Астана. 27 шілде. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) төрағасы Жанат Әлімановты қабылдады. Кездесуде агенттік басшысы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы баяндады. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Жанат Әлімановтың айтуынша, есепті кезеңде 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелген. Сондай-ақ жеті қылмыстық топтың, оның ішінде төрт трансұлттық топтың қызметі тоқтатылып, айналымы 176 млрд теңгеден асатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 44 желі әшкереленген.
Бұдан бөлек, есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен заңсыз табысты жылыстату үшін пайдаланылған 12 жасырын криптоайырбастау пункті жойылды. Сонымен қатар шоттары арқылы жалпы көлемі 113 млрд теңгенің қаржы операциялары жүргізілген 36 дропперлік топ анықталған.
Әліманов ТМД елдері арасында алғаш рет ұялы байланыс операторларының жұмысын имитациялайтын арнайы құрылғыларды пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемдену мақсатында жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратқан адамдардың әрекеті әшкереленгенін де айтты.
Оның мәліметінше, бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 млрд теңгенің негізсіз шығынына жол берілмеген. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қаржатты жымқыру қаупі анықталған.
Бұған қоса, 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу арқылы жеке клиникалардың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасы әшкереленді.
Профилактикалық шаралар аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунтқа қолжетімділік бұғатталды. Сонымен қатар 2,3 мың алаяқтық интернет-ресурсының және жалпы аудиториясы 35 мыңнан асатын 25 топтық чаттың қызметі тоқтатылды.
Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралармен 245 мыңнан астам азамат қамтылды. Қаржылық мониторинг саласындағы заңнаманы жетілдірудің нәтижесінде Қазақстан Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының (ФАТФ) төрт негізгі ұсынымы бойынша рейтингін жақсартты.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігі қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.




