Астана. 25 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумының қорытындысы бойынша 10 құжатқа қол қойылды, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Жұма күні Мемлекет басшысының қатысуымен қол қойылған құжаттармен алмасу рәсімі өтті.
Олардың қатарында Абай облысының әкімдігі мен Xinjiang Sanbao Industrial Group Co., Ltd. және Inner Mongolia Wanjiang Investment Co., Ltd. компанияларының консорциумы арасында облыста электролиттік алюминий өндіретін зауыт пен оған қажетті жел электр станциясын салу туралы келісім бар.
Сондай-ақ Абай облысының әкімдігі осы компаниялар консорциумымен Семей қаласында ағаш жаңқасынан тақта өндіретін зауыт салу туралы келісімге қол қойды. Ал «Самұрық-Энерго» АҚ, China Energy Overseas Investment Co., Ltd. және SANY Renewable Energy Co., Ltd. арасында жобаны бірлесіп әзірлеу жөніндегі келісім жасалды.
Бұдан бөлек, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Silk Road Finance Corporation Қазақстандағы келешегі зор жобаларды қаржыландыруға бағытталған мамандандырылған инвестициялық қорды «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) базасында құрудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды.
Ақмола облысының әкімдігі мен SUNGROW Renewable Development Co., Ltd. облыс аумағында жалпы қуаты 450 МВт болатын жел электр станцияларын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «East Motors Corporation» ЖШС жеңіл және арнайы автокөліктер шығаратын жоғары технологиялық автомобиль өндірісі кешенін құру жобасын жүзеге асыру жөніндегі ниет туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар Түркістан облысының әкімдігі мен «Тұран химиялық компаниясы» ЖШС арасында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Алматы қаласының әкімдігі мен Guotai Junan Securities (Hong Kong) Limited Гонконг қор биржасында (HKEX) dim sum форматындағы облигацияларды шығаруды ұйымдастыру және сүйемелдеу жөніндегі ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды.
Алматы қаласының әкімдігі, Everest Development және SunnyWorld Group арасында халықаралық бренд қонақүйі мен бизнес-орталығы бар көпфункционалды кешен салу жобасын жүзеге асыру туралы келісім жасалды.
Сондай-ақ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен China Construction Bank Corporation Astana Branch Даму банкінің қызметін, соның ішінде экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналған қаржы бөлудің алдын ала шарттарын бекіту туралы келісімге қол қойды.




