Вашингтон. 13 қазан. ИНТЕРФАКС – АҚШ пен Еуропа Украинадағы қақтығысты реттеу жоспарын әзірлеп жатыр. Онда Ресей, Украина және Еуропа арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты жолға қою, сондай-ақ тараптардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді шешу қарастырылған. Бұл туралы The Washington Post (WP) басылымы дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.
Басылымның жазуынша, АҚШ пен Еуропа Украина мен Ресейдің қаржылық және қауіпсіздік салаларындағы мүдделерін ескеретін бейбіт келісім жобасын әзірлеуде. Бұл құжат аумақтық дауды реттеуге негіз болуға тиіс. Америкалық шенеуніктің айтуынша, ұсыныстар топтамасы төрт негізгі бағытты қамтиды.
«Соның бірі – энергетикалық келісім арқылы Ресей, Украина және Еуропа арасындағы экономикалық байланыстарды қалпына келтіру. Атап айтқанда, Ресей мұнайы мен газын Еуропаға жеткізетін құбыр салу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл жағдайда Украина мен Ресей түскен пайданы өзара бөліседі. Америкалық шенеуніктің пікірінше, мұндай құбыр Еуропаның энергетикаға жұмсайтын шығынын едәуір азайтуы мүмкін. Сонымен қатар бейбіт келісім Ресейдің Еуропа энергетика нарығына ұзақ мерзімді қол жеткізуіне жол ашып, экономикалық санкциялардың қашан және қандай тәртіппен алынатынын айқындайды», – деп жазады басылым.
Жоспарға сәйкес, Украина АҚШ пен Еуропадан НАТО жарғысының 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін алуға тиіс. Ал Ресей Еуропамен қауіпсіздік саласындағы өз алаңдаушылықтарына қатысты келіссөз жүргізеді. Алайда бұл келіссөздердің нақты шарттары әзірге белгісіз.
Ұсыныстың тағы бір тармағында әскери қимылдарды қазіргі майдан шебінде тоқтату көзделген.
Бұдан бөлек, бастама аясында Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіру мәселесі қамтылған. Бұл жұмыстың қаржылық негізін Дүниежүзілік банк пен BlackRock консорциумы қалыптастыруға тиіс. Келіссөзге қатысушылар Киевтен елді қалпына келтіруге қажетті қаражаттың нақты көлемін көрсетуді және бөлінген қаржының мақсатты жұмсалатынына кепілдік беруді сұраған.
The Washington Post мәліметінше, Еуропа елдері АҚШ пен Ресейдің дизель отынына қатысты келісіміне көңілі толмағанымен, дипломатиялық келіссөздерді жалғастыруға ниетті. Бұл үдерісті АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер үйлестіріп отыр.
«Қалыптасқан шиеленісті бәсеңдетіп, қайтадан іске кірісетін уақыт жетті», – деді басылымға пікір білдірген еуропалық дипломаттардың бірі.




