Евразия24Басты бетТрамптың қадамы Таяу Шығыстағы ядролық бәсекені күшейте ме?

Трамптың қадамы Таяу Шығыстағы ядролық бәсекені күшейте ме?

|

|

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясының ядролық бағдарламасын дамытуға қатысты келісімді мақұлдады. Алайда құжатта маңызды талаптың бірі қамтылмаған. Атап айтқанда, Эр-Риядтан МАГАТЭ-нің Қосымша хаттамасына қосылу талап етілмейді. Бұл хаттама ұйым инспекторларына ядролық қару жасауға пайдаланылуы мүмкін декларацияланбаған нысандарды тексеруге мүмкіндік береді. Дәл осы талаптың орындалмауы АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты ұстанымының негізгі уәждерінің бірі болған еді.

Жалпы алғанда, бұл қадамды Вашингтонның қолдауымен Сауд Арабиясының ядролық әлеуетін заңдастыруға бағытталған әрекет ретінде бағалауға болады.

Бұған дейін Эр-Рияд Пәкістанның ядролық бағдарламасына қомақты қаржы құйған болатын. Тіпті бұл қолдау көлемі соншалық, кейбір сарапшылар мен түрлі болжамды алға тартушылар Сауд Арабиясының қолында Пәкістан өндірген бірнеше ядролық оқтұмсық болуы мүмкін деген пікір де айтқан.

Трамптың қазіргі шешімі Сауд Арабиясына ядролық қару жасау мүмкіндігін кеңейтетін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр:

Біріншіден, уранды байытуға арналған заңды инфрақұрылым жабдықтарды, білікті мамандарды, инженерлік тәжірибені және ядролық материал қорын жинақтауға мүмкіндік береді. Бастапқыда мұның бәрі бейбіт мақсатта пайдаланылғанның өзінде, саяси шешім қабылданған жағдайда әскери ядролық бағдарламаға көшуге кететін уақыт едәуір қысқарады.

Екіншіден, азаматтық ядролық бағдарлама ядролық оқтұмсықтарға қызмет көрсететін инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастыруға саяси бүркеніш болуы мүмкін. Оған қауіпсіздік жүйелері, басқару орталықтары, жеткізу құралдары және радиациялық қауіпсіздік саласының мамандары кіреді.

АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы келісімнің негізгі қаупі – азаматтық ядролық бағдарлама мен жасырын әскери ядролық әлеуеттің арасындағы шекараның барған сайын көмескіленуі. Өйткені энергетикада қолданылатын төмен байытылған ураннан (3–5%) қару жасауға жарамды деңгейдегі уранға (шамамен 90%) көшу үшін ең алдымен саяси ерік пен уақыт қажет. Ал технологиялық база іс жүзінде өзгеріссіз қалады. Сондықтан уранды байыту технологияларын кез келген елге ұсына отырып, олардың қандай мақсатта пайдаланылуы мүмкін екенін білмегендей кейіп таныту қиын.

Бірақ мәселенің ең маңызды тұсы мұнымен шектелмейді. АҚШ осындай қадамға барғаннан кейін мұндай қызметтерді ядролық клубқа кіретін өзге мемлекеттер де, ең алдымен Ресей мен Қытай да ұсына алады. Бұл іс жүзінде ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігінің коммерциялық сипат алуына жол ашады. Соның нәтижесінде МАГАТЭ бақылауы секілді шектеулердің ықпалы әлсіреген, миллиардтаған доллар айналымы бар жаңа қару нарығының қалыптасу қаупі артады.

АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы келісімнің ең ықтимал салдарының бірі – Таяу Шығыста осыған ұқсас ядролық бағдарламалардың жедел қарқын алуына түрткі болатын өзіндік «домино әсері». Кейін бұл үрдіс Оңтүстік Еуропаға да таралуы мүмкін. Ең алдымен Иран, Түркия, Мысыр, Грекия және Италия өз ядролық бағдарламаларын жеделдетуге ұмтылуы ықтимал. Яғни өңірлік көшбасшылыққа таласатын мемлекеттердің басым бөлігі ядролық әлеуетін күшейтуге мәжбүр болады.

Ал Израиль үшін Сауд Арабиясында дербес ядролық әлеуеттің қалыптасуы жай ғана жаңа ықтимал қарсыластың пайда болуы емес. Бұл Тель-Авивтің Таяу Шығыстың біртіндеп бірнеше ядролық мемлекет қатар өмір сүретін аймаққа айналу қаупімен бетпе-бет келуі деген сөз. Мұндай жағдайда Израиль бұрынғыдай әскери операцияларды еркін жүргізе алмайды.

Бұл – Дональд Трамптың бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде Израильге қатысты жасаған екінші қолайсыз қадамы. Бұған дейін АҚШ Түркияға қарсы санкцияларды алып тастап, оны F-35 жойғыш ұшақтарын өндіру бағдарламасына қайта қосу мүмкіндігін қарастыра бастаған еді. Кейбір сарапшылар Трамптың мұндай ұстанымын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың АҚШ-ты Иранмен қақтығысқа тартқанына деген жауабы болуы мүмкін деген болжам айтады.

Максим Казначеев

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

БЖЗҚ-ның бүгінгі ахуалы: халық сенімі әлсіреді ме?

Еуразия24 редакциясы бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланған Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге жедел үн қатқан болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық банк және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) бірлесіп әзірлеген бұл түзетулердің салдары аталған ведомстволардың құзыретімен ғана шектелмейді

Мұнай нарығындағы тосын жағдай: баға өсіп, өндіріс төмендеді

Мұнай бағасы барреліне 100 долларға дейін көтерілгенімен, Қазақстан үшін әзірге оның пайдасы аз. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңындағы танкерлерге жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін қазақстандық мұнайды негізгі экспорттық бағыт арқылы жөнелту тоқтатылды.

«Әділет» бағдарламасының өзегі – адам

Қазақстанда Құрылтай сайлауының науқаны басталды. Енді саяси партиялардың сайлаушыларға қандай жаңа бастамалар ұсынатыны қызығушылық тудырады. Мәселен, біз «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын зерделеп шықтық.

Ұйымдасқан қылмыстық топ 3 млрд теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінетін мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына тұрақты түрде бақылау жүргізіледі.