Астана. 1 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан мен Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны және көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бейсенбі күні Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь премьер-министрі Александр Турчин Минскіде екіжақты ынтымақтастықтың нақты мәселелерін талқылады.
«Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға, соның ішінде теміржол машинасын жасау саласында жеткізілетін өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік бар. Қазақстан Үкіметі Қазақстан мен Беларусь арасындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жандандырып, тереңдетуге ниетті», – деді Бектенов.
2025 жылдың қорытындысында екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен $1,2 млрд, ал 2026 жылдың жеті айында $723 млн болды. Қазақстан тарапының мәліметінше, тауар айналымы 2025 жылы 27,7%-ға, 2026 жылғы қаңтар-шілдеде 20%-ға өскен.
Өнеркәсіптік кооперация аясында Қазақстанда жалпы құны $200 млн-нан асатын 13 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Елде «Беларус» тракторлары, «Гомсельмаш» комбайндары, автомобильдер және басқа да техника өндірісі жолға қойылған. Қазақстан Беларусь кәсіпорындарының өндірісін ел аумағында одан әрі кеңейтуге мүдделі.
Қазақстан Беларуське күнбағыс, мақсары және рапс майларын, дайын азық-түлік өнімдерін, көлік құралдарын, металдарды, химия және мұнай-химия өнеркәсібінің өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, машина жасау және теміржол техникасын жеткізу көлемін арттыруды да жоспарлап отыр.
2026 жылдың жеті айында екі ел арасындағы теміржол тасымалы 18,7%-ға өсіп, 4,8 млн тоннаға жетті. Тараптар логистикалық бағыттарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар Қазақстанның цифрлық шешімдерін экспорттау, туризм, мәдениет және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Беларусь өңірлері арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.




