Евразия24Не болдыКаспийдегі қайғылы оқиға: бес адам ұсталды, тергеу жалғасып жатыр

Каспийдегі қайғылы оқиға: бес адам ұсталды, тергеу жалғасып жатыр

|

|

Қазақстан 24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізіне алып кеткен әскери қызметшілерді іздеу жұмыстарын ресми түрде аяқтады. 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі аман қалды. Бұл – оқу-жаттығуды дауыл тұрған күні өткізу туралы шешім қабылдаған әскери басшылықтың қателігінен бе, әлде салғырттығынан ба – оны тергеу анықтайды. Қалай болғанда да, қайғылы жағдайдың салдары аса ауыр. Оның үстіне «Қазгидромет» Маңғыстау облысында жел күшейіп, екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететінін алдын ала ескерткен.

Әзірге бұған қатысты нақты тұжырым жасауға болмайды. Тергеу Қылмыстық кодекстің екі бабы – 453-баптың 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бап («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша жүріп жатыр.

25 қыркүйекте осы іс бойынша алғашқы күдіктілер ұсталды.

ҚазТАГ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлағандай, қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзу деректері бойынша Қазақстан Қарулы күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталған. «Ұсталғандардың арасында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасы мен катер командирлері бар. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ІІМ мәліметінде.

Кейін тергеу органдары ұсталуы мүмкін өзге де тұлғаларды анықтап жатқаны туралы ақпарат тарады.

Ал мемлекеттік органдар сарбаздар қаза тапқан күні нақты не болғанын әзірге ресми түрде жариялаған жоқ. Осы аралықта БАҚ-та қайғылы оқиғаның себептеріне қатысты бейресми нұсқа тарай бастады.

CentralMedia24 басылымының жазуынша, блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында әскери-теңіз базасының кезекшісіне сілтеме жасап, 29011 және 21814 әскери бөлімдерінің қызметшілері «Қайсар» кемесінен тереңдігі шамамен бір метр болатын жерге түсіп, жағаға шығу жаттығуын орындағанын жазған.

Бейресми мәлімет бойынша, әскери қызметшілер кемеден толық әскери киіммен және ауыр жабдықтарымен түсіп, жағаға қарай бет алған. Ауа райы нашарлаған кезде топ тереңдігі шамамен екі метр болатын тұсқа тап болып, судан шыға алмай қалған.

Жақын күндері әскери борышын өтеп, үйлеріне аман оралуға тиіс болған жас сарбаздардың қазасы бүкіл елді қайғыға батырды. Оқиғаның қоғамда үлкен резонанс тудырғанын ескерсек, осындай ауыр салдарға әкелген шешімдерді қабылдаған адамдардың жауапкершілігі әділ анықталады деп үміттенеміз.

Қаза болған әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтамыз…

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Газ өңдеу зауыттарын іске қосу тағы кейінге қалды

Үкімет газ саласын дамытудың кешенді жоспарындағы бірқатар мерзімді қайта қараған. Halyk Research-тің «Қазақстанның газ секторының 2024–2025 жылдардағы дамуына шолу» атты жаңа есебіне сәйкес, негізгі газ өңдеу зауыттарын іске қосу мерзімі тағы да кейінге шегерілді.

Алматыда су қымбаттамақ

Алматы Су» мәліметінше, 1 қазаннан бастап Алматыда тұрғындар, бизнес және мемлекеттік ұйымдар үшін су тарифтері өзгереді. Тұрғындар үшін бір текше метр судың бағасы 178,06 теңге, ал кәріз қызметі 119,46 теңге болады. Қосылған құн салығын есептегенде жалпы төлем бір текше метрге 297,52 теңгені құрайды. Бизнес үшін бір текше метр судың тарифі 362,18 теңге, кәріз қызметі 264,75 теңге болады.

Швейцарияда елдің бейтараптығына қатысты референдум өтеді

Швейцарияда жексенбі күні елдің халықаралық аренадағы бейтараптық қағидатын қатаңдату мәселесі бойынша референдум өтеді.

Си Цзиньпин Түрікменстанмен мемлекетаралық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін мәлімдеді

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовті ел тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтап, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін білдірді.