Астана. 3 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Ұлттық күніне орай Президент Ли Чжэ Мёнға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті бұл айтулы күн корей халқының бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық бірлігі мен ынтымағын білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
«Жуырдағы Сеулге сапарым барысында біз екіжақты қарым-қатынастарымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтердік. Бұл шешім халықтарымыздың игілігі үшін достық пен берік әріптестікке негізделген қазақ-корей өзара іс-қимылын одан әрі тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Тоқаев Ли Чжэ Мёнға жауапты қызметінде табыс, ал достас корей халқына өркендеу мен бақ-береке тіледі.




