«Біз уәделеріміз үшін жауап береміз. Бағдарламамыздың әрбір тармағының орындалуы туралы тұрақты әрі ашық есеп беруге міндеттенеміз. Әрбір азаматқа партияның берген уәделерінің орындалу барысын смартфон арқылы нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береміз».
«ӘДІЛЕТ» партиясының алдағы бес жылда атқаруды жоспарлаған міндеттерінің тізімі «111+» деп нөмірленген осындай уәдемен аяқталады. Бірінші тармақта «еңбек еткісі келетіндердің барлығын жұмыспен қамтамасыз етеміз…», екіншісінде «азық-түлік қауіпсіздігін нығайтамыз…», үшіншісінде «1 млн ауыл тұрғынының табысын арттырамыз…», төртіншісінде «тұрғын үй жағдайын жақсартамыз…» делінген. Одан әрі «үлесін арттырамыз…», «жағдай жасаймыз…» деген міндеттемелер жалғасып, осылайша 111 тармақты қамтиды.
«Еуразия24» редакциялық бағанында бұған дейін «ӘДІЛЕТ» партиясының сайлауалды бағдарламасына Жаңа Қазақстанның жетекші әрі бағыт-бағдар беруші күші ретінде баға берілген болатын. Сол кезде бір маңызды жайтқа да назар аударылды: Құрылтай атқарушы билік өкілеттігіне ие емес, оның негізгі міндеті – заң қабылдау. Оның үстіне, заң жобаларын, әдетте, Құрылтайдың өзі әзірлемейді, оларды Үкімет ұсынады.
Осы тұрғыдан алғанда, парламент өкілеттігінің шектеулі болуы сайлауалды бағдарламада қабылданған барлығын жақсарту, күшейту және қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелермен үйлесе бермейтіндей көрінеді.
Алайда осындай сайлауалды бағдарлама қабылданғаннан кейін «ӘДІЛЕТ» партиясының алдында оны жүзеге асырудың күрделі міндеті тұр. Сайлауалды бағдарламасындағы 111 уәденің әрқайсысы бойынша жеке заң жобасын әзірлеу аса шынайы мүмкіндік емес екені түсінікті. Оның үстіне, Конституцияның 60-бабында «мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін» деп көрсетілген.
Демек, сайлауалды міндеттемелерді жүзеге асыру үшін Үкіметпен ынтымақтастық орнатудың жолдарын іздеуге тура келеді. Сонда әрбір сайлаушы «өз смартфоны арқылы…» – әрі қарай мәтін бойынша – партия уәделерінің қалай орындалып жатқанын бақылай алады.
Сонымен, сайлау науқанының өзінде «ӘДІЛЕТ» партиясының барлық сайлауалды уәдесін жүзеге асыруға болатынына өзін де, оқырмандарын да иландырған «Еуразия24» редакциясы енді Құрылтай жасақталып, ондағы «ӘДІЛЕТ» фракциясы кез келген бастаманы жүзеге асыруға жеткілікті абсолютті көпшілікке ие болған тұста, партия уәделерінің орындалуын «нақты уақыт режимінде бақылауға» мүмкіндік алып отыр.
Алайда парламенттік билік тармағының атқарушы биліктің іс-қимылына ықпал етуі тұрғысынан ең басынан бір түйткіл туындайды: енді біздегі Үкімет… партиясыз.
Мәселенің мәнісі мынада. Бұрын әкімдер мен Үкімет мүшелерінің барлығы болмаса да, басым көпшілігі, ал негізгі лауазым иелері түгелдей дерлік билеуші партияның мүшесі болды. Ол партия әр кезеңде «Отан», «Нұр Отан», «Аманат» деп аталды. Тиісінше, бұрынғы Конституцияның 44-бабына сәйкес Үкіметті жасақтауға билеуші партия да қатысып, жауапты қызметтерге өз мүшелерінің кандидатураларын ұсынатын.
Мәселен, 2023 жылы Мәжілістің кезектен тыс сайлауынан кейін жаңа Үкімет жасақталған кезде Премьер-министр қызметіне қайта тағайындалған Әлихан Смайыловтың кандидатурасын «Amanat» партиясы ұсынды. Сол сияқты Әлихан Смайыловтың орнына Олжас Бектенов Премьер-министр болып тағайындалған кезде де оның кандидатурасын Мәжіліс төрағасы әрі билеуші «Amanat» партиясының жетекшісі Ерлан Қошанов ұсынды.
Осыдан екі жыл бұрын жарияланған мына ақпарат сол кездегі парламенттегі билеуші партия мен оның мүшелері – Үкімет басшылары арасындағы тығыз байланысты айқын көрсетеді: «Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Олжас Бектенов депутаттарға Президент жолдаулары мен «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты 2023–2029 жылдарға арналған Президенттің сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы туралы ақпарат берді».
Енді Құрылтайға көшу кезеңінде Үкіметтің қалай жасақталғанын салыстырып көрейік. Алдымен жаңа Конституцияда тиісті баптың нөмірі 46 болып өзгергенімен , рәсімнің өзі ұқсас екенін атап өткен жөн: Президент Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін Премьер-министрдің кандидатурасын келісім алу үшін Құрылтайдың қарауына енгізеді. Сондай-ақ Құрылтаймен консультациялардан кейін Премьер-министр енгізген ұсыну бойынша Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды.
Иә, консультация өткізілді: «Фракция жетекшілеріне сөз арнаған Президент Қазақстанның жаңа Конституциясының 46-бабына сәйкес Олжас Бектеновтің Премьер-министр лауазымына кандидатурасы бойынша олармен консультациялар өткізуге тиіс екенін айтты. Талқылауға «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілі Қайрат Айтуғанов, Respublica партиясынан Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дания Еспаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Асхат Рахымжанов қатысты».
Әрине, олардың барлығы Мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны қолдады.
Одан кейін Конституцияда көзделген келесі консультациялар барысында, яғни Премьер-министр ұсынған Үкімет мүшелерінің кандидатураларын Құрылтайдың бейінді комитеттерінде келісу кезінде де партиялық фракциялар тарапынан балама бастамалар болғаны байқалмады. Оның себебі де түсінікті: Премьер-министрдің, вице-премьерлер мен министрлердің партиялық тиесілігі туралы мәлімет іздесек, олардың бұрынғы билеуші партияға мүше болғанын оңай анықтаймыз. Алайда жаңа Құрылтай құрамына енген партиялардың ешқайсысына мүшелігі туралы мәлімет кездеспейді.
Бұл жерде бір жайтты түсіндіре кеткен жөн.
«Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы саяси шешім заңдық тұрғыдан оның таратылуын білдірді. Бұл ретте партия мүшелігінің автоматты түрде ауысуы заңнамада қарастырылмаған – әркім өзінің партиялық тиесілігін жеке айқындауы тиіс. Әзірге Үкіметтің қазіргі мүшелері немесе әкімдердің арасында жаңа билеуші партияға мүшелігін жария түрде мәлімдегендер туралы ақпарат кездеспеді.
Демек, сайлаушылар алдында алған міндеттемелерін толық орындау үшін «Әділет» партиясының атқарар жұмысы аз емес!




