Астана. 28 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанда биыл жиналған жаңа өнім бидайының 78%-ы үшінші класқа жатқызылды, деп хабарлады республика Үкіметінің баспасөз қызметі.
Үкімет дерегінше, қазірдің өзінде 5,5 млн гектар дәнді дақыл алқабы немесе жалпы егіс көлемінің 35,5%-ы орылып бітті. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге жуық көп. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерді құрап, диқандар 7,7 млн тонна астық бастырды. Былтыр осы уақытта 3,9 млн тонна астық жиналған еді.
«Астық қабылдаудың алғашқы нәтижелері биылғы өнімнің сапасы жоғары екенін көрсетіп отыр. (…) Қабылданған жұмсақ бидайдың басым бөлігі жоғары сапалы астық санатына жатады. Сапалық көрсеткіштерді анықтау нәтижесінде астықтың 78%-ы үшінші класқа, 14%-ы төртінші класқа жатқызылды. Бесінші кластағы және класқа жатпайтын бидайдың үлесі 7%-ды құрады», – делінген жұма күні таратылған хабарламада.
Бидай құрамындағы желімшенің мөлшері де жоғары. Қабылданған жұмсақ бидайдың жартысынан астамында, яғни 56%-ында, желімше мөлшері 28%-дан жоғары. Тағы 19%-ында бұл көрсеткіш 25–27%, ал 25%-ында 23–24% аралығында.
Лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарына қазірдің өзінде 1,025 млн тонна өнім жеткізілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көлемнен жеті есе көп. Былтыр осы уақытта сақтауға 145,5 мың тонна астық қабылданған болатын.
Дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдар, көкөніс пен бақша өнімдерін жинау жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 244 мың тонна майлы дақыл тұқымы, 1,9 млн тоннадан астам көкөніс, 1,7 млн тонна бақша өнімі және 795 мың тонна картоп жиналды. Бұл дақылдарды жинау жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда биыл егін жинау науқанының ерте басталуына аптап ыстық салдарынан дақылдардың әдеттегіден жылдам пісуі себеп болды.
2025 жылы Қазақстанда жиналған дәнді дақылдар көлемі 2%-ға артып, 27 млн тоннаға жетті. Орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрады, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 16 центнер болған. Сондай-ақ 2,8 млн тонна картоп және 3,7 млн тонна көкөніс жиналды.




