ҚазТАГ хабарлайды: «Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар бойынша белгіленген бір жылдық талап қою мерзіміне қатысты нормаға дау айтылды. Бұл туралы Конституциялық сот хабарлады. «Конституциялық сот Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңының 38-бабы 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады. Бұл норма бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар үшін бір жылдық талап қою мерзімін белгілейді. Өтінішке азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп санаған жарияланымға қатысты дау негіз болған. Алайда соттар аталған материал «Масс-медиа туралы» заң күшіне енгенге дейін жарияланғанын ескеріп, талапты қанағаттандырудан бас тартқан», – деп хабарлады Конституциялық сот. Соттың түсіндіруінше, өтініш иесі заңда белгіленген бір жылдық мерзім өзінің сот арқылы қорғалу құқығын шектейді деп есептеген. Себебі ол жарияланым туралы заң күшіне енгеннен кейін ғана білген, ал бас бостандығынан айыру орындарында болған кезде интернетке қол жеткізе алмаған. «Сот мерзімді материал жарияланған күннен бастап есептеу азамат пен бұқаралық ақпарат құралы арасындағы құқықтық қатынастарда айқындықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Ал мерзімді адамның жарияланым туралы нақты білген сәтінен ғана есептеу, керісінше, БАҚ-қа талап қоюға болатын кезеңнің қанша уақытқа созылатынына қатысты белгісіздік туғызуы мүмкін», – деп Конституциялық сотта түсіндірді».
Еуразия24 пікірі:
Бұл іс расында да назар аударарлық. Өтініш иесі өзінің ар-намысына нұқсан келтірді деп санаған жарияланымға байланысты сот арқылы қорғану құқығын азаматтық соттарда жүзеге асыруға тырысқан. Алайда соттар оның сол кезеңде оқшауда болғанын және өз құқығын қорғау үшін қандай да бір әрекет жасауға мүмкіндігі болмағанын ескермеген.
Соған қарамастан, нақты бір істің ерекшелігін негізге алып, бүкіл ел бойынша БАҚ-қа қатысты талаптарға қолданылатын бір жылдық мерзімнің Конституцияға сәйкестігіне күмән келтіру – жекелеген жағдайды жалпы норма деңгейіне шығару деген сөз.
«Масс-медиа туралы» заңда ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауға қатысты істер бойынша талап қою мерзімі нақты бір жыл деп белгіленгенге дейін Қазақстанда журналистермен жарияланым шыққаннан кейін тіпті 30 жыл өтсе де соттасуға болатын. Азаматтық даулардың барлығына ортақ үш жылдық талап қою мерзімі қолданылғанына қарамастан, мұндай жағдайлар іс жүзінде кездескен.
Мәселен, Асылбек Баетов 2025 жылы Tengrinews басылымын 2014 жылы 12 маусымда жарияланған материал үшін сотқа берген. Алайда сот «Масс-медиа туралы» жаңа заңдағы бір жылдық талап қою мерзімін қолданып, талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Бастапқыда Үкімет БАҚ-пен байланысты сот дауларына азаматтық істерге ортақ үш жылдық талап қою мерзімін енгізуді ұсынған. Алайда журналистік қауымдастық бұл мерзімді бір жылға дейін қысқартуға қол жеткізді.




