Астана. 19 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады. Бұл туралы дүйсенбі күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуда өңіраралық байланыстардың маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ленинград облысының өнеркәсіптік және көлік-логистикалық әлеуеті жоғары екенін айтып, Қазақстанның аталған өңірмен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, Ленинград облысымен сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 400 млн доллардан асты.
Өз кезегінде Александр Дрозденко Ресей Президенті Владимир Путиннің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.
Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинградты қорғауға қатысқан қазақстандықтардың ерлігі мен батырлығына ерекше тоқталды. Ол өңірде олардың ерлігі туралы естелік қастерленіп, ұрпақ жадында сақталып келе жатқанын атап өтті.
Кездесуде тараптар өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралды.




