Бір сәт ойланып көріңізші: таңертең жұмысқа келдіңіз. Компьютерді қостыңыз. Ал сіз күнде бірнеше сағат жұмсайтын жұмысты жасанды интеллект бірнеше минутта орындап қойды. Есеп дайын, мәтін жазылған, кесте толтырылған, ақпарат сұрыпталған. Сонда сізге жұмыс қалды ма?Соңғы кезде бұл сұрақты көп адам өзіне қоя бастады. «Жасанды интеллект дамып кетсе, біз жұмыссыз қалмаймыз ба?» деген қорқыныш бар. Әсіресе компьютер алдында жұмыс істейтін мамандардың алаңдауы түсінікті.Бірақ мәселенің шындығы сәл басқаша болуы мүмкін.
Жасанды интеллект адамның орнын бірден басып жатқан жоқ. Ол адамның күнделікті жасайтын жұмыстарын өзгертіп жатыр.Мысалы, бұрын мұғалім сабақ жоспарын жасауға, тапсырма дайындауға, мәтін іздеуге бірнеше сағат жұмсайтын. Қазір осы жұмыстардың бір бөлігін AI-ға тапсырса, уақытын үнемдей алады. Бірақ дайын жоспарды алып, оқушыға сол күйінде оқыта салу жеткіліксіз. Себебі әр сыныптың баласы әртүрлі. Бір оқушыға түсінікті нәрсе екіншісіне қиын болуы мүмкін. Мұны мұғалім ғана сезеді.
Дәл осындай жағдай журналисте де бар. Жасанды интеллект мәтіннің алғашқы нұсқасын жазып бере алады. Бірақ кейіпкердің айтқан сөзінің астарындағы сезімді, қоғам үшін маңызды мәселені немесе оқырманға әсер ететін детальді машина әрдайым адам сияқты байқай алмайды.Демек, мәселе «адам ба, әлде машина ма?» деген таңдауда емес. Мәселе – екеуін қалай бірге пайдалануда.
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де еңбек нарығындағы осы өзгерісті зерттеп отыр. Министрліктің мәліметінше, 2035 жылға қарай жасанды интеллект елдегі кәсіптердің шамамен жартысына әсер етуі мүмкін. Бірақ талдау жасалған 9,2 миллион жұмыспен қамтылған адамның кәсібінің ішінде толық автоматтану қаупі бар кәсіптер саны небәрі 14 болған. Ал 562 кәсіптің жұмысы айтарлықтай өзгеруі мүмкін.Бұл сандарға қарасақ, «AI ертең бәрімізді жұмыссыз қалдырады» деу асығыс сияқты.
Керісінше, біз жұмыс істеудің жаңа тәсіліне келе жатырмыз.Күнделікті өмірдің өзінен мысал келтірейік. Бұрын дүкенге барған адам сатушыдан тауар туралы сұрайтын. Қазір көп нәрсені интернеттен өзі қарап, салыстырып, пікір оқып алады. Бұл сатушының жұмысы мүлде жоғалды деген сөз емес. Оның жұмысы өзгерді. Енді жақсы сатушы тек тауарды таныстырып қоймай, клиенттің нақты не қалайтынын түсінуі керек.Жасанды интеллектпен де дәл солай болады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2025 жылғы есебінде 2030 жылға дейін әлемде 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болуы мүмкін екені, ал 92 миллион жұмыс орны өзгерістердің әсерінен жойылуы немесе қысқаруы ықтимал екені көрсетілген. Яғни жалпы есеп бойынша 78 миллион жұмыс орнына өсім болжанған. Сонымен қатар AI, үлкен деректер, киберқауіпсіздік сияқты технологиялық дағдылармен бірге шығармашылық ойлау, икемділік, төзімділік және адамдармен жұмыс істей білу де маңызды болып қала беретіні айтылған.Яғни болашақта тек «компьютерді жақсы білетін» адам емес, жаңа нәрсеге тез бейімделетін адам ұтады.
Бүгінде мұны өзіміз де көріп жүрміз. Біреу ChatGPT-ті тек дайын мәтін көшіріп алу үшін қолданады. Екінші адам оны идея іздеуге, ақпаратты жүйелеуге, өз жұмысын жеңілдетуге пайдаланады. Екеуінде де бір технология бар. Бірақ нәтиже әртүрлі.Сондықтан жасанды интеллект адамның жалқаулығын да күшейте алады, білімін де арттыра алады.
Мәселенің ең маңызды жері – осы
Егер оқушы кез келген сұрақтың жауабын AI-дан алып, өзі ойлануды тоқтатса, оның білімі әлсіреуі мүмкін. Ал егер AI-ды түсінбеген тақырыбын талқылауға, қосымша ақпарат іздеуге, өз ойын тексеруге пайдаланса, керісінше білім алу мүмкіндігі артады.
Жұмыс орнында да дәл солай. Басшы қызметкерді тек AI қолданғаны үшін емес, жұмысты қалай нәтижелі орындағаны үшін бағалайтын кезең келеді. Бір қызметкер тапсырманы AI көмегімен жылдам әрі сапалы орындаса, оның құндылығы төмендемейді. Керісінше, артуы мүмкін.
Бірақ жасанды интеллектіге толық сенуге болмайды. Ол қателесуі мүмкін, дұрыс емес ақпарат беруі мүмкін. Сондықтан болашақ маманға дайын жауаптан бұрын дұрыс сұрақ қоя білу, ақпаратты тексеру, салыстыру және өз бетінше шешім қабылдау қажет болады.
Ең қызығы – технология дамыған сайын адамның кейбір қасиеттері бұрынғыдан да қымбат болуы мүмкін.
Мысалы, дәрігердің науқастың жағдайын түсінуі, мұғалімнің баланың көңіл- күйін байқауы, басшының қызметкерін жігерлендіруі, сатушының клиентпен дұрыс сөйлесуі – бұлардың барлығы тек ақпаратқа байланысты емес.
Адамға адам керек
Сондықтан болашақта жасанды интеллектіден қорыққаннан гөрі, оны үйренген дұрыс. Себебі ертең «AI қолданасың ба?» деген сұрақ «компьютер қолдана аласың ба?» деген сұрақ сияқты қалыпты нәрсеге айналуы мүмкін.Мүмкін, бірнеше жылдан кейін жұмыссыз қалудан емес, жаңа технологияны білмей қалудан қорқу керек шығар.
Жасанды интеллект біздің жұмысымызды тартып алуы да мүмкін. Бірақ ол жаңа жұмыс, жаңа кәсіп, жаңа табыс көзіне де жол аша алады.Сондықтан бүгін өзімізге «AI менің орнымды баса ма?» деп емес, «AI көмегімен өз орнымды қалай күшейте аламын?» деп сұрақ қойғанымыз дұрыс.Өйткені болашақта адамды машина емес, машинаны тиімді пайдалана алатын басқа адам басып озуы әбден мүмкін.
Айнұр Есімбекова




