Вашингтон. 30 тамыз. ИНТЕРФАКС – АҚШ-тың Венесуэламен мұнай саласында келісімге келуіне Иранмен ұзаққа созылған қақтығыстың салдары және 2026 жылғы қарашада өтетін аралық сайлаудың жақындауы себеп болды. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған The Wall Street Journal (WSJ) хабарлады.
«Келіссөздер барысынан хабардар адамдардың айтуынша, Дональд Трамп әкімшілігі Иранмен созылып кеткен әрі қоғам қолдауына ие болмаған соғыс салдарынан қиын жағдайға тап болды. Қақтығыс әлемдік энергия жеткізіліміне де кері әсер етті. Осыған байланысты Ақ үй Батыс жарты шарда ұзақ мерзімге жететін мұнай көзіне қол жеткізгенін шұғыл түрде жариялауды қажет деп тапқан. Қарашадағы аралық сайлау қарсаңында Трампқа саяси тұрғыдан да табыс қажет болды. Венесуэламен жасалған келісім Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың америкалықтарға түсетін экономикалық салмағын азайта алатынын көрсетуге тиіс еді», – деп жазады басылым.
WSJ бұған дейін Ақ үйдің ExxonMobil және ConocoPhillips секілді ірі мұнай компанияларын Венесуэлаға қайта оралуға көндіруге тырысқанын еске салды. Алайда елдегі қауіпсіздік мәселелері мен құқықтық кедергілерге байланысты америкалық мұнай компаниялары бұл бағытта белсенді қадам жасауға асықпаған.
Нәтижесінде Вашингтон мен Каракас арасындағы келісімді әзірлеуді АҚШ Мемлекеттік департаменті қолға алды. Кейін келісімді қаржыландыру тетіктерін әзірлеуге Пентагонның Стратегиялық капитал басқармасы тартылды. Бұл құрылым АҚШ мүддесіне сай келетін жобаларды қаржыландыруға қажетті өкілеттікке ие.
Жоспар бойынша АҚШ Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригеспен байланысы бар кәсіпкер Алехандро Бетанкурдың North American Blue Energy Partners (NABEP) жеке компаниясына инвестиция салады. Компанияға жалпы қоры 65 млрд баррельге бағаланатын 17 мұнай кен орнын игеру құқығы беріледі. Бұл Венесуэладағы мұнай қорының шамамен бестен бір бөлігіне тең.
Соңғы екі жылда NABEP Венесуэланың мұнай секторында Chevron Corporation-нан кейінгі екінші ірі компанияға айналды. Алайда Испания мен Швейцарияда Бетанкурдың қызметіне қатысты ақшаны жылыстату күдігі бойынша тергеу жүріп жатыр. Әзірге оған ресми айып тағылған жоқ.
WSJ дереккөздерінің бірінің айтуынша, жаңа келісім аясында мұнай өндіру құқығының жеке компанияға берілуі кездейсоқ емес. Мұндағы мақсат – Венесуэлада билік ауысқан жағдайда да келісімнің сақталуына барынша кепілдік беру. Дереккөздер болашақ үкіметтер үшін жеке компанияның активтерін мемлекет меншігіне өткізу оңай болмайды деп есептейді.
Алайда басылым жаңа келісім Венесуэланың 1999 жылғы Конституциясының талаптарына қайшы келуі мүмкін екенін атап өтті. Конституцияға сәйкес, елдің мұнай қоры мемлекетке тиесілі және оны сатуға болмайды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Венесуэламен тарихтағы ең ірі мұнай келісімін жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, келісім нәтижесінде АҚШ Венесуэладағы дәлелденген 65 млрд баррельден астам мұнай қорына бақылау жүргізуге мүмкіндік алады, әрі бұл америкалық салық төлеушілерге қосымша шығын әкелмейді.
Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес АҚШ-пен мұнай саласындағы келісімнің 25 жылға жасалғанын хабарлаған еді. Дегенмен Каракас пен Вашингтон арасындағы уағдаластықты Венесуэладағы қатаң бағытты жақтаушылар да, оппозиция өкілдері де сынға алды.




