Бүгінде республика бойынша Жамбыл облысы мен Тараз қаласы көлік жүргізушілерінің жаяу жүргіншілерді елемейтіндігіне қатысты азаматтар тарапынан шағымдар жиі айтылып жүргені жасырын емес. Енді бұл бассыздыққа шектеу қойылмақ! Өйткені Жамбыл облысының кей өңірлері мен Тараз қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды цифровизациялық қадам жасалды: өңірдегі Sergek аппараттық-бағдарламалық кешендері жаяу жүргіншіге жол бермеу деректерін автоматты түрде тіркеу функциясын іске қосты.
Бұл функция несімен құнды?
Ішкі істер органдары мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, өңірдегі жол-көлік оқиғаларының құрылымында жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары ең қауіпті әрі жиі кездесетін жол көлік оқиғалары қатарында. Бұған негізгі себеп, жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелінде жылдамдықты бәсеңдетпеуі, «Заң мен тәртіп» қағидатының сақталмауы және жауапкершіліктің төмендігі ЖКО өсіміне тікелей әсер етеді.Ал жаңа алгоритм бірінші кезеңде қала мен облыстағы 16 жол учаскесінде іске қосылды. Бұл учаскелер көлік ағыны жоғары, мектептер, балабақшалар мен әлеуметтік нысандар орналасқан қауіпті аймақтарды қамтиды.
Технология қалай жұмыс істейді?
Бұған дейін Sergek жүйесі жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салған сигналына өту, тоқтау сызығы мен тұтас сызықты кесіп өту сияқты бұзушылықтарды анықтағанын баршамызға мәлім. Енді аталған жүйеге компьютерлік көру (Computer Vision) технологиясы енгізілді. Осының арқасында құрылғы нақты уақыт режимінде жүйе көлік пен жаяу жүргіншінің траекториясын бір мезетте бақылай алады. Егер жүргізуші жаяу жүргіншінің өткелден қауіпсіз өтуіне кедергі келтірсе немесе жол бермесе, жүйе бұл әрекетті құқық бұзушылық ретінде автоматты түрде тіркейді.
«Бұл функцисы – цифрлық технологиялардың адам өмірін сақтауға бағытталған нақты пайдасының көрінісі. Бұл жердегі негізгі мақсат — айыппұл салу емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол мәдениетін қалыптастыру», — деп атап өтті құқық қорғау органдары мен Sergek Group өкілдері.
Айта кетейік, Жамбыл облысындағы 2050 бейнебақылау камерасы мен 144 аппараттық-бағдарламалық кешен бұл процесті тәулік бойы (24/7) бақылауда ұстайды.

Күтілетін нәтиже
Цифрлық бақылауды енгізу өңірдегі жол қауіпсіздігі көрсеткіштеріне оң әсер етуі тиіс:
- Нөлдік төзімділік:Жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда жауапкершілігі артады.
- ЖКО төмендеуі:Құқықтық статистика порталының деректерімен салыстырғанда, мұндай интеллектуалды жүйелер енгізілген аймақтарда жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары орташа есеппен 20-30%-ға азаятыны халықаралық және отандық тәжірибеден белгілі.
Интеллектуалды жүйелердің кеңеюі Жамбыл облысындағы жол қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеріп, «Заң мен тәртіп» қағидатын әрбір жол учаскесінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Айыппұлдар түсімі
Жүйенің негізгі экономикалық көрсеткіштерінің бірі — ереже бұзушылықтардан өндірілетін айыппұлдардың жергілікті бюджетке түсуі: Жүйе іске қосылған 5 жылдан астам уақыт ішінде «Сергек» камералары арқылы өндірілген айыппұлдардан Алматы қаласының бюджетіне 94 миллиард теңгеден астам қаражат түсті. Ал елорда бюджетіне түскен айыппұлдардың жалпы суммасы 48 миллиард теңгеге жетті. Тек бір жылдың өзінде Астанада 9,7 млрд теңге айыппұл салынып, оның 6,9 млрд теңгесі тікелей бюджетке өндірілген. Қаржылық түсімдерден бөлек, жобаның әлеуметтік-экономикалық жанама тиімділігі де өте жоғары:
- Денсаулық сақтау мен сақтандыру шығындарын азайту:ЖКО санының 40-50%-ға азаюы және адам өлімінің қысқаруы сақтандыру компанияларының, жедел жәрдем, ауруханалар мен реабилитациялық орталықтардың ресурстарын миллиондаған теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берді.
- Инфрақұрылымдық шығындар:Апаттардың азаюы жол белгілерінің, қоршаулардың, бағдаршамдар мен қоғамдық мүліктің бүлінуін және оларды жөндеуге кететін қала бюджетінің шығындарын төмендетті.
- Тәртіп монетизациясы:Жүйе іске қосылған алғашқы айларда айыппұлдар көлемі шарықтау шегіне жеткенімен, кейіннен жүргізушілердің тәртібі артқан сайын заң бұзушылықтар азаяды. Бұл басты мақсат — айыппұл жинау емес, профилактика екенін білдіреді.
Цифрлық бақылау жүйелері тәртіп бұзушылықты анықтап қана қоймай, жүргізушілердің жолдағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Себебі ең тиімді нәтиже — айыппұлдың көп жиналуы емес, заң бұзушылықтың азаюы.
Технология бақылауы мүмкін, камера тіркей алады, ал түпкілікті шешім әр адамның өз қолында. Жол ережесін сақтау — мәжбүрлі міндет емес, ортақ мәдениетке айналуы тиіс.
Тәртіпке бағынған — құл болмайды. Керісінше, тәртіпке бағынған қоғамда адам өмірі мен қауіпсіздігіне деген құрмет артады. Сондықтан жолдағы әрбір жүргізуші «мені камера көріп тұр ма?» деп емес, «менің әрекетім біреудің өміріне қауіп төндірмей ме?» деп ойлағаны маңызды.




