Евразия24Басты бет2026 жылғы футболдан әлем чемпионатындағы БРИКС+ елдері

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатындағы БРИКС+ елдері

|

|

Ресейдің Ұлттық зерттеу университеті – Жоғары экономика мектебі Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің «Ресейдің басым елдермен ғылыми-технологиялық ынтымақтастығы» ғылыми-оқу тобының (ҒОТ) ғылыми семинары қорытындысы бойынша дайындалған талдамалық шолу. Зерттеу авторлары – Рубен Аветисян мен Константин Шаталин.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты қатысушы командалар саны бойынша ғана емес, ғылыми деректер мен технологиялық шешімдер ең көп қолданылатын турнир ретінде де тарихқа енбек. Оның ерекшелігі тек турнир форматының кеңеюімен шектелмейді. Биылғы мундиальға ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (R&D) жұмсалатын әлемдік шығындардың шамамен жартысына тең ғылыми-технологиялық әлеуетке ие мемлекеттер қатысады. БРИКС+ елдері футбол додасына жоғары энергиялар физикасы, биоинженерия, фотоника және жасанды интеллект салаларында қалыптасқан ғылыми мектептердің тәжірибесін арқалап келеді. Алайда іргелі ғылымның жетістіктерін алаңдағы нақты нәтижеге айналдыру әлі де оңай міндет емес. Іргелі ғылым футболдағы дәстүрлі алпауыттар мен өзге құрамалар арасындағы алшақтықты қысқарта ала ма? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында зерттеуде Бразилия, Мысыр, Иран және Оңтүстік Африка Республикасы салыстырмалы түрде талданған. Бұл елдер ұлттық футболды дамытуда ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізудің әртүрлі деңгейі мен үлгілерін көрсетеді.

Қазіргі ұлттық футбол құрамасы – балалар академиясынан бастап әлем чемпионатындағы ойындарға дейінгі барлық кезеңді қамтитын күрделі ғылыми-технологиялық жүйе. Бұл жүйе алты негізгі бағытқа негізделген: жас футболшыларды даярлау, дене дайындығы мен спорттық медицина, цифрлық талдау, жүктемені бақылау, тактикалық модельдеу, сондай-ақ психологиялық дайындық пен бейімдеу. Зерттеуге алынған әрбір ел осы бағыттарды ұлттық басымдықтары мен қолда бар ресурстарына сай өзіндік тәсілмен жүзеге асырады.

Бразилия моделі кең ауқымды футбол инфрақұрылымы мен клуб академияларының дамыған жүйесіне сүйенеді. Бразилия футбол конфедерациясының (CBF) дерегіне сәйкес, елде конфедерация құрамына кіретін 1276 клуб тіркелген. Бұл дарынды ойыншыларды іріктеуге мол мүмкіндік береді. «Палмейрас» пен «Фламенго» сияқты жетекші клубтардың академиялары қолданбалы спорт ғылымының орталығына айналған. Мұнда нейроғылым әдістері, виртуалды шынайылық технологиялары және әр ойыншыға арналған жеке даму бағдарламалары пайдаланылады. Сонымен қатар Бразилия футболшыларды халықаралық нарыққа ең көп шығаратын елдердің бірі саналады. 2024 жылы халықаралық трансферлер саны бойынша көш бастады: елге 1102 ойыншы ауысып келсе, 1113 футболшы шетелдік клубтарға өтті. Алайда Бразилия футболының басты мәселесі дарынды ойыншылардың тапшылығы емес. Негізгі қиындық – әртүрлі елдердің чемпионаттарында өнер көрсетіп, түрлі тактикалық жүйеге бейімделген футболшылардан біртұтас әрі үйлесімді құрам жасақтау. Заманауи технологиялар бұл үдерістегі белгісіздікті азайтуға мүмкіндік бергенімен, шешуші сөз бапкерлер штабына тиесілі. Өйткені олар жұлдызды ойыншылар арасында өзара сенім қалыптастырып, командалық үйлесімді қамтамасыз етуі керек.

Мысыр ұлттық футболды дамытуда жоғары технологиялы талдау жүйелері мен дайындықты дараландыруға басымдық береді. Мысыр футбол қауымдастығы бір матч барысында 5200-ге дейін тактикалық әрекетті өңдей алатын жасанды интеллект платформаларын енгізді. Соның нәтижесінде пастардың оңтайлы қашықтығы ғылыми тұрғыдан негізделіп, қорғаныстан шабуылға ауысу жылдамдығы 18 пайызға артқан.
Қақпашыларды даярлауда 12 стандартты соққы сценарийін модельдейтін виртуалды шынайылық жүйелері қолданылады. Бұл шешім олардың шешім қабылдау уақытын 28 пайызға қысқартуға мүмкіндік берген. Ал тағылатын сенсорлар мен болжамды медицина технологиялары, соның ішінде «Спорттық геном» бағдарламасы аясындағы генетикалық профильдеу, Араб мемлекеттері кубогы кезінде жарақаттың алдын толық қамтамасыз еткен.

Бұған қоса, Мысыр VAR жүйесін жаңғыртып, барлық жастағы футболшылар туралы ақпаратты талдау платформаларымен біріктірілген бірыңғай деректер қорын қалыптастырып жатыр. «Капитан Египет» жобасының нәтижесінде 168 жас футболшы кәсіби клубтарға қабылданған. Бұл елдің 2038 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Иранның технологиялық моделі инфрақұрылымды жаңғырту мен үдерістерді автоматтандыруға негізделген. Елде стадиондарды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, жеке 5G желісі мен бейімделетін жарықтандыру жүйелері енгізілген. Сонымен қатар FIFA талаптарына сай сертификатталған жасанды жабынды алаңдар пайдаланылып, жыл бойы жаттығу өткізуге мүмкіндік жасалған.

Иранда жасанды интеллектке негізделген автоматтандырылған төрешілік жүйесі әзірленген. Ол төрешілердің шешімдерін саралап, кездесулерге төрешілерді автоматты түрде тағайындайды. Бұл шешім төрешілік кезіндегі субъективтілікті азайтуға бағытталған.

Болжамды медицина саласында ирандық жоғары оқу орындары қайталанатын жарақат қаупін болжайтын машиналық оқыту модельдерін әзірледі. Оның AUC көрсеткіші 0,837-ге жетіп, модельдің жоғары дәлдігін көрсеткен.

Сондай-ақ елдің ішкі біріншіліктерінде, оның ішінде әйелдер чемпионаты мен екінші дивизионда VAR жүйесі кеңінен енгізіліп жатыр. Бұл жобаға шамамен 26 млн АҚШ доллары жұмсалған және футболды басқару жүйесіндегі маңызды институционалдық өзгерістердің бірі саналады.

Иран қаржылық мүмкіндігі шектеулі клубтарға бейімделген тиімді технологиялық шешімдерді де әзірлеуде. Олардың қатарында төрешілерге арналған денеге тағылатын камералар мен бір ғана стандартты камераның көмегімен доптың кеңістіктегі орнын үш өлшемде анықтайтын технология бар. Мұндай шешімдерді кеңінен енгізу салыстырмалы түрде аз шығынды қажет етеді.

Оңтүстік Африка Республикасының моделі 2010 жылғы футболдан әлем чемпионатынан қалған мұраның ықпалын әлі де сезініп келеді. Сол кезде халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасқанымен, ойыншыларды жүйелі даярлау тетіктері жеткілікті деңгейде дамымаған. Өз алаңындағы мундиальдан кейін ұлттық құрама 16 жыл бойы әлем чемпионатына қатыса алмады.

Тек 2026 жылғы турнирге жолдама алуы бас бапкер Уго Броостың ұзақмерзімді жұмысының нәтижесі болды. Ол құрамды жасартып, негізінен жергілікті чемпионатта өнер көрсететін футболшыларға сенім артты. Алайда Канада құрамасынан жеңілу Оңтүстік Африка футболындағы бірқатар кемшілікті көрсетті. Атап айтқанда, команданың физикалық қуаты, жылдамдығы және ойын барысында жедел шешім қабылдау қабілеті жеткіліксіз болды. Сарапшылар мұны ұлттық чемпионаттың ерекшелігімен байланыстырады, өйткені жергілікті ойыншылар жоғары қарқынмен өтетін кездесулерде тұрақты тәжірибе жинақтай бермейді. Соған қарамастан, елде «Мамелоди Сандаунз», «Орландо Пайретс» және «Стелленбош» сияқты мықты клубтар жұмыс істейді. Олар футбол академияларын дамытуға қаржы бөліп, спорт ғылымы бағытында жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатқан. Мәселен, «Мамелоди Сандаунз» Претория университетімен келісім жасап, футболшыларды даярлауда ғылым мен жаңа технологияларды қолдануда. Сондай-ақ алты мыңнан астам баланы қамтитын футбол мектептерінің желісін іске қосқан.

Дегенмен бұл бастамалардың басым бөлігі әлі де бір-бірімен байланыспаған. Сондықтан ел алдындағы негізгі міндет – өңірлік скаутингті, аймақтық дайындық орталықтарын, медициналық хаттамаларды және бапкерлерді даярлау жүйесін біріктіретін бірыңғай даму моделін қалыптастыру. Бұл тұрғыда технологиялар балалар футболынан бастап академиялар, клубтар және ұлттық құрама арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ететін негізгі құралға айналуға тиіс. Стратегиялары әртүрлі болғанына қарамастан, аталған төрт мемлекетке ортақ мәселелер де аз емес. Олар – дарынды ойыншыларды ерте анықтау, сапалы дайындыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, жарақаттың алдын алу, климаттық және логистикалық жағдайларға бейімделу, сондай-ақ жиналған деректерді тактикалық шешімдер қабылдау үдерісіне тиімді енгізу. Бұл міндеттер БРИКС аясындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді және оны бірнеше бағыт бойынша дамытуға негіз қалайды.

Бірінші бағыт – аналитикалық әдістемелермен алмасу. Ұлттық құрамалардың жабық деректерін бөлісуден гөрі, жоғары қарқынды жүктемені бағалау, команданың ықшам орналасуын талдау, жас футболшыларды даярлау және спорттық аналитиктерді оқыту тәсілдерімен тәжірибе алмасу әлдеқайда тиімді. Бұл ретте Бразилия футбол академияларын дамыту мен халықаралық скаутинг тәжірибесін ұсына алады. Мысыр – мықты клубтық жүйеге сүйенген команданы қалыптастыру тәсілдерімен, Иран – уақыттың тапшылығы мен сыртқы қысым жағдайында дайындық жүргізу тәжірибесімен, ал Оңтүстік Африка Республикасы аумағы кең әрі инфрақұрылымы біркелкі дамымаған елдерге арналған шешімдерімен бөлісе алады. БРИКС-ке мүше елдердің футбол ғылымына арналған жыл сайынғы конференциясы бапкерлер, дәрігерлер, биомеханика мамандары мен спорттық аналитиктер үшін тәжірибе алмасатын тұрақты алаңға айналуы мүмкін.

Екінші бағыт – спорттық медицина саласындағы ынтымақтастық. БРИКС елдері табиғи-климаттық жағдайы әртүрлі өңірлерде орналасқан. Мәселен, Бразилияның ыстық әрі ылғалды климаты, Оңтүстік Африканың биік таулы және континенттік өңірлері, Мысыр мен Иранның қуаң аймақтары, сондай-ақ Ресей, Қытай және Үндістандағы суық климат, биік таулар мен муссондық белдеулер спортшыларды даярлауда әртүрлі ғылыми тәсілдерді қажет етеді. Бұл елдердің бұлшықет жарақаттары, қалпына келу үдерісі, ұйқы, тамақтану, ыстықтың ағзаға әсері және уақыт белдеулерінің ауысуына бейімделу бағытындағы бірлескен зерттеулері биомедицина мен цифрлық денсаулық сақтау жобаларын қаржыландырып отырған BRICS STI Framework Programme бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы мүмкін.

Үшінші бағыт – ашық ғылыми зерттеулерді, оқу бағдарламаларын, тестілеу хаттамаларын және қалпына келтіру әдістемелерін біріктіретін ортақ білім платформасын құру. Бұл платформада жеке деректер мен коммерциялық ақпарат орналастырылмауы тиіс. Оның негізгі мақсаты – БРИКС елдерінің тілдерінде қолжетімді болатын әдістемелік материалдардың бірыңғай кітапханасын қалыптастыру. Мұндай бастама 2025 жылғы Рио-де-Жанейро декларациясында көзделген ортақ құжаттар мен анықтамалық материалдарға қолжетімділік базасын құру жөніндегі ұстаныммен толық үндеседі.

Төртінші бағыт – футбол академиялары арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Мұнда әңгіме қысқа мерзімді сапарлар туралы емес, бапкерлер мен мамандардың ұзақ мерзімді тағылымдамасы, оқу-жаттығу үдерісіне тікелей қатысуы және 17 жасқа дейінгі (U17) әрі 20 жасқа дейінгі (U20) құрамаларға арналған бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу жайында болып отыр. Мұндай бағдарламалар медициналық тексерулер мен білім беру семинарларын да қамтуы тиіс. Бұл бастама БРИКС-ке мүше елдердің спорт министрлері қабылдаған бапкерлер мен спортшылар алмасуын қолдау жөніндегі шешімдерге сәйкес келеді.

Бесінші бағыт – бұқаралық спортқа арналған қолжетімді технологияларды дамыту. Кәсіби клубтар қымбат GPS жүйелерін пайдалануға қауқарлы болғанымен, БРИКС елдеріндегі көптеген футбол мектептерінің мұндай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ойыншыларды тіркеуге, смартфон арқылы түсірілген бейнематериалдарды талдауға, дене дайындығын қарапайым тәсілмен бағалауға және бапкерлерді қашықтан оқытуға арналған қолжетімді қосымшаларды әзірлеу заманауи технологияларды кеңінен пайдалануға жол ашады. Бұл жоба түрлі жағдайда тиімді жұмыс істейтін өнімдерді бірлесіп әзірлеу арқылы елеулі әлеуметтік нәтиже беруді көздейтін Жаһандық Оңтүстік елдерінің технологиялық ынтымақтастығы тұжырымдамасына толық сай келеді.

Зерттеуге енгізілген әрбір елдің өзіне тән артықшылықтары да, жүйелі мәселелері де бар. Бразилия дарынды ойыншыларды даярлау мен футбол академияларына сүйенсе, Мысыр тәртіпке және көшбасшы футболшыларға басымдық береді. Иран ұйымдастыру тиімділігі мен физикалық дайындыққа көңіл бөлсе, Оңтүстік Африка Республикасы инфрақұрылымды жетілдіруге және тұрақты даму моделін қалыптастыруға күш салып келеді. Барлық жағдайда ғылым мен технология спорттық әлеуетті нақты нәтижеге айналдыратын негізгі құрал ретінде қарастырылады.

БРИКС аясында футбол дипломатияның қосымша құралы ғана емес, нақты нәтиже беретін практикалық ынтымақтастық саласы ретінде көрінеді. Аналитикалық әдістемелермен алмасу, спорттық медицина бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу, ортақ білім платформасын қалыптастыру, академиялық тағылымдамаларды ұйымдастыру және бұқаралық спортқа арналған қолжетімді технологияларды әзірлеу – мұның барлығы BRICS STI Framework Programme бағдарламасы мен БРИКС-ке мүше елдердің спорт министрлері кездесулерінде қабылданған шешімдер сияқты қолданыстағы институционалдық тетіктер негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Мұндай ынтымақтастық барлық саяси мәселелер бойынша толық келісімді талап етпейді. Ол нақты міндеттерді шешуге бағытталып, университеттер, ұлттық футбол федерациялары мен клубтар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Осылайша, футбол ғылымы «жұмсақ күштің» және технологиялық алмасудың тиімді тетігіне айналып, БРИКС аясындағы интеграциялық үдерістерді күшейтуге әрі ұлттық құрамалардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ете алады. Бұл бағыттағы табыстың басты өлшемі – қабылданған декларациялар саны емес, бірлесіп әзірленген ғылыми-технологиялық шешімдердің бапкерлер, спорт дәрігерлері және жас футболшылардың күнделікті тәжірибесінде нақты қолданылуы.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Құрылтай сайлауы басталмай жатып мәреге жетті

Құрылтай сайлауына арналған ресми үгіт-насихат өткен бейсенбіде, 23 шілдеде басталды. Соның аясында партиялардың сайлауалды бағдарламалары жарияланып қана қоймай, алғашқы «қорытындылар» да шығып үлгерді. Әзірге олар Орталық сайлау комиссиясының хаттамалары емес, әлеуметтік сауалнама нәтижелері түрінде ұсынылды. Алайда мұндай сауалнамаларға деген сенім деңгейі партиялардың сайлауалды уәделерінен кем емес. Шынында, кейбір елдердегідей әлеуметтану саяси технологтардың құралына айналған жоқ. Бізде бұл үдеріс заң талаптарына сай әрі нақты жауапкершілік негізінде жүргізіледі. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-платформалар сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижесін жариялаған кезде сауалнаманы жүргізген заңды тұлғаны, оған тапсырыс берушіні, қаржыландырған тарапты және өзге де қажетті мәліметтерді көрсетуге міндетті. Ал мұндай сауалнамаларды Қазақстанда тіркелген, қоғамдық пікірді зерттеу саласында кемінде бес жылдық тәжірибесі бар ұйымдар ғана жүргізе алады. Ол үшін алдын ала Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар ету қажет. Хабарламаға зерттеуге қатысатын мамандардың біліктілігі мен жұмыс тәжірибесі, сауалнама жүргізілетін өңірлер және қолданылатын зерттеу әдістері туралы мәліметтер қоса ұсынылады.

АҚШ Қазақстанға 12,5 пайыздық кедендік баж енгізді

Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік туралы сөз болғанда, еріксіз езу тартасың. Бір жағынан, миллиардтаған долларды құрайтын ұзақ мерзімді келісімдер бар.

Педагогтардың жеке деректері желіге тарап кетті

Шығыс Қазақстан облысында мектептер мен балабақшалар мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыруларды жариялау кезінде қызметкерлерінің жеке деректерін ашық қолжетімділікке шығарып жіберген. Нәтижесінде 600-ден астам педагогтың ЖСН-і, тұрғылықты мекенжайы мен байланыс телефондары интернетте жарияланған.

«Ақ жол» партиясы сайлауалды бағдарламасын бекітті

«Ақ жолдың» басты ерекшелігі – бұл сайлаудағы ең тәжірибелі саяси күштердің бірі саналуында. Әрине, бұған бұрынғы «Нұр Отан» мен Amanat партияларын қоспағанда. Алайда олардың саяси алаңдағы бұрынғы орны өзгерген. Сондықтан «Ақ жол» бұл сайлауға өзін көпшілікке қайта таныстыруды қажет етпейтін саяси жоба ретінде қатысып отыр.