ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі хабарлайды: «Биыл ұялы байланыс құралдарын пайдалануға қатысты мәселелер Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне берілді. Тиісті ереже әзірленіп, қазір келісу рәсімінен өтіп жатыр. Ережеге сәйкес, оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға болмайды. Үзілісте қолдануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспарында қарастырылған жағдайда телефонды сабақ барысында пайдалануға болады. Телефондарды міндетті түрде сейфке тапсыру туралы талап енгізілмейді. Құрылғы оқушының өзінде қала береді. Мәселен, оны өшіріп, сөмкесіне салып қоюына болады. Сонымен қатар мектеп ата-аналарға қажет болған жағдайда баласымен байланысуға мүмкіндік беретін бірыңғай телефон нөмірін ұсынуға тиіс. Бұл талап та ережеде қарастырылған. Мұғалімдерге оқушылардың телефондары үшін автоматты түрде материалдық жауапкершілік жүктелмейді. Сабақ кезінде мұғалім балалардың қауіпсіздігіне, өмірі мен денсаулығына жауап береді. Телефон жоғалған жағдайда оның құнын мұғалімге бірден өтету қарастырылмаған. Алдымен құрылғының қашан және қандай жағдайда жоғалғаны анықталып, оған кімнің кінәлі екені белгіленуі тиіс. Содан кейін ғана тиісті шаралар қабылданады», – деп Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова журналистің сауалдарына жауап берді.
Еуразия24 пікірі:
Жалпы, сабақ кезінде гаджет пайдалануды шектеу орынды шешім деуге болады. Өйткені балалар сабаққа көңіл бөлудің орнына әлеуметтік желіде отырады немесе қысқа видеолар көреді. Оның үстіне телефонды мектепке мүлдем алып келуге тыйым салу туралы сөз болып отырған жоқ. Дегенмен негізгі мәселе тыйымның өзінде емес, оның іс жүзінде қалай орындалатынында. Егер телефон баланың сөмкесінде қала беретін болса, оқушының сабақ үстінде оны пайдаланбауын кім және қалай қадағалайды? Мұғалімнің міндеті – балаға білім беру, оқушының сөмкесіндегі телефонды аңду емес. Тағы бір маңызды мәселе бар. Айталық, оқушы мұғалімнің талабына бағынбай, сабақ үстінде телефонын алып шықты делік. Мұндай жағдайда оған қандай шара қолданылады? Мұғалімнің оқушының жеке затын алып қоюға құқығы жоқ. Бұл мәселеге 2023 жылы адвокат Эльнура Кішкенебаева да түсініктеме берген болатын . Дегенмен мектеп талабына немқұрайды қарайтын оқушылардың ата-аналарына ықпал етудің тағы бір тетігі бар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабында білім беру саласындағы заңнамада белгіленген міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін айыппұл қарастырылған. Бұл талапты мектеп формасына қатысты ережелерді сақтамауға да, гаджет пайдаланудың белгіленген тәртібін бұзуға да қолдануға болады. Біздіңше, 2026–2027 оқу жылы білім беру ұйымдарында тәртіп талаптарының қаншалықты тиімді орындалатынын көрсететін кезең болмақ.
.




