазына қатысты кез келген келісім үш негізгі мүдделі тараптың ұстанымын ескеруге тиіс.

Парсы шығанағы елдері үшін мұнай мен сұйытылған табиғи газ экспортын үздіксіз қамтамасыз ететін кепілдіктердің болуы, сондай-ақ біржақты әрекеттердің алдын алатын және саяси қысым құралына айналмайтын тиімді құқықтық тетіктің қалыптастырылуы маңызды.

АҚШ, Еуропалық одақ және олардың кеме иелері үшін кеме қатынасының еркіндігі мен құқықтық болжамдылық басым мәнге ие. Бұл ретте транзиттік алымдардың болмауы, сондай-ақ Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) аясындағы ашық рәсімдер мен хабардар ету тетіктерінің сақталуы негізгі талаптардың бірі болып табылады.

Қытай, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Корея үшін басты басымдық – жеткізу тізбегінің тұрақтылығы мен сақтандыру шығындарының төмен деңгейде болуы. Бұған түсінікті құқықтық қағидалар, алдын ала айқындалған тарифтер және тәуекелдерді барынша азайту арқылы қол жеткізуге болады.

Келісімде қандай ережелер қамтылуы тиіс?

Құжат қауіпсіз кеме қатынасының берік құқықтық негізіне айналып, ұзақ мерзімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін онда мынадай негізгі ережелер нақты айқындалуы қажет:

— «Транзит» ұғымы мен «қызмет» ұғымының құқықтық айырмашылығын нақты белгілеу.

— Лоцмандық және навигациялық қызметтерге арналған жария әрі ашық тарифтер тізбесін бекіту.

— Кемсітушілікке жол бермеу қағидатын енгізу.

— Қауіпсіздік, байланыс және төтенше жағдайларға ден қою мәселелері бойынша Иран мен Оманның бірлескен техникалық комитетін құру.

— Сенімді нығайту мақсатында жаңа қағидалар туралы ақпаратты Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) арқылы ресми түрде жариялау және хабардар ету тетігін қалыптастыру.

Оман мен Иран арасындағы құқықтық ұстанымдардың айырмашылығы – объективті шындық. Алайда бұл түйткіл еңсерілмейтін кедергі емес. Керісінше, дипломатияның негізгі міндеті – әртүрлі құқықтық тәсілдерді өзара үйлестіріп, барша тарап үшін тиімді әрі өміршең құқықтық тетік қалыптастыру.

Ұсынылатын формула қарапайым: еркін транзит + ақылы қызметтер + ашықтық + бірлескен басқару. Мұндай тәсіл екі тараптың да мүддесін ескеруге, жаһандық сауда үшін тәуекелдерді азайтуға және Ормуз бұғазының халықаралық саясаттың қысым көрсету құралына айналуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Халықаралық логистиканың маңызды күретамыры саналатын бұл бұғаздың тұрақты жұмыс істеуі көпполярлы әлем жағдайында өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды алғышарттарының бірі болып қала береді. Дәл осындай мінсіз болмаса да, іске асыруға болатын ымыралы келісімдер қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде тұрақтылықтың берік негізін қалыптастырады.

АВТОРЫ: МОХАММЕД АМЕРСИ

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Индонезия Беларусь азаматтары үшін визасыз режим енгізді

Индонезия Беларусь азаматтары үшін визасыз кіру тәртібін енгізді. Бұл туралы бейсенбі күні Беларусь Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Азия қор нарықтары жұма күні төмендеді

Жұма күні Азия-Тынық мұхиты өңірінің негізгі қор индекстері төмендеді. Инвесторлардың көңіл күйіне Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісуі және АҚШ-тағы чип өндіруші компаниялар акцияларының арзандауы теріс әсер етті.

ЕО кеңесі Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қарсы санкциялар енгізді

Еуропалық одақ кеңесі жұма күні Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне кіретін бір жеке тұлға мен бес ұйымға қатысты шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Ұлттық футбол қауымдастықтарының басым бөлігі Инфантиноның кандидатурасын қолдады

2027 жылғы наурызда өтетін Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) президентінің сайлауы қарсаңында ұйымға мүше 200-ден астам ұлттық футбол қауымдастығы қазіргі президент Джанни Инфантиноның кандидатурасын қолдады. Бұл туралы жұма күні The Guardian басылымы хабарлады.