Евразия24Басты бетБалаңыз кімге ұқсағанын қалайсыз? Қазақстандағы Ұлттық идеология қандай?

Балаңыз кімге ұқсағанын қалайсыз? Қазақстандағы Ұлттық идеология қандай?

|

|

Бүгінгі ұрпақ кешегі аңыздан неге мақұрым? «Өткеніңді білмей, келешегің кемелденбейді» деп жатады ел ағалары. Бәлкім, мәселе өскелең ұрпаққа насихаттың жетіспеуінде шығар?

Қытайда жақында осы сұраққа өзгеше жауап беретін бір бастама пайда болды. Шаньдун провинциясындағы бірқатар сауда орталықтары мен қоғамдық орындардағы ірі LED-экрандарда бұрынғы коммерциялық жарнамалардың орнына елге еңбегі сіңген ғалымдар мен зерттеушілердің портреттері көрсетіле бастады.

Экрандардан зымыран-ғарыш саласының ғалымы Цянь Сюэсэн, ядролық физик Дэн Цзясянь, ауыл шаруашылығы ғалымы Юань Лунпин, Нобель сыйлығының лауреаты Ту Юю және басқа да ғылым өкілдерінің бейнесін көруге болады. Бастама кейін Қытайдың басқа да өңірлерінде жалғасын тапқан. Экрандағы адамның кім болғаны — қоғамның қандай құндылықтарды жоғары қоятынын да көрсетеді.  Қытайлықтар  бұл өзгерісті оң қабылдап, оларды жетістіктері құрмет пен таңданысқа лайық нағыз жұлдыздар деп атады.

Жалпы жаһандану дәуірінде ұлт мәйегін, құнды дүниелерді ұмытып, одан қалды Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек еткен оғландарымызды танымайтын халге жетіп жүрмейік?

Біз бүгінгі ұрпаққа кімді үлгі етіп көрсетіп жүрміз? Кімдерді «жұлдыз» деп таныстырамыз? Кімдердің суретін үлкен экрандарға шығарып, балалардың санасына «осындай адам болуға ұмтыл» дегендейі, өсиет айтамыз?

Жуалы жерінде дүниеге келген Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында батальон командирі ретінде Мәскеу түбіндегі шайқастарда ерекше әскери шеберлік көрсетті. 1941 жылдың қарашасындағы ұрыстарда оның басқаруындағы батальон жаудың шабуылын бірнеше күн тежеп, қоршаудан ұрысқа қабілетті күйде шықты.Бірақ Бауыржан Момышұлын тек соғыс қаһарманы ретінде қарау аздық етеді.Ол — әскери ойшыл, жазушы, тәрбиеші, тәртіп пен отаншылдық туралы терең ой айтқан тұлға.

Яғни бір адамның бойынан біз ерлікті де, білімді де, тәртіпті де, азаматтық жауапкершілікті де көре аламыз.Осындай тұлғаны жас ұрпаққа үлгі етпеуге бола ма?

Мәселен, ел арасында «дала академигі» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың мал шаруашылығын дамытудағы еңбегін бүгінгі ұрпақтың қаншасы біледі? Қарапайым еңбек адамының қажыр-қайраты арқылы тұтас бір саланың дамуына үлес қосқан тұлға ретінде оның өмір жолы жас ұрпаққа үлкен өнеге емес пе?

Ал қазақтың ұлы ғалымы, геолог, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың орны бір бөлек. Оның есімі қазақ ғылымының қалыптасуымен ғана емес, Қазақстанның өндірістік әлеуетінің дамуымен де тығыз байланысты. Орталық Қазақстанның геологиялық құрылымын зерттеп, Жезқазған өңірінің мысқа бай екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуі ел экономикасының дамуына жол ашты.

Ғалымның еңбегін кейде бажайлай бермейміз. Бірақ оның нәтижесі ондаған, тіпті жүздеген жылдарға жетеді.

Бүгін біз Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің жемісін пайдаланып жүргенімізбен, оның есімін жас ұрпаққа қаншалықты жиі айтып жүрміз?

Еліне тіреу болған аналар бар…

«Қасиетсіз ер болса да, қасиетсіз жер болмайды» демей ме қазақ.

Әр өңірден түлеп ұшып, өмірдің сан саласында тер төккен, елге еңбегі сіңген тұлғаларымыз аз емес.Мәселен, Жамбыл өңірінің тарихына қарасақ, еңбек пен өнердің, ғылым мен ерліктің талай үлгісін көреміз.Осы топта атақты қызылшашы, Социалистік Еңбек Ері Сындыбала Оңғарбаеваның есімі де бар.

Кеңес дәуіріндегі «Красная звезда» колхозында еңбек еткен Сындыбала апамыз жасынан жұмысқа араласып, кейін тракторшы мамандығын меңгерген. Соғыс жылдарында ауылдағы ер азаматтардың басым бөлігі майданға аттанғанда, әйелдер мен қарттар, жасөспірімдер тылдағы ауыр еңбекті арқалады.Сындыбала Оңғарбаева бастаған қызылшашылардың еңбегі сол кезеңдегі рекордтық көрсеткіштерге жетті. Бір гектардан жүздеген центнер өнім алған ұжымның жетістігі республика көлемінде ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында айтылды. 1948 жылы Сындыбала Оңғарбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.Бүгін осындай еңбек адамдарының өмір жолын біз қаншалықты насихаттап жүрміз?

Сындыбала анамыз секілді еңбегімен елге танылған аналардың ізін бүгінде басқа салада жалғап жүрген қазақ әйелдері жетерлік. Солардың бірі — биоинженерия мен репродуктивті медицина саласында аты алтын әріппен жазылатын ғалым, профессор Салтанат Байқошқарова.

Ол Қазақстанда заманауи репродуктивті медицинаның қалыптасуына және эмбриология саласының дамуына зор үлес қосты. Көп жылдық еңбегі арқылы отбасылы болуды армандаған талай жанға үміт сыйлап, Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялардың дамуына жол ашқан мамандардың біріне айналды.

Салтанат Байқошқарованың өмір жолы бізге тағы бір маңызды нәрсені көрсетеді. Елге қызмет ету міндетті түрде мінберден сөйлеу немесе көпшілікке танымал болу емес. Бір адам ғылым зертханасында отырып-ақ жүздеген, мыңдаған отбасының тағдырына әсер етуі мүмкін.

Кеше Сындыбала Оңғарбаева тылдағы ауыр еңбегімен елге қызмет етсе, бүгін Салтанат Байқошқарова ғылым мен медицина арқылы қоғамға қызмет етіп келеді.

Екеуінің дәуірі екі бөлек. Мамандығы екі бөлек. Бірақ ортақ бір қасиеті бар — өз ісіне адалдық және елге пайда әкелуге ұмтылыс.

Осындай аналарымыз туралы неге айтпасқан? Неге олардың өмір жолын мектеп оқушыларына, студенттерге, жас қыздарға үлгі етпеске?

Бәлкім, ұлттық идеологияның ең қарапайым әрі ең әсерлі жолы да осы шығар: өз қоғамымыздағы еңбегімен жетістікке жеткен адамдарды «жұлдыздарға» айналдыру ләзім секілді.

Біз баламызға «бай бол», «танымал бол» деуден бұрын, «елге пайдаңды тигіз», «кәсібіңді жақсы меңгер», «ғылыммен айналыс», «еңбек ет» деген ұғымдарды сіңіруіміз керек шығар.

 Кімдерді дәріптеп, кімдерді мадақтап жүрміз?

Жастар күн сайын жан-жағымыздағы жарнамалық билбордттар мен  қолдағы смартфоннан тек әнші, актер, блогер немесе жарнамалық кейіпкерлерді ғана көріп жүр. Неге сол экрандардың бірінде Қаныш Сәтбаевтың, екіншісінде Бауыржан Момышұлының, үшіншісінде ғылымға жаңалық әкелген қазіргі қазақстандық ғалымның, төртіншісінде қарапайым еңбекпен елге қызмет еткен мұнайшының суреті тұрмасқа?

Неге мектеп оқушысы автобус күтіп тұрып, өзінің ауылынан шыққан ғалымның өмірбаянын оқымасқа?

Неге сауда орталығындағы үлкен экраннан «мына адам — миллионер» дегеннен бұрын, «мына адам — ғылымға өмірін арнап, елге жаңалық әкелген ғалым» деген ақпаратты көрмеске?

Бұл біреуді кемсіту немесе танымал адамдарға қарсы шығу емес. Бұл — қоғамдағы құндылықтар иерархиясы туралы әңгіме.Ұлттық идеология дегенді кейде тым күрделі ұғымға айналдырып жібереміз. Меніңше, оның ең қарапайым өлшемдерінің бірі — баланың санасында кімнің бейнесі қалыптасатындығында.Қытайдағы ғалымдардың портреттерін қоғамдық кеңістіктерге шығару бастамасының бізге берер ойы да осында.

Мүмкін, Қазақстанда да өзіміздің «нағыз жұлдыздарымызды» қайта таныстыратын уақыт келген шығар?

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Үндістанда қант өндірісі келесі маусымда 29 млн тоннаға дейін төмендеуі мүмкін

Үндістанда 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы қыркүйекке дейінгі маусымда 29–31 млн тонна қант өндірілуі мүмкін. Bloomberg сауалнамасына қатысқан сарапшылар, трейдерлер мен сала өкілдері осындай болжам жасап отыр.

АҚШ-тағы инфляция деректері қарсаңында доллар бағамы қымбаттады

Жұма күнгі саудада АҚШ доллары еуроға шаққанда нығайып, фунт стерлингке қатысты айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал иенаға шаққанда арзандады.

Азия-Тынық мұхиты елдерінің қор нарықтары аптаны төмендеумен аяқтады

Жұма күнгі сауда қорытындысында Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі негізгі қор индекстері төмендеді. Нарыққа мұнайдың қымбаттауы мен әлемдік мемлекеттік облигациялар кірістілігінің өсуі қысым түсірді.

Словакия Әзербайжаннан газ сатып алу жөнінде келіссөз жүргізеді

Словакия делегациясы қыркүйекте Әзербайжанға барып, табиғи газ сатып алу мәселесін талқылайды. Бұл туралы Словакияның Бакудегі елшісі Эльчин Гасымов Report агенттігіне берген сұхбатында айтты.