Жуырда Халықаралық әлеуметтану және саясат институтының (ХӘСИ) сарапшылары Қазақстанның соңғы 30 жылдағы демографиялық даму қорытындысын шығарып, 2050 жылға дейінгі болжамын ұсынды. Зерттеу нәтижесі ел демографиясында оң өзгерістермен қатар, алдағы кезеңде ескерілуге тиіс бірқатар мәселе бар екенін көрсетеді. Қазақстан халқының саны тұрақты өсіп, өткен жылдардағы көші-қон үдерістерінің салдары біртіндеп еңсеріліп келеді. Алайда ендігі кезеңде халықтың қартаюы, туу көрсеткішінің табиғи түрде төмендеуі және демографиялық өсімнің ел дамуына беретін мүмкіндіктерінің азаюы күтіледі. Ендеше, Қазақстан демографиясында қандай өзгерістер жүріп жатыр? Негізгі көрсеткіштер мен ұзақ мерзімді үрдістерге тоқталып, елді алда қандай демографиялық сын-қатерлер күтіп тұрғанын саралап көрейік.
Халықаралық әлеуметтану және саясат институты ұйымдастырған «Қазақстандағы демографиялық үрдістер: халық санын сақтаудан өсімді басқаруға дейін» атты дөңгелек үстелде саясаттанушы Эдуард Полетаев 1990 жылдары Қазақстанның ауыр демографиялық кезеңді бастан өткергенін еске салды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында елден 2 миллионға жуық адам көшіп кеткен.
Кейін бұл жағдай тарихи Отанына қандастардың оралуы есебінен біршама түзелді. Осы уақытқа дейін Қазақстанға 1,1 миллионнан астам қандас қоныс аударған. Қазір ел халқының 64%-дан астамы қалада тұрады, ал қазақстандықтардың орташа жасы шамамен 32-ні құрайды.
Сарапшы Сәуле Әбдуәлиеваның айтуынша, Қазақстанның демографиялық саясатын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады: халық санын сақтау, оны қалпына келтіру және өсімді басқару.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басты міндет халық санының күрт азаюына жол бермей, демографиялық шығынның орнын толтыру болса, бүгінде басымдық өзгерді. Ендігі міндет — қалаларды дамыту, еңбек нарығын жетілдіру, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру арқылы халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту.
Институт директоры Андрей Ханның айтуынша, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 26,5 миллионға жуықтауы мүмкін. Алайда еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесі жоғары болатын қолайлы демографиялық кезең алдағы 10–15 жылмен шектелуі ықтимал. Сондықтан еңбек жасына жетіп жатқан жаңа буынды жұмыспен қамту үшін ел экономикасында қазірдің өзінде жыл сайын 400–450 мың жаңа жұмыс орны ашылуы қажет.
ТУУ, ӨЛІМ-ЖІТІМ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
2025 жылы 1 қаңтарда Қазақстан халқының саны 20,2 миллион адам болса, 2026 жылдың басында 20,5 миллионнан асты.
Пандемия кезінде айтарлықтай өскен жиынтық туу коэффициенті, яғни бір әйелге шаққандағы бала саны кейінгі жылдары төмендей бастады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,32-ге жетсе, 2022 жылы 3,06-ға, 2023 жылы 2,97-ге, 2024 жылы 2,80-ге, ал 2025 жылы 2,57-ге дейін азайды.
БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай жиынтық туу коэффициенті 2,39 шамасында болады. Бұл халық санының табиғи жолмен ұдайы өсуіне қажетті 2,1 деңгейінен жоғары. Дегенмен кейінгі жылдардағы көрсеткіштер елдегі жоғары туу қарқыны біртіндеп бәсеңдеп келе жатқанын аңғартады.
Демек, алдағы онжылдықтарда халық санының өсуіне туу көрсеткішінен гөрі бұған дейін қалыптасқан жас буынның үлесі көбірек әсер етпек.
Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы да пандемия кезіндегі төмендеуден кейін қайта өсті. 2020–2021 жылдардағы құлдыраудан соң орташа өмір сүру ұзақтығы 70,2 жастан 2025 жылы 75,97 жасқа жетті. Ал өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 2021 жылғы әр мың адамға шаққанда 9,54-тен 2024 жылы 7,46-ға дейін төмендеді.
Соңғы жылдардағы ең елеулі өзгерістің бірі көші-қон көрсеткішінен байқалады. 2014–2022 жылдар аралығында Қазақстаннан көшіп кеткендер саны елге қоныс аударғандардан жыл сайын көп болып келді. 2023 жылдан бастап бұл жағдай өзгеріп, елге келгендер саны кеткендерден басым түсе бастады. 2023 жылы көші-қон айырмасы 9,2 мың адамды құраса, 2024 жылы 16,5 мың адамға жетті.
Сонымен қатар Қазақстанға келген мамандардың саны 2,5 еседен астам көбейіп, елден кеткендер саны төрт есеге жуық азайды.
БЖЗҚ жарияланымында келтірілген БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA) Қазақстандағы өкілдігі сарапшыларының болжамынша, 2050 жылға қарай елге келетіндер мен елден кететіндер саны теңесіп, көші-қон айырмасы нөлге жуықтауы мүмкін.
Дегенмен Қазақстаннан көшіп жатқан азаматтардың арасында білікті мамандардың үлесі әлі де жоғары. Елден кеткендердің 66%-ы — еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, ал 13%-ының жоғары білімі бар. Олардың басым бөлігі инженерлік, экономикалық және педагогикалық мамандық иелері.
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАҒЫ ӨЗГЕРІС
Өмір сүру ұзақтығының артуы мен бала туу көрсеткішінің төмендеуі алдағы жылдары Қазақстан халқының жас құрамына елеулі өзгеріс әкелмек.
БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдарына сәйкес, 2050 жылға қарай 65 жастан асқан қазақстандықтардың үлесі 18,8%-ға жетеді. Яғни сол кезеңде ел тұрғындарының шамамен әрбір алтыншысы егде жаста болады.
Бұл көрсеткіштерді әлеуметтанушылар мен демографтар халықтың қартаю деңгейін анықтауда жиі қолданатын Боже-Гарнье-Россет шкаласымен салыстырсақ, Қазақстанда халықтың қартаю үдерісі күшейе түсетіні байқалады. Қазір егде жастағы тұрғындардың үлесі 13–14% шамасында болса, алдағы уақытта еліміз демографиялық қартаю деңгейі өте жоғары мемлекеттердің қатарына өтуі мүмкін. Боже-Гарнье-Россет шкаласы бойынша 60 жастан асқан тұрғындардың үлесі 18,8%-ға жетуі демографиялық қартаюдың өте жоғары деңгейін білдіреді.
Бұл өзгерістің ең елеулі салдарының бірі — еңбекке қабілетті тұрғындарға түсетін салмақтың артуы. 2012 жылы бір егде жастағы адамға 7,68 жұмыс істейтін азаматтан келсе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 адамға дейін азаюы мүмкін.
2025 жылы бір егде жастағы тұрғынға бес жұмыс істейтін азаматтан келді. Небәрі 13 жылдың ішінде бұл көрсеткіштің үштен бірге жуық төмендеуі еңбекке қабілетті халыққа түсетін демографиялық жүктеменің қазірдің өзінде артып келе жатқанын көрсетеді.
БЖЗҚ мен тәуелсіз қаржыгерлердің ұзақ мерзімді болжамдарына қарағанда, бір зейнеткерге шаққандағы жұмыс істейтін азаматтар санының азаюы алдағы кезеңдегі басты мәселелердің біріне айналмақ. Осыған байланысты 2050 жылға дейін мемлекетке әлеуметтік қолдау тетіктерін, ал жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қолданыстағы тәсілдерді қайта қарауға тура келуі мүмкін.
Бұл ретте 2024 жылдың жазында Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесін реформалау жөнінде өз тұжырымдамасын ұсынған белгілі қаржыгерлер тобының есебіне де назар аударған жөн.
Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов және Елена Бахмутова қазіргі үрдіс сақталып, 2050 жылға қарай бір зейнеткерге небәрі 3,4 жұмыс істейтін азаматтан келетін болса, мемлекеттік әлеуметтік қолдау тетіктері мен жинақтаушы жүйе зейнетақының лайықты деңгейін қамтамасыз ете алмауы мүмкін деп есептейді.
Әңгіме демографиядан әлеуметтік экономика мәселелеріне ойысқандай көрінуі мүмкін. Алайда халықтың жас құрамы өзгерген кезде оның экономика мен әлеуметтік салаға ықпалын айналып өту мүмкін емес.
Соған қарамастан, сарапшылар ең күрделі болжамдардың өзінде Қазақстанға демографиялық дағдарыс немесе халық санының кему қаупі төніп тұрған жоқ деген пікірде.
Ел халқы тұрақты өсіп келеді және 2050 жылға қарай 26,5 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Көші-қон көрсеткіштері де тұрақталып, өмір сүру ұзақтығы артып келеді.
Алайда халықтың жас болуы есебінен экономикаға қосымша еңбек күші келіп, әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақ салыстырмалы түрде төмен болған кезең аяқталуға жақын. Алдағы уақытта Қазақстан халқы біртіндеп қартаяды. Сондықтан қазірден бастап еңбек нарығын жас буынның жаппай еңбекке араласуына бейімдеп, әлеуметтік жүйені болашақтағы демографиялық өзгерістерге дайындау қажет.
РЕСМИ КӨРСЕТКІШТЕР МЕН НАҚТЫ АХУАЛ
Еңбек министрлігі Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында жыл сайын жүздеген мың адамның жұмысқа орналасқанын хабарлап келеді.
Министрліктің кейінгі мәлімдемелерінің бірінде: «2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 388 512 адам жұмысқа орналасты. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мемлекеттік шаралар аясында жалғасып жатыр. Бұл ретте азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық берілген. Жыл басынан бері 293 241 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл — жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі», — делінген.
Мұндай мәліметтер бұған дейін де тұрақты жарияланып келген.
Алайда 2024 жылы Мәжіліс депутаттары еңбек нарығындағы жағдайды талқылау кезінде жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне күмән келтірді. Депутаттардың сөзінше, кейінгі он жылда бұл мақсатқа триллиондаған теңге жұмсалғанымен, есепке енген жұмыс орындарының бір бөлігі іс жүзінде болмаған.
Бұл — министрлік жариялайтын көрсеткіштерге қатысты айтылған жалғыз сын емес.
Демографиялық үрдістерді талдай отырып, неліктен жастарды жұмыспен қамту мәселесіне келіп тірелеміз? Себебі туу көрсеткіші төмендей бастаған кезеңде ел үшін жас әрі білікті мамандарды Қазақстанда алып қалудың маңызы арта түседі. Ал тұрақты жұмыстың болмауы мен болашаққа деген экономикалық сенімсіздік, әсіресе көшуге бейім жастардың шетелден мүмкіндік іздеуіне түрткі болатын негізгі себептердің бірі.
Біздіңше, 2050 жылға қарай бүгінгі еңбекке қабілетті азаматтардың қалың тобы есейіп, тұрақты табыссыз әрі жеткілікті зейнетақы жинағынсыз қалуы мемлекет үшін де қолайлы жағдай емес. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесіне тек есептегі көрсеткіш ретінде қарамай, нақты әрі тұрақты жұмыс орындарын ашуға басымдық беру қажет.
Искандер Смаилов




