Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) қыркүйек айындағы макроэкономикалық шолуы көпшіліктің назарынан тыс қалды. Ал құжатта энергетика нарығындағы күйзелістердің әлі де жалғасып жатқаны және соның салдарынан әлемдік экономикада елеулі өзгерістер жүріп жатқаны айтылады. Маусым айында біз ЕАДБ-ның 2026–2028 жылдарға арналған болжамына тоқталған едік . Сарапшылардың күмәніне қарамастан, банк Қазақстанда да, жалпы өңірде де экономикалық тұрақтылық сақталып, өсім жалғасады деп болжаған болатын. Содан бері үш ай өтті. Осы аралықта геосаяси ахуал әлі де тұрақталған жоқ. Ендеше ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, осы үш айда экономикалық жағдай қаншалықты өзгерді?
Банктің Талдау жұмыстары дирекциясының басшысы Алексей Кузнецов пен осы дирекцияға қарасты Елдік талдау орталығының жетекшісі Артур Шарафутдинов бастаған сарапшылар тобы соңғы макроэкономикалық шолуда әлемдік экономика әзірге сыртқы қысымға төтеп беріп отырғанын атап өтеді . Соның бір көрсеткіші – іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі (PMI). 2026 жылы шілдеде ол 52,6 тармақты құрады.
СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АХУАЛ
«Наурыз айынан бері Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалы тұрақсыз жүріп жатыр. Тіпті бағыт ішінара жұмыс істеген маусымның ортасы мен шілденің ортасы аралығында тасымалданған шикі мұнай көлемі былтырғыдан бірнеше есе аз болды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Brent маркалы мұнайдың бағасы бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 27%-ға өсіп, барреліне 91 долларға жетті», – дейді сарапшылар. Олар мұны әлемдік нарықтағы белгісіздікті күшейтіп отырған басты сыртқы фактор деп санайды.
Сонымен қатар әлемдік қаржы жүйесіне ұзақ мерзімді құрылымдық өзгерістер де салмақ түсіріп отыр. ЕАДБ сарапшылары шолуда Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) бағалауын келтіреді. Оған сәйкес, 2026–2031 жылдары әлем елдеріндегі мемлекеттік сектор бюджетінің тапшылығы орта есеппен ЖІӨ-нің 5%-ы шамасында сақталмақ.
«Халықтың қартаюы, әсіресе Еуропада қорғанысқа жұмсалатын шығындардың артуы, сондай-ақ климаттық өзгерістерге бейімделу мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялар бюджетке түсетін салмақты күшейтіп отыр», – деп сарапшылар атап өтті.
Тарихқа көз жүгіртсек, пандемияға дейінгі 2015–2019 жылдары әлем елдеріндегі мемлекеттік сектор бюджетінің тапшылығы орта есеппен жаһандық ЖІӨ-нің 3,6–3,7%-ы шамасында болған. Пандемия шарықтау шегіне жеткен 2020 жылы дағдарысқа қарсы ауқымды қолдау шаралары мен экономикалық құлдыраудың әсерінен бұл көрсеткіш бірден 10,3%-ға дейін өсті. 2021–2023 жылдары төтенше қолдау шаралары біртіндеп тоқтатылған соң тапшылық азайғанымен, ЖІӨ-нің 4,8–5,5%-ы аралығындағы жоғары деңгейде қалды.
ХВҚ болжамынша, 2031 жылдың соңына қарай әлем елдерінің жиынтық мемлекеттік қарызы жаһандық ЖІӨ-нің 102%-ына жетеді.
Бұған дейін мемлекеттік қарыздың осындай жоғары деңгейі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тіркелген. 1946 жылы дамыған елдер мен сол кездегі жетекші державалардың жиынтық мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің шамамен 124%-ына жетті. 1948 жылға қарай бұл көрсеткіш 100%-ға дейін төмендеді.
Яғни тарихта мемлекеттік қарыздың мұндай жоғары деңгейге жетуі негізінен дүниежүзілік жойқын соғыстар кезеңінде байқалған. Ал қазір жағдай басқаша. Мемлекеттік қарыздың өсуіне халықтың қартаюы, жасыл экономикаға көшуге жұмсалатын шығындар, бюджет тапшылығының жоғары болуы және қарызға қызмет көрсету құнының қымбаттауы әсер етіп отыр.
ШИКІЗАТТЫҚ ЕМЕС СЕКТОРДАҒЫ БЕТБҰРЫС
Осындай жағдайда Қазақстан экономикасы айтарлықтай орнықтылық танытып отыр. ЖІӨ өскен сайын елдің қаржылық тұрақтылығын сипаттайтын көрсеткіштер де жақсарып келеді.
ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, мұнай өндірудегі елеулі төмендеудің әсерін шикізаттан тыс салалардың қарқынды дамуы өтеп отыр. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында мұнай өндіру 8,9%-ға азайып, 53,2 млн тоннаны құрады.
Осыған байланысты ҚР Энергетика министрлігі биылғы мұнай өндірісінің болжамын 98 млн тоннаға дейін қайта қарады. Өндірістегі 2 млн тоннаға жуық шығынның орнын толтыру үшін Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстары 2027 жылға ауыстырылды.
Шикізаттан тыс сектор 5,4%-ға өсті. Негізгі өсім мына салаларда байқалды:
- Құрылыс – 15,3%. Атқарылған жұмыстардың төрттен бірі ірі инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі;
- Өңдеу өнеркәсібі – 9%;
- Көлік және қоймалау – 7,4%;
- Сауда – 5,9%.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де ұлғайып, 11,5 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 6,2%-ына жетті. Бұл ретте қаржының қай салаларға бағытталып жатқаны назар аудартады. Тау-кен өнеркәсібіне салынған инвестиция 3,3%-ға азайса, өңдеу өнеркәсібінде 36,1%-ға артқан. Электрмен жабдықтау саласына құйылған инвестиция бір жылда 57,7%-ға, ал байланыс саласында 71,8%-ға көбейді.
Кәсіпкерлер банктерден несие тартуды да белсенді пайдаланып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның 643,7 млрд теңгесі банк несиесі есебінен қаржыландырылған. Бұл жалпы инвестиция көлемінің 5,6%-ына тең. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,5% болған.
АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ БАҒЫТЫ
Қазақстанда жылдық инфляция он бірінші ай қатарынан баяулап келеді. 2025 жылғы қыркүйекте 12,9%-ға дейін жеткен көрсеткіш 2026 жылғы тамызда 9,8%-ға түсті.
Халықтың алдағы 12 айға қатысты инфляциялық болжамы да біртіндеп төмендеп келеді. Маусымда бұл көрсеткіш 13,4% болса, шілдеде 12,1%-ға дейін азайды. Бұл – кейінгі төрт жылдағы ең төменгі деңгей. Дегенмен 12,1% әлі де жоғары көрсеткіш саналады.
ЕАДБ сарапшылары макроэкономикалық шолуда жыл басынан бері теңгенің 8,5%-ға нығаюы сырттан келетін тауарлар бағасының өсуін тежеуге ықпал еткенін атап өтті. Теңге бағамының тұрақтылығына 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда балансының 8,9 млрд доллар көлеміндегі оң сальдосы, сондай-ақ Ұлттық қор мен квазимемлекеттік сектордың жоспарлы валюта сатылымы әсер етті.
Осындай жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетіп, қыркүйекте 16,25% деңгейіне жеткізді.
«Нақты жылдық инфляция негізінде есептелген нақты мөлшерлеме шамамен 6%-ды құрайды. Қазіргі ақша-кредит саясаты сұраныс пен бағаның өсуін тежеуді жалғастырып отыр. Инфляция тұрақты түрде баяулаған жағдайда 2026 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеме шамамен 16% болады деп болжап отырмыз», – делінген ЕАДБ шолуында.
ЕАДБ сарапшыларының болжамынша, 2026 жылдың соңында жылдық инфляция 9,7% деңгейінде болады.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КРЕДИТТІК РЕЙТИНГІ НЫҒАЙДЫ
S&P рейтинг агенттігінің 2026 жылы 21 тамызда Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB»-ге көтеріп, болжамды «тұрақты» деп белгілеуі жаз соңындағы елеулі экономикалық жаңалықтардың бірі болды. Бұған дейін Moody’s 2024 жылы Қазақстанға «Baa1» рейтингін берген . Ал 2026 жылы маусымда Fitch Қазақстанның «BBB» деңгейіндегі рейтингін растаған және болжамды «тұрақты» деп сақтаған .
ЕАДБ шолуындағы арнайы талдау бөлімінде сарапшылар Қазақстанның «А» санатына біртіндеп жақындап келе жатқанын атап өтеді. Бұл ретте елдің дамушы нарықтардағы көптеген мемлекетпен салыстырғанда бірқатар басымдығы бар.
Біріншіден, мемлекеттік қарыз деңгейі төмен. 2023–2025 жылдары Қазақстанның мемлекеттік қарызы орта есеппен ЖІӨ-нің 24%-ын құрады. Ал «А» санатындағы Малайзия, Хорватия, Чили және Польшада бұл көрсеткіш орта есеппен 55,9% болған. ХВҚ есебіне сәйкес, 2031 жылға қарай Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 32%-ына жетуі мүмкін. Соның өзінде бұл дамыған елдердегі болжамды деңгейден (115%) 3,6 есе, дамушы мемлекеттердегі көрсеткіштен (86%) 2,7 есе төмен болады.
Екіншіден, бюджет тапшылығы салыстырмалы түрде төмен. 2026–2031 жылдары Қазақстан бюджетінің тапшылығы орта есеппен ЖІӨ-нің 1,8%-ы деңгейінде болады деп болжанып отыр. Бұл дамушы экономикалардағы орташа көрсеткіштен (5,5%) 3,1 есе төмен.
Үшіншіден, Қазақстанның қаржылық қоры жеткілікті. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Ұлттық банктің халықаралық резервтері 63,3 млрд долларға, ал Ұлттық қордың валюталық активтері 66 млрд долларға жетті.
Төртіншіден, Қазақстанның «А» рейтингтік санатына өтуі институционалдық реформалардың нәтижесіне және экономиканы әртараптандыру қарқынына байланысты. Сарапшылар дәл осы екі бағыттағы ілгерілеуді рейтингті одан әрі көтерудің негізгі шарты деп бағалайды.
Қорытындылай келе, ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, 2026 жылдың күзіне қарай Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау мен ақша-кредит саясатының тиімділігін аңғартып отыр. Мұнай өндіру көлемі азайғанымен, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен көлік саласындағы өсім экономиканың жалпы қарқынын сақтап қалды. Соның нәтижесінде экономикалық өсім 4%-дан жоғары деңгейде қалып, инфляциялық қысым бәсеңдеді.




